Таластағы қоныстой

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, қоныстой иелерін қуанышымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы қарқынды жүріп жатқанын білесіздер. Елімізде соңғы жылдары экономиканың өрлеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы мақсатында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі ретінде тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Осыған байланысты Қаратау қаласындағы бос қалған көпқабатты үйлерді қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігі үшін пайдалануға беру жұмысы қарқынды жүргізілуде.
Қаламыздағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан бес қабатты 80 пәтерлі көпқабатты үй қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне ұсынылғалы отыр. Бүгін 80 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етіледі. Бұл баршамыз үшін үлкен қуаныш. Мұндай қуанышты сәттер болашақта да жалғасын таба береді, – деді Нұрбол Әбдімажитұлы.
Қайта жөндеуден өткен үйдің кілттері кезекте тұрған көпбалалы жанұяларға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге табысталды.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment