Жыл басының ең айтулы саяси науқаны – сайлау да өз мәресіне жетті. Бес партияның арасында өрбіген бәсекеде кімнің аты оза шауып, қай партия сөзсіз көшбасшы екенін көрсетті.
Әр дауыс ел тағдырын шешеді
Қақаған қыстың қаһарына қарамастан, тараздықтар сайлау науқанына белсене қатысып, әркім ел болашағы үшін аса маңызды саяси сәтке үн қосып, өз таңдау мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысты. Шапанын сүйреткен қазыналы қарттан бастап, кеше ғана бас қосқан жас жұбайлар, бүгін ғана кәмелет жасына жеткен жастар да аянып қалмай, белсенділік танытты.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарды сайлауда өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы Тараз қаласындағы №35 сайлау учаскесінде дауыс берді. Кіреберісте дәрігерлер дене қызуын өлшеп, қолдарын антисептикпен шайды. Бетпердесіз кіруге қатаң тыйым салынды. Жұбайымен бірге дауыс беріп, бюллетеньді жәшікке тастаған аймақ басшысы сондағы түрлі партиялар байқаушыларының жұмыс жағдайлары туралы сұрады. Сондай-ақ журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Әр адамның дауысы маңызды және елдің қай бағытта жүретіні соған байланыс-ты. Мен барлық жамбылдықтарды сайлау құқығын пайдалануға, қоғамдық және саяси процестерден қалыс қалмауға шақырамын. Сайлау учаскелері сайлау комиссиялары мен тәуелсіз байқаушылардың жұмысына керек барлық қажеттілікпен жабдықталған. Дауыс беру құпиясы мен таңдау еркіндігі қатаң сақталады,– деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Сайлау тыныш, бірқалыпты өтті. Облыс аумағында 492 сайлау учаскесі құрылған, олар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, таңғы сағат жетіден жұмыстарын бастады.
Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттарына депутаттарды сайлауға алғашқылардың бірі болып қала әкімі Айтқазы Қарабалаев №53 орта мектептің базасында орналасқан сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Бұл учаскеде де елдегі саяси науқанға белсене қатысқандар қарасы көп болды. Шаһар басшысының 88 жастағы анасы Бәти Қарабалаева, 18 жасқа толған қызы Әйгерім Қарабалаевамен және келін, бала-шағасымен – барлығы 10 адам өз таңдауларын жасауға №50 сайлау учаскесіне келді. Алдымен Бәти Қарабалаева ақ батасын беріп, сайлау жұмысына сәттілік тіледі. Гимн ойнағаннан кейін дауыс беруге келген азаматтар лек-легімен өз таңдауларын жасады.
Айта кету керек, қала бойынша дауыс беру нысандарында барлық сақтық шаралары мен әлеуметтік қашықтық сақталған. Жалпы Тараз қаласы бойынша 125 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Статистикалық мәліметке сәйкес, көне шаһарда 255 мыңнан астам сайлаушы бар.
Алдын ала қорытынды нәтижелері қандай?
11 қаңтар сағат 00.00-де ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде сайлау нәтижелері бойынша брифинг өтті. «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитованың айтуынша, олар сайлау учаскелерінен шығаберісте азаматтарға сауалнама – Еxit poll жүргізген. Exit poll
24 000 cайлаушыны қамтыған. «Институттың мамандары 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның ішінде 316-сы қалада, 284-і ауылда. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын, барлық облыс орталықтарын, аудандық маңызы бар қалаларды, шағын қалаларды және ауылдық елді мекендерді қамтыды. Күні бойы сауалнаманың 4 толқыны өткізілді. Сауалнама қателігі 2 пайыз шамасында. Сауалнама жүргізу жұмысына 600-ден астам адам атсалысты», – деді Айнұр Мәжитова.
Қорытынды нәтижесінде «Nur Otan» партиясы – 71,97 пайыз, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,18 пайыз, Қазақстанның Халық партиясы – 9,03 пайыз, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,75 пайыз, «ADAL» саяси партиясы – 3,07 пайызды құрап отыр.
