Соңғы уақытта жол-көлік апатының көбейгені соншалық, облыс еліміз бойынша үшінші орында тұр. Қателікті кешірмейтін жолда абай болуды, тиісті ережелерді сақтауды тәртіп сақшылары айтуындай айтқанмен, жыл басынан бері өңірде 7 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Жалпы оқыс оқиғаның көбеюіне не себеп? Өзге аймақтардағыдай «Сергек» бейнебақылау құрылғысын қойса, бұл көрсеткіш азаяды ма?
Сапасыз жол мен бағдарсыз белгілер
Соңғы айларда өңірде осы сауалдың маңызы артып тұр. Мәселен, жақында ғана жеңіл көлік мінген жиырма жас- тан асқан жүргізуші таңғы уақытта қарсы бетке шығып кетіп, аялдамада тұрған тұрғындарды басып өтті. Екі азамат қаза тапты, тағы екі тұрғын ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл оқиға көпшіліктің жағасын ұстатты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов апаттың дені жүргізушілердің жауапсыздығынан бөлек, жол сапасыздығынан да орын алатындығын алға тартады. Сондықтан департамент биыл аймақтағы автомобиль жолдарына 1 234 тексеру жүргізіп, 8 195 ақау анықтаған.
– Берілген ұйғарымдар негізінде өңірдегі автожолдарда 2 893 жол белгісі орнатылды. 5 378 шақырымға жол таңбалары салынды, 150 430 шаршы метрден астам шұңқырға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 44 жол буфері ауыстырылды. 1 645 дабыл бағанасы мен 8515 жарық шағылыстыратын катафот орнатылып, басқа да көптеген шаруа тындырылды. Сонымен қатар автожолдарды дұрыс күтпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 166 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Жанат Сүлейменов.
Генерал-майор жол инфрақұрылымын жақсарту, өткізу қабілетін арттыру және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 225 ақпарат жіберілгенін де мәлімдеді. Сала мамандары республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 555-556 шақырымына жылдамдық режимін өлшейтін құрылғылар орнатылғанынан хабардар етті. Сондай-ақ Күйік пен Қордай асуларында ұзындығы 2 шақырымнан асатын қарама-қарсы экрандар орнатылған екен. Бұл жүргізушінің қарсы келе жатқан автомобиль жарығына шағылысуына жол бермейтін көрінеді.
Қалада «Сергек» 48 нүктеге қойылады
Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар, жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал», «Балқаш-Бурылбайтал», «Күрті-Бурылбайтал» жол учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 209 шақырым болатын «Күрті-Балқаш» бағытындағы жолдың 85 шақырымы, 266 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал» бағытындағы жолдың 186 шақырымы пайдалануға берілген. Негізі жобалардың іске асу мерзімі 2023 жылы аяқталады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндады. Оның айтуынша, атқарылып жатқан барлық шараларға қарамастан, облыста жыл басынан бері 707 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 133 адам қаза тауып, 1063 азамат әртүрлі жарақат алған екен. Мұның 175-і республикалық жолдарда, 102-сі жергілікті жолдарда, 430-ы елді мекен көшелерінде орын алған.
– Өңірдегі автожолдардан 22 авариялық қауіпті аймақ анықталған. Алайда жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің тәртіпсіздігінен болып тұр. Олардың басым бөлігі жылдамдық режимін асыру, маневр жасау, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу сынды құқық бұзушылықтар жасауда. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының шоғырланған аймақтары бойлық бейінде көрінуді шектемейтін тікелей учаскелер екенін атап өту қажет, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Оның мәліметінше, жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп жол қозғалысын ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын енгізудің жоспары әзірленген. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарға шулы жолақтар салу, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтпелеріне жарықтандыру және жарық модульдерін орнату, көлік құралдары бұрылу орындарына, жүру бөлігінде орналасқан жол өтпелерінің тіректеріне жол буферлерін орнату, жарық диодты катафоттар мен жарық шағылыстырғыштарды бөлу жолағына қою, авариялық қауіпті учаскелерге шет мемлекеттердегідей жарық маягін ілу сынды шаралар бар екен.
