2019 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты көрсеткіштермен сипатталады. Оған бюджет кірісінің өсуі, жаңа әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы, сонымен қатар басқа да көрсеткіштердің өсуі ықпал етті.
Алдағы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымдардың бірнеше нысандарының құрылысы жүргізілуі көзделуде. Мұндай іс-шаралар қаланың экономикалық дамуында, яғни алдағы кезеңдерде айтарлықтай мультипликативтік нәтиже және әлеуметтік сала мен бизнестің дамуына серпін беретін болады.
Осындай айтулы іс-шаралардың аясында қаламыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты көрсеткіштермен сипатталды.
Өнеркәсіп
Алдын ала болжам бойынша есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 136 млрд 847,4 млн теңгені (2018 жылы – 120 млрд 535,0 млн теңге) немесе нақты көлем индексі 101,2 пайызды құрайды деп болжануда. Өткен жылмен салыстырғанда 16 млрд 312,4 млн теңгеге артық өнім өндіріледі деп күтілуде. Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 381,9 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 338,5 мың теңге).
Өнеркәсіп құрылымының салалары бойынша өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 102,3% (104 млрд 726,2 млн теңге), электрмен жабдықтау, газ беру саласында 98,2% (30 млрд 546,1 млн теңге), сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 107,6%-ды (1 млрд 329,1 млн теңге), кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде 97,7% құрайды деп күтілуде (246,0 млн теңге).
Химия саласы қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің негізін құраушы болып табылады. Бұл саладағы «Казфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 62 млрд 34,5 млн теңгенің өнімдерін өндірген (2018 жылы – 44 515,9 млн теңге) немесе өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 17 млрд 518,6 млн теңгеге артық өнім өндіріп отыр.
Жалпы өнеркәсіп саласы бойынша салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджеттегі үлесі 13,9% немесе 2 млрд 657,0 млн теңгені құрады. Қала деңгейіндегі бюджет бойынша өнеркәсіп саласының үлесі 11,7% немесе 892,6 млн теңгені құрады.
Есепті кезеңде Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы жалпы құны 4 млрд 47,0 млн теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобаларда қосымша 447 жаңа жұмыс орны ашылуы көзделуде. Инвестициялық жобаларға нақты тоқталатын болсақ:
- «KISC» ЖШС – болат, шойын балқыту цехын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жобаның құны – 1 млрд 870 млн теңге, қуаттылығы – жылына 24 мың тонна, 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
- Тараз арматура зауыты» ЖШС – құрылыс арматурасын шығаруға арналған жаңа цехтың құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 2 млрд 177 млн теңге, қуаттылығы – жылына 200 мың тонна, 297 жұмыс орындары ашылуы күтілуде.
- Ал 2020 жылы жалпы құны 22 млрд 251,0 млн теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 264 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде.
1.«СП-Тараз PET» ЖШС-нің қолданыста болған пластикалық бұйымдарды қайта өңдеу (полиэтилентерефталат рециклингу) бойынша зауыт салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 3 млрд 860,0 млн теңге. Жобаның қуаттылығы – 6,0 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 64 бірлік.
2.Ekojer» ЖШС-і – «Қоқыс өңдеу зауыты», жоба құны – 17,5 млрд теңге, жылдық қуаттылығы – 100 мың тонна қоқыс, 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Іске асыру мерзімі 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына жоспарланып отыр.
3.«TARAZLING» ЖШС-і сұйытылған табиғи газды (метан) өндіру. Жобаның құны – 891,0 млн теңге. Жобаның жылдық қуаттылығы – 18000 тонна. Жоба бойынша 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Іске асыру мерзімі 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына жоспарланып отыр.
Сонымен қатар индустриалды картасынан тыс, «GOODLOOK» ЖШС-нің күнбағыс пістесінен май өндіру зауытының құрылысын жүргізу жобасы іске асырылуда. Жобаның құны – 1 млрд 264 млн теңге, қуаттылығы – жылына 160,0 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 36 бірлік.
ИНВЕСТИЦИЯ
Ағымдағы жылдың 6 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 33 млрд 455,9 млн теңгені (2018 жылдың 6 айында – 30725,7 млн теңге) немесе нақты көлем индексі 105,7%-ды құрады. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93,4 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 86,4 мың теңге).
САУДА ЖӘНЕ ШАҒЫН ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ
Алдын ала есептеулер бойынша ағымдағы жылдың 6 айында бөлшек сауда тауар айналымының көрсеткіші 102 млрд 634,7 млн теңге көлемінде қалыптасады деп жоспарлануда (2018 жылдың 6 айында – 97 150,2 млн теңге), ал көтерме сауда тауар айналымының көлемі 71 млрд 047,4 млн теңгені құрайды деп болжануда (2018 жылдың 6 айында – 61 651,4 млн теңге). Халықтың жан басына шаққанда бөлшек сауданың көлемі 286,4 мың теңге және көтерме сауда тауар айналымының көлемі 198,3 мың теңге болып қалыптасты.
Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде қалада 33 532 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе (2018 жылы – 31 727), оның ішінде 28277 жеке кәсіпкер, 6092 шағын, 30 орта және 133 шаруа қожалығы бар. Тіркелген субъектілердің ішінде жұмыс істейтіні – 26256 (2018 жылы – 22 147), оның ішінде жеке кәсіпкер – 22103, шағын – 4003, орта – 30 және шаруа қожалығы 120-ны құрайды.
Мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 21,1% немесе 4 млрд 25,2 млн теңгені құрады (2018 жылы – 21,3% немесе 3 415,5 млн теңге). Қала бюджеті бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 20,8% немесе 1 млрд 581,6 млн теңгені құрады (2018 жылы – 23,2% немесе 1 058,8 млн теңге).
ИНФЛЯЦИЯ
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2019 жылға 5-7 пайызға дейін инфляция өсімі белгіленген. Ағымдағы жылдың 6 айында баға және тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету тарифтері 2,3%-ды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарлары 5,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар 1,6%-ға, ақылы қызметтер тарифі 0,8%-ға өскен. Салыстыру үшін, өткен жылдың тиісті кезеңіндегі инфляция деңгейі 5,7% құраса, азық-түлік тауарлары 4,3%-ды, азық-түлік емес тауарлар 3,4%-ды, ақылы қызметтер тарифі 3,2%-ды құраған. Инфляция деңгейін тұрақтандыру аясында қалада әлеуметтік маңызды азық-түлік, азық-түлік емес тауарларының және ақылы қызметтердің бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс тобы қызмет атқарады. Өнім өндіруші және сауда мекемелерімен баға төмендету мақсатында ағымдағы жылы 12 меморандумға қол қойылды.
БЮДЖЕТ
2019 жылдың қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджетке 21 млрд 967,7 млн теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 115,0%-ға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 6 млрд 370,3 млн теңгеге немесе 105,2%, жергілікті бюджет 15 млрд 597,4 млн теңгеге немесе 119,7%-ға орындалды. Жергілікті түсімдердің ішінде облыстық бюджет 7 млрд 7,0 млн теңгеге немесе 106,4%-ға, ал қалалық бюджет 8 млрд 590,4 млн теңгеге немесе 133,1%-ға орындалды.
Бюджеттің шығыс бөлігі трансферттерді қоса есептегенде 34 млрд 117,3 млн теңгені құрап, 99,8% игерілді (2018 жылдың тиісті кезеңінде – 99,3%).
ҚҰРЫЛЫС
Құрылыс жұмыстарының көлемі 15 млрд 721,6 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 128,3%-ды құрады (2018 ж. – 11946,3). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 млрд 775,3 млн теңгеге артып отыр.
2019 жылы мемлекет бюджетінен жалпы сомасы 27 млрд 281,7 млн теңгеге 53 нысанның құрылысын жүргізу қарастырылған, оның ішінде 8 нысанның құрылысы 2020 жылға өтпелі.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда 10 мың 300 отбасына арналған 280 көпқабатты үйді құрайтын 15-ші мөлтек ауданының құрылысы жүргізілуде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, үстіміздегі жылы 80 және 60 пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Аталған бағдарлама аясында «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-ші мөлтек ауданында 5 460 отбасына арналған 9 және 12 көпқабатты 49 тұрғын үй жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары 2019 жылы аяқталатын болады. Жалпы инженерлік инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын 2021 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда.
