Табысты арттыратын табиғи тыңайтқыш

Жамбыл жері тұмса табиғаты жанға жайлы, ал топырағы егін шаруашылығына қолайлы мекен саналады. Сонау соғыс жылдарында да егін егіп, өнімді еселеп алған шаруалардың ерлігін көпшілік аңыз етіп айтып жүрді. Бүгінде сол шаруалардың ізін жалғап, өндіріске тың жаңалық әкелген жас ғалымның бірі – Тараз өңірлік университетінің докторанты Дәулет Егембердиев.

Сәндібек АСАНӘлІҰЛЫ

Ауыл шаруашылығында егістік алқаптарының құнарын тыңайтқыштар арттыратыны белгілі. Жас ғалымның ғылыми бағыты да осыған байланысты. Ол жылдар бойы жарытып егін салмаған алқаптарды және соры шыққан жерді қайта қалпына келтіретін тыңайтқыш ойлап тапқан.
Дәулет Егембердиевтің бұл жаңалығы бұған дейін еліміздегі ірі ғылыми жоба байқауларында үздік шыққан. Сондай-ақ республикалық «NURINTECH» инновациялық жобалар жарысында топ жарып, Финляндияда өткен жарыста да 1-орынды жеңіп алған.

Дәулет ғылыми жұмысын ең алдымен топырақтың құнарын арттыратын табиғи және химиялық қоспаларды зерделеуден бастаған. Кейін ауыл шаруашылығында қолданатын түрлі тыңайтқыштарды, өсiмдікті зиянкестерден қорғайтын химиялық препараттарды, минералды селитра мен аммофосты тиімді пайдаланбау экожүйеге кері әсер ететінін анықтап, салдарынан жерасты суының минерализациялануы мен өнімнің сапасы төмендеп, одан әрі адам денсаулығына кері әсер ететініне көз жеткізген.

Сонымен жас ғалым осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Biomeliorant Гумат Z 7» және «Z Lux» қоспасымен табиғи таза әрі қоршаған ортаға, адам денсаулығына пайдалы өнім шығарған. Дәулет тыңайтқыштардың жерасты суынан шайылуын шектеп, шығынды 30-40 пайызға азайтуды да жан-жақты зерттеген. Табиғи өнім тіпті қант қызылшасының қантын 4 пайызға, жеміс-жидектердің дәруменін 70 пайызға дейін арттырады екен. Бұл ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды.

– Әуелгі мақсатым – ғылым мен технологияға тың жаңалық әкелу болды. Ал бизнеске осы жобамды коммерциализациялау үшін барып отырмын. Өнімдi «Biomeliorant Гумат Z 7», «Гумат Z LUX», «AntiSor» маркаларымен агродүкендерден алуға болады. Ғылымда қанатымды қатайтып, бағыт-бағдар нұсқаған ұстаздарыма, Талас ауданының әкімдігі мен әкімнің орынбасары Төрехан Қойлыбаевқа алғысым шексіз, – дейді Дәулет Егембердиев.

Ауыл шаруашылығында өнімді артығымен алуды ойлайтын жас ғалым тіпті Талас және Сарыағаш аудандарында сонау Кеңес заманынан бері бос жатқан тұзды жерлерді зерделеп, қайта қалпына келтірген. Дәулет бүгінде қала аумағында зертхана ашып, өнімдерін нарыққа шығаруда. Кәсіпкер өз ісін жақсы білетін бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Ғалымның айтуынша, егер өнім ауыл шаруашылығында сұранысқа ие тыңайтқыштардың қатарына енсе, қолда бар технологиялардың көмегімен айына 16 мың тоннаға дейін тыңайтқыш өндіруге болады. Жалпы мамандар тек тыңайтқыштарды сатылымға шығарумен шектелмейді, олар шаруашылықтан хабары жоқ азаматтармен келісімшарт жасасып, өнімді еселеп алуға көмектеседі. Дәулеттің ойлап тапқан тыңайтқышын сұйық және құрғақ күйінде қолдануға болады. Нәтижесі шаруашылық саласындағы мамандарды таң қалдырып отыр. Олардың айтуынша, егістік алқабында топырақтың құнары артып, тиісінше өнім де жылдағыдан көп шыққан. Тыңайтқыш осы күнге дейін Польша мен Ресейге жөнелтіліп, оң бағасын алған. Өнімдi көптеп шығарып, ауыл шаруашылығына тегістей енгізу бағытында жұмыстарды бастаған ғалымның ендігі арманы – басқа да ірі ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығына таптырмайтын табиғи тыңайтқышты әлемге таныту.

Comments (0)
Add Comment