Таластың текті тумасы еді…

Талас елі осы елдің тумасы Тұрғанбай Тәжібекұлын аса құрметтеп, қадір тұтады. Оны ешқашан ұмытпайды. Оның барлық еңбек жолы туып-өскен жерінде өтті. Еңбегі елдің көз алдында. Ол – ауданымыздың экономикасын көтеруге, ауылды көркейтуге үлес қосқан кең жүректі азамат.

Оның аудан орталығында ең алғаш ашылған аудандық тұрмыстық қажетін өтеу мекемесінде (Дом быта) үйлестіруші болып атқарған ұзақ жылғы жемісті еңбегін ерекше атауға болады. Аудан орталығы Ақкөл ауылы мен орталыққа қарайтын барлық елді мекендегі халыққа қызмет көрсету жағынан облыс көлемінде алдыңғы шепте тұрды. Табыс көзінің арқасында орталықтан екі қабатты еңселі ғимарат соғылған кезде басы қасында өзі жүрді. Ол жерде халыққа керекті тұрмыстық қажет өтеудің барлық түрі: аяқ киім жөндеу шеберханасы, шаш алу бөлмесі, тігін цехы жұмыс істеуіне толық жағдай жасалды. Елдің талап-тілектері ең бірінші кезекте болды.
Тұрекеңнің бұл жұмысы, ел байлығын еселеуде сіңірген еңбегі ескерусіз қалған емес.
Жаны жайсаң азамат ел-жұртпен етене араласып қана қоймай, сол кездің өзінде қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді. Оның атадан бойға біткен сөзге шешендігін, парасаттылығын, кісілік қасиеттерін қызметтес болған әріптестері де, көпшілік те жақсы біледі.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында аудан орталығы Қаратау қаласына көшірілді. Ақкөлдегі негізгі мекемелер толығымен жабылып, тоқырауға ұшыраған жыл әлі есте. Ел нарықтан есін жия алмай жатқанда Тұрекең өз ауласынан шеберхана ашып алды. Өз қолымен ағаштан ою ойды деп айтсақ қателеспейміз.
Бертінде Ақкөл ауылдық округіне қарасты ардагерлер Кеңесінің төрағасы болды. Ауылда тұралап қалған өзекті мәселелерді жиі көтерді. Ардагерлер кеңесінің мүшелері ауыл округімен бірлесе отырып талай мәселенің түйінін шешті.
Тұрекең уақытын бос жібермейтін. Бата беруден аудан, облыс аумағында өтіп жүрген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Қолы қалт еткенде өзінің жүрек түкпірінде жүрген өлеңдерін қағаз бетіне түсірген екен. Ауданымызға танымал азамат, Талас ауданының Құрметті азаматы, ұзақ жылдар аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемесінің қызметкері, кейінгі жылдары ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы болған, сөзге шешен, батагөй қария Тұрғанбай Тәжібекұлының бата сөздері, ауыл азаматтары жайындағы оймақтай ойлары, Тұрғанбай Тәжібекұлының көзін көрген, сыйласқан азаматтардың, ұрпағының естеліктері топтастырылған «Тазалықты ту еткен» жинағы жарық көрді.
Ауыл халқы Тұрғанбай Тәжібекұлын сөзге шешен, батагөй қария деп таныды. Бүгінде өсірген ұл-қыздары еліміздің сан-саласында еңбек етіп, әке атын асқақтатып жүр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы.

Сәбен ҚОЙШЫБАЙ,
Талас ауданының Құрметті ардагері


Өзімнің ой-өрісім өмірдегі

Тыңдаңыздар, ағайын, айтарым бар,
Ұнамаса сөзімді қайтарыңдар.
Су ағады, тас қалады,
Қарттар кетеді, жас қалады.
Қорқамын, неден қорқамын?..
Өз тілі тұрып, басқа тілде сөйлейтін
Ата-анадан қорқамын.
Салтымызға кері,
Бесіксіз өскен сәби баладан қорқамын.
Сол сәбилеріне ертек айтып бере
алмайтын
Қарттары жоқтан қорқамын.
Тасада тұрып ататын
Дұшпандық оқтан қорқамын.
Көп қабатты зәулім,
Біріне-бірі кірмейтін
Үлкен қаладан қорқамын.
Төрт түлік малым ұрланып кете ме деп
Даладан қорқамын.
Еңбексіз табыс тауып,
Басқаны көзіне ілмейтін
Бардан қорқамын.
Ойпырмай, соларда болмайды-ау деп,
Намыс-ардан қорқамын.
Бүгінгі қыз, көшеде жартылай жалаңаш
жүретін
Болашақ анадан қорқамын.
Солардан тексіз ұрпақ бола ма деп
Келешек баладан қорқамын.
Бүгін кітап оқымайтын жастардан
қорқамын,
Еңбексіз көшеде сенделіп жүрген
Жұмысы жоқ жастардан қорқамын.
Тосыннан соққан жел-құйыннан
қорқамын,
Тендр деп аталатын жиыннан
қорқамын.
Қаладағы қарттар үйінің барынан
қорқамын,
Солардың ұл-қыздарының
Он бөлмесінің тарынан қорқамын.
Руға бөліне ме деп елімнен қорқамын,
Сатылып кете ме деп жерімнен
қорқамын.
Бетінде қытығы жоқ, кейбір кездейсоқ
Қызметте жүрген, бетінің әрі бардан
қорқамын.
Оянып кетсем, ойпырмай, түсім екен
Өмірде осының бәрі барынан қорқамын.
Сондықтан, құрметті ағайын,
Менің көргенім ұйқыдағы түс болсын.
Сіздер мен біздердің болашақ үшін істейтін
Үлгілі, парасатты іс болсын.
Бар болайық, нар болайық, ірі болайық.
Әлемдегі озат отыз елдің ішіне кіретін
Елдің бірі болайық.

Тұрғанбай Тәжібекұлының
«Тазалықты ту еткен» жинағынан

Comments (0)
Add Comment