Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезекті 11-ші сессиясы өтті.
Әуелі Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев 2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы кеңінен баяндады.
– Тараз қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетінің жобасы Бюджет Кодексіне сәйкес, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің өтінімдері негізінде әзірленіп, қарауларыңызға ұсынылып отыр.
2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджеттің кірістері Салық Кодексіне, 2023 жылғы салықтық және басқа да міндетті төлемдердің нақты түсіміне негізделіп, қалалық кірістер басқармасы және облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен келісіле отырып жоспарланды.
Сонымен қатар, қала бюджетінің жобасы қала әкімінің халықпен кездесулерінде, қоғамдық қабылдауларда, қалалық мәслихат депутаттарының сауалдарында көтерілген мәселелер мен «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасындағы және қаланың 2025 жылға дейінгі даму жоспарындағы мақсаттарды ескере отырып қалыптастырылды, – деді Жандос Илиясбекұлы.
Бұдан кейін жиынның күн тәртібіне сәйкес, 2024 жылға арналған Тараз қалалық мәслихатының перспективалық жұмыс жоспарын бекіту, Тараз қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру және «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңнамалық актiсiне сəйкес аумақтық жəне учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау туралы мәселелерге кезек берілді.
Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы алда халық қалаулыларымен бірлесе атқаратын жұмыс көп екенін жеткізді.
– Бірер күнде Жаңа жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан Қоян жылы қаламыз үшін табысқа толы болды. Түрлі салада қол жеткізген жетістіктеріміз баршылық. Мұның барлығы бірлесе, қоян-қолтық жұмыс істеуіміздің нәтижесі. Алдымызда бұдан да ауқымды межелі міндеттер күтіп тұр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы депутаттарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.