Тұғыр төрінде – «Jambyl-Taraz»

Маусым айының соңы – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Өңірде қауырсын қалам иелерінің мерекесі қарсаңында спорттық ойындар спартакиадасын өткізу дәстүрге айналған.

Толғанай АТАБАЙ, Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйытқы болатын биылғы айтулы дода халық жазушысы Шерхан Мұртазаның құрметіне арналды. Журналистер арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға бағытталған жарысқа биыл небәрі 6 құрама қатысты. Жүзге тарта журналистің басын қосқан аламан волейбол, үстел теннисі, арқан тарту, дойбы, жеңіл атлетика секілді спорт түрлерін қамтыды. Өңірлік сынның ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев пен облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков төбе көрсетіп, тілшілер қауымын төл мерекесімен құттықтап, толағай табыс тіледі. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту орталығының басшысы Ғани Қарқымбаев жарысқа бас төрелік етіп, қатысушыларды жарыс ережесімен таныстырып өтті. «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен сайыс тартысқа толы болды. Оны қаламсаптары мен микрофондарын бір сәтке спорттық құралмен айырбастаған сала иелерінің алаңдағы алғырлығынан аңғаруға әбден болады-ақ. Себебі күнде доп теуіп, арқан тартып жүрмеген журналистер кәсіби спортшылардай ойнауға бар күш-жігерін салып бақты.
Сонымен, аталмыш додада арқан тартыс пен волейбол командалық күшті қажет етті. Әуелі журналистер спорт сарайының алаңына шығып, 400 метр қашықтықта жүгіріп, кім мықтыны анықтады. Айталық, бұл сында газетіміздің беттеушісі Анастасия Милькина мен іс-қағаз жүргізушісі Айпері Мамытжанқызы желдей есіп жүгіріп, көпшілік қошеметіне бөленді. Осылайша, ұжым арулары мәре сызығын алғаш болып кесті. Ал екінші айналымда 10 секундтық басымдықпен «77 ТV» арнасының спортшылары алға шығып, жеңіс жалауын желбіретті. Телеарна тілшілеріне есе жіберіп, «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы жүлделі екінші орынға ие болды. Келесі арқан тартыс сайысында жеребе бойынша біздің басылым «Aq jol» газетімен күш сынасты. Алайда бұл спортта да сәл сәттілік жетіспеді. Жеңіс «Jambyl TV» арнасының еншісіне жазылды.
Хош делік… Волейбол спорты спартакиада тізіміне биыл енгізілген еді. Командалық жүйе бойынша ойналатын әуе доп бәсекесінде «77 ТV» арнасы тұғыр төріне озды. Жеңімпаз құрамада сайдың тасындай кіл мықты жас спортшылар жиылған. Дегенмен бұл сында қалалық бас басылым да жақсы ойнай білді. Сонымен қатар үстел теннисі тартысы да өзінше қызыққа толы өтті. Әсіресе, арулар арасындағы сында газетіміздің тілшісі Әнел Әбдімомынова қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаздар легін толықтырды. Және ұлдар арасындағы бәсекеде газетіміздің тілшісі Кирилл Бердецкийге сәттілік серік болмады. Әйтсе де, әріптесіміз келесі жарыста барын саларына бек сенімді. Ойынның бас бәйгесі «Jambyl TV» арнасы директорының орынбасары Нұржан Мергенбайға бұйырды. Спартакиаданың соңғы сәті дойбы ойынының сайыпқырандары арасында өрбіді. Ойшылдар ойынында әйелдер арасында газетіміздің беттеушісі Жарқын Балқыбековаға қарсылас шақ келмеді. Ал ерлер арасындағы жарыста фототілшіміз Юрий Ким төртінші орынға тұрақтады. Бұл тартыста жеңімпаз деп «Aq jol» газеті бас редакторы орынбасарының міндетін атқарушы Асхат Райқұл үздік атанды.
Сонымен, командалық есеп бойынша 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медальмен «Jambyl TV» арнасы Шерхан Мұртаза атындағы спартакиаданың жеңімпазы атанып, 120 мың теңге сыйақыны иеленді. Ал қалалық «Jambyl-Taraz» газеті 2 алтын, 1 күміспен күптеліп, екінші орын биігінен табылып, 100 мың теңге қаржылай жүлдені қанжығасына байлады. Араға ұзақ жылдар салып келген жүлде газет ұжымының қуанышын еселегені даусыз. Және үшінші орын жүлдесі «77 ТV» арнасына бұйырып, әріптес құрама 80 мың теңге сыйақыны еншіледі. Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер журналистерді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбаев арнайы марапаттап, мерекелік лебізін білдірді.

Comments (0)
Add Comment