Ал аумақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Атап айтқанда, бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи субұрқақтар орнатылды. Сондай-ақ аллеяның ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, аллеяға үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде концерттер мен кино көрсетілетін болады. Сонымен қатар Жеңіс мейрамы қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залының құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыру мақсатында үстіміздегі жылы Төле би даңғылы бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы (арбат) және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стеласы орнатылатын болады. Бұдан бөлек, «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, көрме павильонының, «Руханият» орталығының, көркемдік бейнелеу өнері және қолөнер шеберлері галереясының құрылыс жұмыстары басталса, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының құрылысы маусым айының соңына дейін басталуы көзделуде. Осы нысандармен қатар, тарихи кешеннің абаттандырылуы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстарын үстіміздегі жылы іске асыру жоспарланған.
Қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 110,6 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 107,0%-ды құрады (2018 ж. – 103,4 мың шаршы метр).
Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта республикалық бюджет есебінен жартылай арендалық және жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 тұрғын үйдің және облыстық бюджет есебінен 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Аталған үйлердің үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болса, қалған екеуі келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек, 15-ші мөлтек ауданында 80 пәтерлі 1 несиеге берілетін тұрғын үй мамыр айында қабылданып, қалған 80 пәтерлі 9 үйдің құрылысы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ аталған алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерлі 11 кредиттік үйдің құрылыстары басталды. Сонымен қатар кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған «Арай» тұрғын алқабы мен «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 8 шағын жатақхананың құрылысын облыстық бюджет есебінен қаржыландырып, ағымды жылы пайдалануға беру көзделуде.
Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 555 жер телімінде жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін жер телімдері белгіленген. Оның 255-іне 4 мердігер келісімшартқа тұрды («КСС контракшин» ЖШС – 5; «РемСтрой СС» ЖШС – 150; «Сырым Білеке» ЖШС – 50; «Дәмдес» ЖШС – 50). Қазіргі таңда 14 үйдің құрылыстары аяқталып, 4 үйге әлеуетті сатып алушы анықталды. Бұдан бөлек, қосымша 15 үйдің құрылысы жүргізілуде.
ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОСПАРЛАУ
Тараз қаласының 2025 жылға арналған дамуының бас жоспары 2010 жылда бекітілген.
Бүгінгі күнге бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтар 55,7%-ға егжей-тегжейлі жоспарлаумен қамтылған. Болашақта бас жоспарды толық орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар көлемін егжей-тегжейлі жоспарымен қамту қажет. Осы жұмыстар үш кезеңге бөлініп, үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады.
2018 жылы алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарды жобалау мақсатында қала орталығының 102 гектарға, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің 59 гектарға, «Арай» тұрғын алқабының 241 гектарға және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алқаптарының 556 гектарға, жалпы 958 гектарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарының аумағында орналасқан 28 саяжайға «тұрғын алқап» мәртебесін беру мақсатында жалпы 1028 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, саяжай тұрғындары жер бөліміне өтініштерін беруде.
Келесі кезекте, қаладағы 6 418 гектар құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік-геодезиялық жұмыстарын жүргізу (7347 гектарына немесе 53,4%-ына тиісті геодезиялық жұмыстары жүргізілген). Оның 2019 жылы 3086 гектары қала бюджеті және «Қала кадастр» кәсіпорны есебінен топотүсіріліммен қамтылатын болады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
ТҰРҒЫН ЖАЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ТРАНСПОРТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша тұрғын үй қорына кіретін 1284 көппәтерлі тұрғын үй бар (оның ішінде: 151 – бір қабатты барак типтес үйлер; екі қабатты – 205 үй; үш қабатты – 21 үй; төрт қабатты – 164 үй; бес қабатты – 718 үй; алты қабатты – 2 үй; жеті қабатты – 1 үй; тоғыз қабатты – 16 үй; он қабатты – 5 үй; он екі қабатты – 1 үй).
Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында 954 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген немесе 83,1 пайызды құрайды (барак типтес үйлерді қоспағанда). Бүгінгі күнге жалпы 193 тұрғын үйді кондоминиум объектісі ретінде Әділет басқармасына тіркеуді қажет етеді.
Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерге 939 құрал орнатуды қажет етеді. Бүгінгі күнге жалпы 874 құрал орнатылды немесе 93%. Оның ішінде: «Жамбыл-Жылу» МКК – 90 құрал, «Теміржол-Жылу» МКК – 19 құрал, «София» ЖШС – 1 құрал, «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ – 8 құрал және «ТаразТрансЭнерго» МКК – 756 құрал.
2019 жылы қала бюджетінен 340,0 млн теңгеге 18 үй және қайтарым қаражат есебінен 5 үй, яғни 23 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады («Жайлау» мөлтек ауданы №2, 5 «А», 9 үйлер, «Қаратау» мөлтек ауданы №14, 29, 33 үйлер; «Талас» мөлтек ауданы №12, 14 үйлер; «Самал» мөлтек ауданы №31, 49, 25, 50 үйлер; «Мыңбұлақ» мөлтек ауданы №51, 53 үйлер; «Салтанат» мөлтек ауданы №30 үй; «Ақбұлақ» мөлтек ауданы №12, 6 үйлер, «Қарасу» мөлтек ауданы №6 үй, «Алатау» мөлтек ауданы №12, 49 үй, Рысбек батыр көшесі 9).
Көшелерді жарықтандыру бойынша ағымдағы жылы 2 даңғыл мен 27 көшесінде темір бетон бағаналарды металдық бағаналарға ауыстыру, светодиодтық шамдарын орнату және кабельдерді жер астымен жүргізу жұмыстары атқарылатын болады.
Бұдан басқа, қаланың 99 қиылысындағы жол белгілері мен бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағаналарда қосымша уақытты кері есептегіш және көше атауларын бағыттайтын белгілер орнатылуда.
2019 жылы қала бюджетінде жол құрылыстарына 406,5 млн теңге қаралған. Бұл қаражаттарға «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқаптарына қиыршық тас жолдарының және Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы қаладағы 55 көше мен 85 бұрылыстың орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд 471,1 млн теңге бөлінсе және қала көшелерінің шұңқырларын қалыпқа келтіру жұмыстарына 360,0 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде мектептер мен балабақшаларға баратын 30 көшені ішінара және 32 жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсына хабарлама берілді.
Цифрлы Қазақстан
Қалада «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бастамалар айқындалып отыр. Атап айтсақ, №41 мектеп-гимназиясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдерін тіркеп отыратын «Қауіпсіз мектеп» жобасы енгізілді, 16 мектепте бейнебақылау жүйесі жаңартылды. Қаладағы 41 мектепте Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісі орнатылса, 5 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылды. Бұдан басқа, облыс орталығында республикалық деңгейде алдыңғы қатарда саналатын «Тараз-Hab» IT-мекемесі 4 мектепке (№5, 45, 51, 54) IT-кабинетін жабдықтау жұмыстарын бастады. 2019 жылы орта мектептерде 10 дана робототехника сыныптарын ашу көзделуде.
Сонымен қатар «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ-ның базасында 67 информатика мұғалімін бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеу бойынша оқыту және кәсіби дамыту, мектептерге 706 дана компьютер және мультимедиялық техникамен жабдықтау, мектепке дейінгі білім мекемелеріне кезекке қою мен жолдама беру қызметін автоматтандыруды іске асыру, фото және бейнежазу жүйесін және мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу, виртуалды және толықтырылған шындық зертханасын ашу, 2019-2020 оқу жылдарында 4-сыныпқа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа, кітапхана оқырмандарымен бірлесе шығармашылық іс-әрекет жасау мақсатында 2019 жылғы 2-ші жартыжылдықта М.Шолохов кітапханасынан «Коворкинг» орталығын ашу көзделуде.
Қалада 10 «ақылды бағдаршамдар» орнатылса, 2019 жылы пилотты жоба ретінде «Астана» мөлтек ауданында 8 аула «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз етілетін болады.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру басталады. Сонымен қатар сәулет-қала құрылысы тарапынан құқық бұзушылық электронды картасының жобасы іске асырылып, құқықтық-статистикалық зерттеу орталығына мерзімінде тапсырылды.
Көлік саласын цифрландыру бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарын үздіксіз қозғалыс кестелерінің және жылдамдық режимдерінің сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режимінде GPS-навигациялау taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көлікке электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы аяқталатын болады.
Бұдан бөлек, қаланы цифрландырудың 4 бағыты бойынша жол картасы әзірленіп, инвесторларға қызмет көрсету орталығына ұсынылды. Атап айтсақ:
- «I-Komek» – 109 бірыңғай диспетчерлік коммуналдық қызметі орталығын ашу;
- Сыртқы жарықтандыру жүйесін модернизациялау;
- Қоғамдық көлік саласын цифрландыру;
- «Open-Akimat» цифрландыру бағыты бойынша фронт-офис орталығы жобасын ашу.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
2019 жылдың қаңтар-маусым айларында 1 млрд 435,0 млн теңгеге 9372 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 2751 отбасына 110,0 млн теңгеге тұрғын үй көмегі, 6621 отбасының 33563 адамына 1 млрд 325,0 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып төленді.
Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 2596 азамат қамтылды, оның ішінде мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға 1278 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 31 адам, жастар тәжірибесі бойынша 318 адам және қоғамдық жұмыс орындарына 452 адам, қысқа мерзімді кәсіптік курстарға 517 адам орналасқан. Осы жұмыспен қамтылғандардың ішінде 1278 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 3440 адам өтініш білдірсе, оның 2079 адамы жұмыспен қамтылды немесе 60,4% (2018 жылы – 2022 адам, 60,3%). 2019 жылға қоғамдық жұмыстарына 186,3 млн теңге бөлініп, 630 адам жолдануы жоспарланған. Осы жылы қоғамдық жұмысшылардың жалақысы 56350-63750 теңгені құрайды. Ағымды жылдың басынан ақылы қоғамдық жұмысқа жұмыссыздар қатарынан 452 азамат қатыстырылды.
2019 жылы мүмкіндігі шектеулі 75 азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, қаңтар-маусым айларында 123 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмыстармен – 22 адам, жастар тәжірибесімен – 12 адам, тұрақты жұмыспен 57 адам және қысқа мерзімді оқумен 32 адам қамтылды.
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ды, ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 515 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 117 634 теңгені құрады.
2019 жылға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 217,6 млн теңге қаржы қарастырылып, 1571 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, ағымдағы жылдың 6 айында 868 адам қамтылды немесе 55,2%.
Бағдарламаның І бағыты «Жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер және дағдылар» қысқа мерзімді кәсіптік оқу тетігі бойынша облыстық бюджет есебінен 60,9 млн теңге бөлініп, 960 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда сұранысқа ие 30 мамандық бойынша 987 адамның тізімі жинақталып, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 517 адам жолданды.
Ал 2019 жылға ІІ бағыт бойынша 3 қалаға (Тараз, Жаңатас, Қаратау) 1232,8 млн теңге бөлу жоспарланған. Ағымдағы жылы аталған бағыт аясында 2 азаматқа 19,0 млн теңге көлемінде шағын несие берілді.
Бағдарламаның III бағыты бойынша жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен 75,7 млн теңге қарастырылып, 200 жас түлек тартылуы жоспарланған, айлық жалақылары 63,1 мың теңге, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 318 жас маман жолданды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына республикалық бюджеттен 5,3 млн теңге бөлініп, 25 адамды қамту жоспарланса, ағымдағы жылдың басынан 31 адам жолданды.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ
Ағымдағы жылы Тараз қаласы халқының табиғи өсімі 2293 адамды құрады немесе 3678 нәресте дүниеге келіп, қайтыс болғандар саны – 1172 адам. Бүгінгі күнге халық саны – 358319 адам.
Қаладағы медициналық мекемелерде дәрігерлер саны 1751 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда саны 86 дәрігерге төмендеп отыр (2018 жылы – 1837). 10 мың адамға шаққанда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 48,9 промильді құрайды (2018 жылы – 51,4 промиль). Ал орташа медициналық қызметкерлер саны 6286 бірлікті құрайды немесе өткен жылмен салыстырғанда 385 бірлікке өсіп (2018 жылы – 5901), қамтылу көрсеткіші 175,5 промильді құрайды (2018 жылы – 165,1 промиль).
