Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады», – деп атап көрсете отырып, туризм саласын дамытуға айрықша басымдық берген болатын. Бұл тұрғыда облыс орталығында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе соңғы бірер жылдың бедерінде тотыдай таранған Тараздың шырайын кіргізген көрікті орындар көптеп ашылды.
Жанға сая «Жеңіс» саябағы
Сәні мен сәулеті келіскен сондай нысандардың бірі – қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы. Аталмыш саябақ аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. 15 гектарлық саябақ аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары көздің жауын алады. Облыстық драма театрдың алдынан көшіріліп әкелінген батыр Бауыржанның еңселі ескерткіші нағыз өз орнын тапты деуге болады. Ескерткіштің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдызы» жарқырап тұрса, алдындағы «Мәңгілік алау» ерлік пен өрліктің өшпес рухын асқақтатып, ұрпақ санасына «Даңқ» деген дана ұғымды ұқтырып тұрғандай. Ал кешенге кіретін бас қақпаның ені – 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көз тартып менмұндалайды.
Мұнда жақұтқа бергісіз жәдігерлер көп-ақ. Әсіресе әріректегі 5 артиллериялық зеңбірек пен қаз қатар сап түзеген 7 ауыр әскери техника да кешеннің мәні мен сәнін кіргізіп-ақ тұр.
Саябақтағы айрықша атап өтетін жаңалықтың бірі – Чернобыль апатының зардабын жоюға жұмылдырылған солдаттар мен Ауған соғысында қаза тапқан, жат жердегі осы соғыстың бел ортасында болған жерлестерімізге арнап қойылған ескерткіш композициясы. Жалпы 10 жылға созылған Ауған жеріндегі соғысқа елімізден 22 мың сарбаз қатысса, олардың 2 мыңы жамбылдықтар екен. Сол қатарда 105 жамбылдық «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, 1 292 адам кеудесіне медаль тағыпты. Ал Ауғанда атой салған даңқты жерлесіміз Бақытжан Ертаевқа кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Чернобыль апатының зардабымен күрескен жамбылдықтарға да «Жеңіс» саябағынан орын бұйырған. Қала халқының тағдыры ғана емес, адамзат үшін аса маңызды миссиямен апатқа ұшыраған электр станциясының аумағына кіріп, өлімге бас тіккен 32 мың қазақстандықтың 1 500-ге жуығы жамбылдықтар екенін біреу білсе, біреу білмес.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанғандар үшін де жағалауда бар жағдай жасалған. Бүгінде веложолақ пен спорттық жаттығу және балалар алаңшалары да өз миссиясын толығымен орындап тұр.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңғырған саябақ жаңа көшеттермен де толығуда. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында бастау алған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясының «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқанына орай демалыс орнына 500 түп раушан гүлі, 30 туя мен 20 шаған (ясень) ағашы егілді. Бұдан бөлек, бірер жылдың бедерінде саябақ аумағына жер бетіндегі ең жылдам өсетін 122 түп павловния ағашы отырғызылған еді. Мұның бәрі де келісті мекеннің көркін ашып, сәнін келтіруде. Сондықтан да болар, саябақта сейіл құратын тараздықтар мен қала қонақтарының саны күн өткен сайын артып келеді.
Ерлікті дәріптеген Даңқ залы
«Жеңіс» саябағы туралы сөз қозғағанда Даңқ залы туралы айтпай кетуге болмас. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Құрылысты мердігер «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны 546 миллион 769 мың теңгені құраған. Данқ залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1 000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежіре топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбаросса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқастың, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған. Ал залдың 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған.
Жаңа кейіпке енген жағалау
Көне Тараздың келбетіне сән беріп, көздің жауын алатын көрікті нысандар тек бұлармен шектелмейді. Солардың қатарында «Үшбұлақ» жағалауы да бар. 2018 жылы жаңа кейіпке енген жағалау бүгінде шаһар тұрғындарының сейілдейтін тамаша орнына айналған.
Көп жыл бойы маңайы күл-қоқысқа толып, қараусыз қалған жағалау бүгінде адам танымастай өзгерген. Мұнда жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, жалпы 6,5 гектар жер абаттандырылып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Ал мұндағы көпірдің ұзындығы 72 метр болса, ені 3 метрді құрайды. Сонымен қатар бөгет қайта жаңартылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейді. Ал мұнда келіп демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек пен ақ амур және тұқы – барлығы 3 000-ға жуық балық жіберілген. Аталған жағалауда каналға шығатын 3 пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар мен суда жүзуге арналған катамарандар қойылған. Ал арнаның бойында ұзындығы 700 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынған.
«Таразға тарту» жобасы аясында да облыс орталығында айшықты нысандар ел игілігіне берілді. Оның ішінде «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен түлеген «Үшбұлақ» жағалауының жөні бөлек. Бұл – жағалауды абаттандыру жобасының 2-кезеңі.
Жағалау Д.Қонаев көшесінен Зербұлақ көліне дейін жалғасады. Ұзындығы – 850 метр. Ол жаяу жүргіншілер жолынан басталады. Су ортасында диаметрі 19 метр болатын жасанды арал (пирс) салынған. Аралда қазақы жылнамадағы жыл басы болуға таласқан жануарлардың мүсіндері орналасқан. Әрі қарай арал көпір арқылы жаяу жүргіншілер жолына қосылған.
Жағалаудың сол жақ қанаты мәрмәр түйіршіктерінен жасалған ою-өрнектермен безендірілген. Ұзындығы 60 метр болатын аспалы көпір де күрделі жөндеуден өтіп, түнгі жарықтандырумен қамтылған. Сондай-ақ мұнда заманауи «Street workout» спорт алаңшасы мен әткеншек орналасқан. Ұзындығы 450 метрді құрайтын веложол да бар. «Үшбұлақ» жағалауы бойында 3 пандус, 40 орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған. Жаяу жүргіншілер жолына 4 мың шаршы метр өрнектас төселген.
Нысанға келушілерге де барлық жағдай жасалған. Күн батқанда қосылып, таң атқанда өшетін жарықтандыру бағандары мен 1 000 шаршы метрлік көлік тұрағы салынған.
Жағалау кеңейтіліп, түбі тегістеліп, балдыр басып кетпес үшін қиыршық тас төселген.
Таразды туризм орталығына айналдыру мақсатында қолға алынған ілкімді істер жан жадыратады. Осылайша тағылымға толы тарихымен танылған көне шаһар бүгінде көркіне көз тоймайтын теңдессіз туындыларымен де әйгіленуде.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