– Биыл Тараз қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Сергек» бейнебақылау камералары қойылуда. Жоба аясында 450 нысанға 1 250 қоғамдық тәртіпті бақылау камерасы, 48 жол қозғалысын бақылайтын кешен орнату қаралған. Бүгінгі таңға пилоттық жобаға сәйкес, әуежайдан бастап Президент саябағына дейін 10 нысанда орнатылды. Бұл шараны келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Бақытжан Жәнібеков.
Басқарма басшысы ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар жолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексеру шаралары жалғасып жатқанын айтты. Жыл басынан бері құзырлы мекемелермен бірлескен рейдтерде 4 608 автокөлік құралы тексерілген. Нәтижесінде 943 әкімшілік хаттама толтырылып, 23,2 миллион теңге айыппұл салыныпты.
«Жүзімнің» жұмысы қандай?
Бүгінде қаланың көшелерінде «Сергек» қондырғысын кездестіруге болады. Көлік жүргізушілерінің арасында камераға қатысты гу-гу әңгіме есіп-ақ жүр. Бір бағанда кемінде екі, төрт, одан қалса, алты камера ілініп тұр. Бұл, әрине, жүргізушілердің үрейін үдете түсуде. «Камераның көптігіне не себеп? Бір камера көлікті алдынан, біреуі артынан бақылап тұра ма?» дейді оқырмандар. Жоқ, камералар көліктің тек алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірін және жолдағы жалпы жағдайды төбеден түсіре алады. Ал көп камера – бар болғаны алгоритм. Яғни бір камера жолдағы ерсілі-қарсылы бағыттағы көлік жолын бөліп жатқан қос сызықты бақылайды. Көліктің мемлекеттік нөмірін анықтау үшін бір жолақта 1000 пиксельді камера тұруы керек. Домалақ камера 1980 пиксельді, яғни мүмкіндігі 2 жолақты қамтуға жетеді. Ал жолдың бір бағытындағы екі жолақты бақылау үшін бір камера жеткілікті. Төрт жолақты жолға екі камераның көзі керек. Бір бағанда төрт көздің тұратыны сондықтан. Бір жағында 4 жолағы бар жолдарға 8 көз ілінеді.
Бұқара не дейді?
«Сергек» іске қосылыпты. Ол барлығын айна-қатесіз түсіреді» дегенді естіп жүрген жүргізушілер арасында анонимді сауалнама жүргізіп көріп едік, әр жүргізушінің ойы әртүрлі болып шықты.
– Тараз қаласы үшін ол жаңалық емес. Себебі үлкен мегаполистерде орнатылып жатқандықтан, бізге келетіні айдан анық еді. Төбемізге қарап жүрміз, ту сыртымыздан «чаһ» еткізіп біреу-міреу түсіріп алмасын деп ережені бұзбауға тырысамыз. Негізінде жол-көлік ережесін 20-30 жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі бұзбайды. Оны жастар мен куәлікті сатып алған, ережені жаттамаған адамдар бұзады. Ал оларға кім сатып отыр? Міне, мәселе қайдан бастау алады. Барлығы заң жүзінде жасалынбай «Сергек» тұрмақ, басқа бейнебақылауды қойса да бірдеңе өзгереді деп айта алмаймын, – дейді өзін Болат деп таныстырған жүргізуші.
Әрине, мұндай жағдайда халықтың пікірі екіге жарылатыны белгілі. Бірі бейнебақылау орнату керек десе, енді бірі қажет емес дейді.
– «Сергекті» қойдық, ал оның шын мәнінде «адал» қызмет етіп жатқанын қайдан білеміз? Жол ережесін бұзған туралы мәліметтер қандай базаға түсетіндігі, оны қайдан алатындығымыз әлі белгісіз. Бейнебақылауды қосқаннан кейін түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ бар мәселені ақшамен шешетін байдың балалары «Сергектен» сескенеді деп ойламаймын. Соңы келгенде, бұл да қарапайым халықтың қалтасын қағу деп ойлаймын, – дейді Жазылбек есімді жүргізуші.
– Жол қателікті кешірмейді. «Сергек» мүмкін керек шығар. Күнделікті болып жатқан жол-көлік апаттарын азайтар, бәлкім. Бірақ ең алдымен оның алгоритмін жүргізушілер түсінуі керек. Ешкім әдейі жол апатын жасамайды. Әрқайсысының өз себебі бар. Сондықтан мұндай жағдайда жеті өлшеп барып, бір кескен жөн, – дейді Арман есімді жүргізуші.
Арайлым Шабденова