Жамбылда 11117 жас алғашқы рет сайлауға қатысты
Жамбыл облысындағы сайлау қорытындысын өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов шығарып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Облыстық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша өңірдегі 492 сайлау учаскесіне тіркелген 720365 сайлаушының 520132-сі (72,2%) қатысты. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәжілісіне 502598 дауыс берілді. Оның ішінде 399766 адам – «Nur Otan» партиясына (79,5%), 14516 – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына (2,8%), 40341 – «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына (8,0%), 15229 – «Адал» саяси партиясына (3%) және 32746 азамат Қазақстан халық партиясына (6,52%) дауыс беріп, өз таңдауын жасады, – деді спикер.
Ал облыстық мәслихатқа 408087 адам– «Nur Otan» партиясына (81,2%), 42453 азамат – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясына (8,4%), 43573 – сайлаушы «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына (8,6%) және 8485 тұрғын «Адал» саяси партиясына (1,6%) дауыс берген.
Бұдан бөлек, есептен шығару куәліктері бойынша – 283 адам, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде 4226 сайлаушы дауыс беру құқығын пайдаланған. Сонымен қатар сайлауға 26696 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы қатысса, оның ішінде 2776 тірек қозғалысы бұзылған, зағип, саңырау азаматтардың 1005-і учаскеге келіп дауыс берген. Ал 11117 жас алғашқы рет сайлауға қатысқан. Серғали Өмірзақұлының айтуынша, сайлау процесінің өтуін 3583 байқаушы қадағалап, оның ішінде 1267 саяси партиялардың сенімді өкілдері, 1013 саяси партия байқаушылары, 1197 қоғамдық ұйымдар мүшелері, 43 БАҚ өкілдері және 63 ТМД елдерінен келген байқаушылар жұмыс жасаған. Сайлаудың өту барысы туралы ресми түрде арыз-шағым түспеген.
ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мəжілісіне өтті
Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясына қатысып, ҚХА атынан Мəжіліске сайланатын депутаттарға дауыс берді. Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дауыс беру рəсіміне қатысты. Содан кейін Елбасы Ассамблеяның маңызы туралы əңгімелеп берді. Тұңғыш Президент бүкілхалықтық сайлау өткізіліп, тұтас халық ретінде елдің болашағына дауыс бергенін атап өтті.
– Бұл алдағы бесжылдық бағдарламамызды бекіткен үлкен сайлау болды. Бұл сайлауда «Nur Otan» партиясы тағы да үлкен жеңіске жетіп, халықтың сеніміне бөленді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Бүгін Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 кандидатқа дауыс бердік. Ассамблеямыз 25 жылдан бері еліміздегі этностар мен діндерді бір-біріне жақындастыратын, төзімділікке тəрбиелейтін, бірлікті насихаттайтын, елімізді алға жетелейтін бірегей органға айналып келе жатыр, – деді Елбасы.
Осы орайда Н.Назарбаев басқа елдер Қазақстан тəжірибесін үйреніп жатқанын атап өтті. Сондықтан Ассамблеядан сайланған депутаттар елдің бірлігін сақтап, қазақ халқының төңірегіне барлық адамды біріктіруге өз үлесін қосады. Бұдан бөлек, Сенат Төрағасы Мəулен Əшімбаев, Мəжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сондай-ақ түрлі ведомство басшылары дауыс берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясының ашылу рəсімінде ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жиынның маңызына тоқталды.
Кеңес қарауының қорытындысы бойынша Парламент Мəжілісіне депутаттыққа Ассамблея сайлайтын кандидаттар ұсыну туралы шешім қабылданып, олар сайлау бюллетеніне енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Парламент Мəжілісі депутатына кандидаттарды сайлау аяқталған соң, Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нəтижесін жариялады. Дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны – 351 адам. Мəжіліс депутаттығына кандидаттар үшін берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абдрахманов– 298, Аветик Амирханян – 270, Ильяс Буларов – 274, Наталья Дементьева – 292, Юрий Ли – 282, Вакиль Набиев – 285, Шамиль Осин – 271, Владимир Тохтасунов– 277, Абилфас Хамедов 290 дауысқа ие болды. Дауыс беру нəтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мəжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мəжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.
Дайындаған Арайлым Шабденова, суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