Төле би атындағы №8 гимназияның директоры
Еліміз егемендікті еншілеген сәттен бастап білім саласына ерекше көңіл бөлінді. Жаңа оқу ордалары бой көтеріп, саланың қарыштауына жол ашылды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ең көп реформаны бастан өткерген білім саласының тамырына қан жүгіртіп, құлаш жаюына серпін берді.
Азаттықтың алғашқы жылында негізі қаланған Төле би атындағы №8 гимназия да білім жүйесінің өркендеуіне мейлінше үлес қосып келеді. 1992 жылы есігін айқара ашқан нысан алғашқы күндерден-ақ оқу-тәрбие үрдісінде оқушының дарындылық қабілетін дамытуды қолға алуда. Осы бастаманың сәтті жүргізілуі мектептің жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне негіз болды. Шәкірттерді бейімділігіне сәйкес тереңдетіп, сала бойынша, дифференциациялы оқытуды көздейтін негізгі және қосалқы жалпы білім беретін бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында білім ордасына 1997 жылы мектеп-гимназия статусы берілді. Ал 2001 жылы гимназия дәрежесін иеленіп, оқытудың инновациялық үрдісіне қадам басты. Осыдан бастап білім ордасына тек өрлеу кезеңі басталды. Айталық, білім ордасы 2001-2005, 2009-жылдары Қазақстанның 100 үздік мектебінің қатарына енсе, 2007 жылы облыс бойынша жылдың таңдаулы мектебі атанды. Сондай-ақ 2018-2019 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату алаңы ретінде танылды. Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылында «Ең үздік қала мектебі» аталымын жеңіп алды. Бұл да өз кезегінде оқу ордасы үшін зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Гимназияның материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. 4 ғимараттан тұратын оқу кешенінде 61 оқу кабинеті бар. Оның 8-і интерактивті тақтамен жабдықталған. Сонымен қатар 394 компьютерлік құрылғымен жабдықталып, 3 компьютер сыныбы орналасқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде цифрландыру ісін жеделдету қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл мәселе де гимназияда оң шешімін тапқан. Педагогтардың барлығы дерлік «Kundelik», «Bilimland» білім беру платформасын еш қиындықсыз, еркін пайдаланып, мектеп кітапханасының автоматтандырылған электронды жүйемен қамтылуы – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.
Мектеп кітапханаларын сапалы көркем әдебиетпен қамту мәселесін де Президентіміз шегелеп тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде гимназия кітапханасының қоры 66854 дана кітаппен қамтылса, оның 8276 данасы көркем әдебиет туындылары. Оқулықтар, анықтамалық және әдістемеліктер 58233 дана, аудиодисктер мен электронды оқулықтар 345 дананы құрайды. Әрбір оқырманға шаққанда кітап саны 32-ге тең.
Ұстаз қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың, үздіксіз іздену мен оқып-үйренудің маманы болғандықтан, оған шәкірт тәрбиелеу міндеті жүктелген. Сондықтан да қарапайымдылық пен кішіпейілділік, адалдық пен әділдік, байқампаздық пен сезімталдық, мейірім мен ізгіліктің үлгісі — ұстазға тән қасиет. «Бәрі де мұғалімнен басталады» демекші, оның білімі, адамгершілігі, балаға деген сүйіспеншілігі, олардың келешекте жеке тұлға болып өсуіне ықпал жасайды. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес. Сондай ұлағатты жандардың қалың шоғыры Төле би атындағы №8 гимназиясында қалыптасқан. Мұндағы мұғалімдердің 99 пайызы жоғары білімді, педагогтардың сапалық құрамы 72,3 пайызды құрап отыр. Олардың ішінде 4 педагог ҚР білім беру ісінің үздігі, 5 ұстаз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, 1 мұғалім ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық, 1 ұстаз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері. Сонымен қатар 1 педагог «Үздік педагог» атағын және «Ерен еңбегі үшін» медалін еншілеген. Ұстаздардың барлығы ақпараттық- коммуникативтік технологияларды қолдану бойынша біліктілікті арттыру курсына қатысқанын атап өтуіміз керек.
