Тұғырында тұрсын тіліміз

Қазіргі қазақ қоғамындағы көп талқыланып, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – мемлекеттік тілдің жай-күйі.

Толғанай АТАБАЙ

Ана тілдің мәртебесіне сәйкес қолданысын қалыптастыру бағытында атқарылған істер, жүзеге асқан жобалар, тындырылған шаруалар да аз емес. Ал нәтиже қайда?
Отыз жыл бұрын «Тіл туралы» Заңымызды қабылдадық. Рас, ел тәуелсіздігін алмаған тұста орыстың солақай саясатының салдарынан қазақтың тілдік құқығы шектелді. Азаттығынан айрылып, бодандыққа бойсұнған халықтың тілдік құқығының сақталуын кім қаламады дейсіз? Халқын тәуелсіздік жолындағы күреске бастаған аса көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылар ұлттық дамуымыз бен мемлекеттің тіл саясатын жүргізу жолында тер төкті. Ұлт зиялыларының маңдай терінің арқасында қазақ өз алдына егемен ел атанды. Міне, ширек ғасырдан астам уақыттан бері жоғымыз түгенделіп келеді. Алайда, елдігімізді айғақтайтын ана тіліміздің жайы әлі де мәз емес. Бұрын 30 адам қатысып отырған жиналыста 1-2 өзге ұлт өкіліне бола шенеуніктер орысша сайрайтын. Бүгінде жиналыста олар болмаса да, баяғы сол «таз кепеш». Ал сыртқы жарнама, көрнекілік құралдарының халін ауызға алудың өзі қиын. Одан қалды тілі толық шықпаған баласын орыс балабақшасына берген ата-анадан не үміт? Сонда Тәуелсіз еліміздің босағада тұрған тілін кім көкке көтереді, кім ұшпаққа шығарады?… Мемлекеттік тіл өзгенің тасасында қалмай, өрісті болуы үшін әрқайсысымыздың жанымыз шырқырап тұруға тиіс. Ал бізде қалай? Өзге ұлт өкілі шатып-бұтып бір-екі ауыз қазақша сөз сөйлесе «О, жарады!» деп мәз боламыз. Жуырда «ЮНЕСКО қазақ тілін жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарына енгізді» деген жаңалық еңсемізді езгіледі. Жалпы Халықаралық бірлестік 20 миллионнан аса адам сөйлемейтін тілдің болашағы жоқ деген ойды ұстанады. Осы тұста, ақын Қадыр Мырза-Әлінің: «Қазақ тілінің ұлылығы сонда: Бұл тілде кейбір қазақтардың өздері де сөйлей алмайды» дегені ойға оралады.

Comments (0)
Add Comment