Тараз базарында шыққан өртте 30-ға жуық сауда нысаны күлге айналды. Шығынға баттық деген кәсіпкерлер өртенген тауардың өтемақысын талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Барынан айрылғандар базар басшылығын айыптайды. Орындарды ретсіз үлестіріп, базардың берекесін қашырды дейді. Санитарлық талап сақталмаған, өрт қауіпсіздігі ескерілмегенін айтады. Сондықтан саудагерлер күл болған тауарларының өтемақысын тез төлесін деп талап етуде.
“Чектің бәрі тұр міне 21 млн нан аса ақшаға кеше ғана түсірілді. Ал оның алдындағысы қанша, аптасына үш рет түседі тауар. Сонда бір күнде 21 млнға тауар түссе, қанша млнның ішінде тауары бар” – дейді кәсіпкер Әлия Кенжебаева.
“Осы Ауыл Береке базарының басшысы кінәлі. Өйткені тура халық тұтынатын заттардың ортасында, киім кешектің ортасында асхана ашуға рұқсат берген. Оның қауіпсіздігі неге сақталмайды. Асханаға қарама қарсы туалет орналасқан. Санитарный норма қайда? өрт қауіпсіздігі неге сақталмайды? Сақталса тауарымыз өртенбейтін еді ғой”, – дейді кәсіпкер Ляззат Сейсенбекова.
Береке базарында өрт таңғы сегізге таман басталған. Қызыл жалын базар ішіндегі шағын асханадан шықты деген болжам бар. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Белгілісі, пластиктан жасалған 22 сауда нысаны, 4 контейнер, бір асхана отқа оранған. Тілсіз жау 600 ден астам шаршы метр аумаққа жайылған. Базар басшылығы бізде барлық қауіпсіздік ережелері сақталған, бұл аяқ астынан келген сынақ дейді.
“Сақтану шараларын жасап жүрміз. Светті өшіріп жүрміз. Таң ертең болған нәрсе бір Алланың жазасы. Ақша проблема емес. Ол шығыс. Бірақ Алланың алдында сынақ. Бұл кісілердің ашуланғандары алдына келмедім. Себебі мені жан-жақтан жұлмалап жатты”, – дейді “Береке” базарының басшысы Данияр Сегізбаев.
Арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. Ал тауарынан айрылған кәсіпкерлердің өтемақысы заң аясында өндіріледі дейді жергілікті билік өкілдері.
Облыс әкімінің тарапынан жұмыс тобы құрылды. Зерделеу мақсатында. Екінші кезекте төтеншеліктердің тарапынан тексеріс жүргізіледі. Ненің салдарынан болды. Егерде кәнілі болып табылса олардың мойнына сіздердің шығындарыңызды қалпынга келтіру бойынша шешім қабылданады. Жұмыс жүргізілетін болады”, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов.
Қазір өрт болған жер қоршалып, тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Саудагерлер билік уәдеде тұрып, талабымыз орындалса екен дейді.
Еске салсақ, Тараздағы құтқарушылар «Береке» базарында ірі өрт шыққан.