«TARAZ FILM SCHOOL» – жастармен бірге!

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Біз біргеміз!» акциясы аясында «77 TV» облыстық телеарнасы киноиндустрия саласындағы жергілікті өндіруші «Taraz film school» мен Жамбыл облысының шығармашыл жастарын қолдайды!» тақырыбында онлайн баспасөз конференциясы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Конференцияға облыстық «77 TV» коммерциялық телеарнасы директорының міндетін атқарушы Мира Бекбергенова, «TARAZ FILM SCHOOL» киномектебінің ұйымдастырушысы Дәурен Қамшыбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Облыстық кино орталығы» КММ редакторы Досымбек Әлиев қатысты.

«Біз біргеміз!» акциясы аясында «77 TV» облыстық телеарнасы әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпорын ретінде адамзат баласының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отырған коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде өз үлесін қосу үшін «77 TV» телеарнасынан эфирлік көрсетілімді ақысыз негізде жүргізетін болды.

Сондай-ақ киноиндустрия саласындағы отандық өндірушілердің өз өнімдерін, отандық музыкалық және би орындаушылар мен топтардың қатысуымен болған роликтер мен бейнебаяндарды, Жамбыл облысының шығармашыл жастарының танымдық, ойын-сауықтық және еріктілердің телевизиялық бағдарламалары, әртүрлі акциялар, челлендждер, бейнематериалдар мен арнайы хабарлар, білім беру мекемелерінің бейнесабақтары мен бейнедәрістері көрсетіледі.

Облыстық «77 TV» телеарнасының «Біз біргеміз!» акциясына қатысу уақыты 2020 жылдың 1 сәуір мен 1 шілде аралығын қамтымақ. «77 TV» телеарнасының қолдау көрсету туралы бастамасымен жергілікті кино өндіруші «Taraz film school»-мен бірлесіп үш жақты әріптестік негізінде өз жұмысын бастап отыр. Қазақстандық кинематография авторлық кино есебінен соңғы кездері әлемдік кино нарықта үлкен серпіліс жасады. Оның бірден-бір дәлелі – түрлі халықаралық кинофестивальдерде қол жеткізген марапаттар. Ал «Taraz film school» – ақысыз негізде толық метражды туындыларда жұмыс істей алатын жас кадрлерді даярлаумен айналысатын Қазақстандағы бірінші әрі ең алғашқы киномектеп.

– Біздің киномектептің еңбек еткеніне үш жылдың жүзі болды. Бұл мектепте дарынды балаларды тегін оқытып, өнерге баулуға атсалысамыз. Киномектептің мақсаты – қоғамда болып жатқан түрлі өзекті мәселелер тақырыбында деректі фильм түсіре алатын жаңа жас буынды тәрбиелеу. Бұл – киноиндустрияны дамытудың бірден-бір жолы. Басты мақсаты – қазақ киносын жаңа халықаралық деңгейге шығару, – деді өз сөзінде «TARAZ FILM SCHOOL» киномектебінің ұйымдастырушысы Дәурен Қамшыбаев.

Киномектептің негізгі міндеттері медиақызмет нарығында жұмыс істеп жатқан жас телеарна «77 TV»-ның корпоративтік мақсаттарымен түйіседі. Осы жылдар аралығында телеарна кәсіби әрі білікті ұжымның тынымсыз еңбегінің арқасында өзінің тұрақты көрермендерін тапты. Атап айтсақ, «77 TV» арнасының қызметкерлері Қазақстанда төтенше жағдай жарияланса да, өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, коронавирустың алдын алу мен таралуына байланысты маңызды ақпараттарды күнделікті жаңалықтар арқылы жеткізіп, түрлі сауалнамалар мен акциялар өткізу арқылы қолдау көрсетуде. Телеарна өзінің ақпараттық агенттігі мен «77 news» сайты арқылы халықты жедел ақпараттандырып отыр. Сондай-ақ цифрландыру аясында «77 TV» телеарнасын BeeTV арқылы онлайн режимде бүкіл Қазақстан көре алады. «Жаңалықтардан» бөлек, арнаның қоржынында «Өзекті», «Туған жер», «Түрленген Тараз», «Көзқарас», Алтын Орданың 750 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Тарих тағылымы» сынды 30-ға жуық хабары бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылы деп жариялауына байланысты арнайы жобалар да бар.

Comments (0)
Add Comment