Өткен сенбіде ауданымызда көптен күткен қуанышты жаңалық жүзеге асты. Аудан тұрғындары асыға күткен премиум класстағы «Qazaq Oil» жанар-жағармай құю бекеті ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл – аудан тарихында алғаш рет ашылып отырған заманауи форматтағы ірі жанар-жағармай құю нысаны.
Инвестициялық құны 250 миллион теңгені құрайтын жоба жергілікті кәсіпкер Дәурен Әбдікерімнің бастамасымен іске асты. Жаңадан ашылған бұл бекет – мемлекеттік қолдаудың, кәсіпкерлік жігердің және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Жаңа жанар-жағармай құю нысанының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, сондай-ақ, Шымкент қаласы және Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары бойынша филиал директоры Оралхан Омаров қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде нақты істермен дәлелденіп жатыр. Кәсіпкерлердің де ел мүддесіне қызмет етуге атсалысуы – соның айғағы. Дәурен Әбдікерім туған жеріне ту тігіп, аудан халқына үлкен сый жасап отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов.
Жаңа жанар-жағармай құю бекетінде АИ-92, АИ-95 маркалы сапалы жанар-жағармай түрлері ұсынылады. Қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға сай жабдықталған нысанның қызмет көрсету жүйесі де заманауи – тұтынушылар төлемді қолма-қол, банк картасы немесе QR-код арқылы жүзеге асыра алады.
– Бұл – менің туған өлкеме деген ризашылығымның бір көрінісі. Халқыма сапалы қызмет ұсынып, ауданның дамуына үлес қосу – мен үшін мәртебе, – деді кәсіпкер Дәурен Әбдікерім бізге берген сұхбатында.
Жалпы, бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – осы жанар-жағармай құю бекеті. Мұндай нақты істер ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады.
Айта кетерлігі, бұған дейін аудан тұрғындары сапалы жанар-жағармай үшін көршілес Меркі ауданына немесе Тараз қаласына сабылуға мәжбүр болатын. «Неге біздің ауданымызда премиум класстағы жанар-жағармай құю бекеті жоқ?» деген мәселе көптен бері тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілдердің бірі еді. Енді, міне, бұл мәселе тарих қойнауына кеткені – қуантатын жайт.
Аталған маңызды проблеманың шешілуіне аудан басшылығы тарапынан да нақты қадамдар жасалды. Әсіресе, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің жеке кәсіпкерлермен жүйелі түрде жүргізген келіссөздері нәтижесінде, тұрғындар көптен күткен жанар-жағармай құю бекеті ашылып отыр. Тіпті аталмыш бизнес нысанының алғашқы кірпішін аудан әкімі өзі қалағаны ел есінде. Бұл – жергілікті билік пен бизнестің тиімді әріптестігі арқасында халық сұранысының ескерілгенінің айқын дәлелі.
Ауданымыз дамып, өркендеп, халық үніне құлақ түріліп, тұрғындар тілегі ескеріле берсін!