Тараз қаласының Бас жоспары – шаһардың даму болашағын айқындайтын негізгі құжат болғандықтан демографиялық жағдайдың өзгеруі мен уақыттың ағымына қарай түзетулер енгізу аса маңызды.
Соңғы өткен жалпыұлттық халық санағына сәйкес, Тараз халқының саны 400 мыңнан асқанын ескере отырып, Бас жоспарға біршама өзгерістер енгізіліп отыр.
Қазіргі таңда осы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, қаланың 2040 жылға дейін дамыту стратегиясы айқындалды. Жұмыс жүргізу барысында қала аумағын кеңейту, көлік логистикасы, тұрғын үй қорын дамыту, шаһардың сырт келбетін жақсарту және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру секілді негізгі бағыттарға басымдық беріліп отыр.
Шаһардың батысында әуежай, оңтүстігінде мемлекеттік шекара, солтүстік-батысында өнеркәсіптік аймақтардың орналасуына байланысты, Бас жоспарды дамытудың жалпы тұжырымдамасы солтүстік-шығыс батысқа бағдарланған.
Бүгінгі күні жалпы жобалау жұмыстары аясында қала аумағын заман талабына сай дамыту, қадамдық қолжетімділік қалыптастыру, көркейту, жер және пәтер кезегінде азаматтарды қамту мақсатында шаһар аумағына Байзақ және Жамбыл ауданына қарасты 14 елдімекен мен 2 саяжайды қосу жоспарлануда. Осының нәтижесінде қала аумағы 18 787,0 гектардан 30 542,0 гектарға дейін ұлғаяды.
Өздеріңізге мәлім, қазір Тараз халқының саны 405,3 мыңнан асты. Осыған байланысты Бас жоспарда қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды. Ол шартты түрде Солтүстік және Оңтүстік деп аталатын болады.
Жобаланған Бас жоспар шеңберінде есепті мерзімнің соңына қарай 7722,1 мың шарты метр тұрғын үй салынады, оның ішінде 1066,9 мың шаршы метрі жекеменшік тұрғын үйлер. Сондай-ақ Талас өзені жағалауының бойында қалалық жағажай, тұрғындарға қолайлы рекреациялық аймақтар орналастыру көзделген. Сонымен қатар, қала аумағы арқылы өтетін 7 каналдың екі жақ беттерін жасыл желектері мол серуендеу жолдары, демалыс орындары, терренкуралар (денсаулық жолдары) қарастырылған.
Түзетулер енгізу барысында қаланың көлік сызбасы да қайта қарастырылды. Бұған қоса қаланың оңтүстік және солтүстік жағынан аумақтық даму шегі айналма жолмен қоршалады және басқа да жолдармен қиылысатын жерлерде көлік айырбастары ұйымдастырылады.
Осылайша шаһар аумағында іскерлік белсенділікті, әлеуметтік кепілдендірілген инфрақұрылымды, стационарлық демалысты, тарихи-мәдени сауықтыру, мәдени-танымдық және спорттық демалысты, туризм мен рекреацияны кеңінен дамыту үшін қолайлы жағдай жасалатын болады.
Бүгінгі күні қаланың Бас жоспары қалалық және облыстық мәслихат депутаттарымен талқыланып, халық қалаулыларының шешімдері даярлануда. Одан әрі аталған құжат Құрылыс жөніндегі комитетте экспертизада қаралып, сараптаманың оң қорытындысын алу үшін тиісті бес министрлікке жолданады. Осыдан кейін ҚР Үкіметі бекіту жөнінде шешім шығарады.
Тараз қаласының әкімдігі