Есепті кезеңде ана өлімі тіркелмеген. Нәресте өлімі 31 оқиғаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп отыр (2018 жылы – 15 оқиға). Туберкулезбен ауырғандар саны 84 адамды құрап, 20,0 пайызға төмендеген (2018 жылы – 105 адам). Туберкулез ауруынан қайтыс болғандар саны 3 адамды құрап, 62,5 пайызға төмендеген (2018 жылы – 8 адам).
БІЛІМ САЛАСЫ
Өткен 2018-2019 оқу жылында қаладағы жалпы білім беретін 60 мектепте 70 717 оқушыны 5911 мұғалім оқытқан.
Ағымдағы жылы мектеп бітірушілердің саны 1830 оқушыны құраған, оның 1346 түлегі ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірсе, нақты 1324-і тестілеуге қатысты.
Тестілеу қорытындысы бойынша мектеп бітірушілердің орта балы 99,05 болып, 2018 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 14,75 балға артты (2018 жылы – 84,3). Жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша 529 түлек 100-ден жоғары балға, 27 түлек 130 жоғары балға қол жеткізген. Ал қалада ең жоғары 137 балға №8 гимназияның түлегі қол жеткізген.
Қалада 64 мемлекеттік және 68 жеке меншік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады, онда 19451 бала тәрбиеленуде. 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру тәрбиесімен қамту 79,6%-ды, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту 98,0%-ды құрады.
2019 жылға 1454 орын ашу жоспарланып, 8 жеке меншік мекемеде 742 орын және 17 мекемеден қосымша 792 орын ашылды.
МӘДЕНИЕТ, СПОРТ, ЖАСТАР САЯСАТЫ
2019 жылдың 6 айында 153 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оларға 117 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бойынша 872 мәдени іс-шара өткізілді, қатысқан оқырмандар саны 48771 адамға жетті.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін бүгінгі таңда қалада 4 аула клубы мен 58 жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс атқаруда.
Бұдан бөлек, 4 аула клубын ашу жоспарлануда. Олар: «Астана», «Бәйтерек», «Құмшағал» мөлтек аудандарында және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында.
Қала тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту жұмыстары бойынша, ағымдағы жылы 69 бұқаралық спорттық-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған барлығы 168 мыңнан аса қала тұрғыны қатысты.
Қазіргі таңда Тараз қаласында жүйелі түрде спортпен айналысушы азаматтар саны 105 мыңнан астам адам болса, бұл қала тұрғындарының 29,4 пайызын құрап отыр. Олардың ішінде 14 жасқа дейін жасөспірімдер – 21 912 адам, 14-29 жас арасындағы жастар – 48 254 адам, 29 жастан жоғары ересектер арасында – 35 120 адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады.
Қалада 507 спорт нысандары жұмыс атқаруда, оның 450-і мемлекеттік және 57-сі жеке меншік иесінде болып табылады.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП
Есепті кезеңде барлығы 2345 (2018 жылы – 2620) жалпы қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 10,5%-ға төмендеп отыр. Оның ішінде бопсалау 33,3%-ға, ауыр дене жарақаты 33,3%-ға, қасақана кісі өлтіру 22,2%-ға, алаяқтық 66,7%-ға төмендесе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 14,0%-ға, қасақана жою немесе бөтеннің мүлкін зақымдау 66,7%-ға, ұрлық 4,2 есеге өскен, зорлау 3 есеге, тонау 33,3%-ға өсіп отыр. Жалпы қылмыстар бойынша ашылу деңгейі 7,4%-ға өсіп отыр. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 4,9%-ға өсіп отыр.
Есепті кезеңде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 1,9 есе өсіп, 47 деректі құрап отыр (2018 жылы – 25 дерек).
2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында қала бойынша жол-көлік оқиғалары 8,8%-ға төмендеген (228 деректен 208 дерекке дейін). Одан жараланғандар саны 8,5%-ға (306 адамнан 280 адамға) төмендесе, ал кісі өлімі 55,6%-ға (9 адамнан 4 адамға) кеміген.