Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында жарылыс болып, адамдар жапа шеккені ел есінде. Енді облыстағы тағы бір кен орнында шикілік шықты. Күзембаев атындағы шахтада кеншілер өміріне қауіп төндірген құрылғының жұмысына сот тыйым салды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауданаралық экономикалық соттың үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Шағымды Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өкілдері түсірген. Заңбұзушылықтар тізімінде 8 тармақ бар, бірақ металлургиялық комбинат тек екі олқылықты жойған. Комбинат өкілдері «жүк көтергіш машинаны жөндеуге бірнеше ай қажет» деп отыр. Өнеркәсіп қауіпсіздік департаменті өкілдері шахталардағы жабдықтардың тозығы жеткенін, тіпті қолдануға қауіпті құрылғылардың бар екенін айтады.
– Аталмыш өндірісте жұмысшылар жарақат алу ықтималы жоғары еді. Апатты жағдай туындап, желдету талаптары бұзылуы мүмкін болған. Өйткені қазба орнының жағдайы талапқа сай емес. Өткен жылы тексеріс жүргізгенбіз. Мұндай олқылық болмаған. Яғни, бір жыл ішінде жағдай қиындағанын көріп отырмыз. Біз жылына бір рет тексереміз. Тағылған сегіз бірдей ескертпенің тек екеуі ғана ескерілген, – дейді Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы Виктор Маркарян.
М.ХАҚНАЗАР