Біріккен Ұлттар ұйымы АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға жасаған сапарына қатысты пікір білдіріп, Бас ассамблеяның «біртұтас Қытай» резолюциясын ұстанатынын мәлімдеді. Ал Ресейдің сыртқы істер министрлігі мұны АҚШ-тың арандатуы деп атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ресей АҚШ өкілдер палатасы спикерінің Тайваньға келуін Қытайға қатысты АҚШ-тың ашық арандатуы деп бағалаған.
«Тайвань бұғазындағы екі тараптың қарым-қатынасы Қытайдың ішкі мәселесі деп есептейміз. Қытай тарапы өзінің егемендігі мен аумақтық бүтіндігін сақтау үшін кез келген шараны қабылдауға құқылы. Ресей ұстанатын бағыт өзгермейді: тек бір ғана Қытай бар, Қытай Халық Республикасының үкіметі – бүтін Қытайдың жалғыз үкіметі, ал Тайвань – Қытайдың ажырамас бөлігі», – делінген Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Ведомство өкілдері Вашингтонды «аймақтық тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті бұзатын әрекеттерден аулақ болуға, Америка үстемдігіне орын жоқ жаңа геосаяси шындықты мойындауға» шақырды.
АЛ БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик Нэнси Пелосидің Тайваньға сапары туралы пікір білдіріп, Бас ассамблеяның «біртұтас Қытай» резолюциясын ұстанатынын мәлімдеді.
«Бұл сұрақ бойынша БҰҰ саясаты келесідей: біз Қытай бойынша 1971 жылғы ГА 2758 резолюциясын ұстанамыз», – деді Стефан Дюжаррик.
Резолюцияға сәйкес, БҰҰ Бас ассамблеясы Қытай Халық Республикасы Қытайдың жалғыз ресми өкілі екенін мойындайды. Сонымен қатар ҚХР БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің жалғыз тұрақты мүшесі.
Айта кетейік, АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мінген америкалық Boeing C-40C ұшағы Тайбэй қаласына қонған еді. Бұдан кейін Қытай АҚШ өкілінің аралға келуіне қатысты наразылық білдірген.