Гимназия ашылғалы бері бітіруші түлектердің саны 2356 оқушыны құрады. Оның 921-і жоғары оқу орындарын мемлекеттік білім беру грантымен аяқтаса, 63-і «Алтын белгі» төсбелгісі, 123-і «Үздік аттестат» иегерлері. Ал 14 түлек «Болашақ», 5 түлек «Аccels», 1 түлек «РAD» бағдарламасының грант иегерлері атанған. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер еліміздің барлық аймағында әртүрлі саладағы қызметте жүр. Сондай-ақ гимназия оқушыларының бір тобы АҚШ, Канада, Бразилия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша, Венгрия, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Жаңа Зеландия, Шотландия, Оңтүстік Корея, Түркия сияқты мемлекеттерде білім алып келсе, енді бірі әлі де білімдерін жалғастыруда.
Өткен оқу жылы да ерекшеліктерге толы болды. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында әрбір білім беру ұйымында оқыту форматы әр өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүргізілді. Біздің гимназиямыз оқу жылын оқытудың аралас форматында аяқтады. Оқу ошағы өткен оқу жылын 85 сынып комплектісінде 2328 оқушымен аяқтаса, оның 102-сі өмір мектебіне жолдама алған мектеп бітіруші түлектер. Олардың 10-ы «Алтын белгіге», 7-і «Үздік аттестатқа» үміткер еді. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша бұлардың барлығы сенімді ақтады. Соның нәтижесінде гимназия бойынша білім сапасы 79,4 пайызды құрап, 712 оқушы оқу жылын үздік тәмамдады.
Кез келген оқу орны өзінің шәкірттерімен мақтанады. Сол сияқты гимназиямыздың саналы өрендері де жыл сайын түрлі деңгейдегі білім, өнер, спорт бәсекелерінде топ жарып, үздіктердің қатарын толықтырып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында халықаралық білім бәйгелеріне үздік атанған жеткіншектерді ынталандыру мақсатында белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы табыстау керектігін жеткізді. Президентіміздің осы бір тапсырмасы келешекте білімге құштар жас буынның қарасын арттыратыны сөзсіз. Бұл қатардан гимназия оқушылары да табыларына сенім мол.
Гимназия қабырғасында білім саласымен қатар, тәрбие жағы да кемшін түсіп жатқан жоқ. Осы мақсатта оқушылардың бойында азаматтық және қазақстандық патриотизмді, өзіндік санасы мен сезімінің және адамгершілік көзқарасын қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, Конституцияға және қоғамға қарама-қайшы келетін әрекеттерге төзбеушілікке, өзін-өзі жетілдіру арқылы өмірлік мақсаттарына жете алуға, зиянды заттардан аулақ болуға бағыттау арқылы тәрбиелеу жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы білім ордасында сәтті жүзеге асуда. Мәселен, түлектер мен демеушілер есебінен 2018-2019 оқу жылында дәлізге теледидар қойылып, фотоаппарат тарту етілсе, 874 мың теңгеге бастауыш ғимаратының сыртына косметикалық жөндеу жұмыстары жасалды. Ал 2019-2020 оқу жылында 5 домбыра аспабы беріліп, 52 түп арша ағашы отырғызылды. 892 мың теңгеге робототехника кабинеті жабдықталып, стендтер ілінді. Ал өткен оқу жылында түлектеріміздің демеушілігімен диспенсер, тепловизор, санитарлық кілемшелер табысталып, мектеп ауласына 29 дана арша, 20 дана жеміс ағашы отырғызылып, «Түлектер тақтасы», «Оқушылар парламенті», «Құрмет тақтасы», «Ардагерлер тақтасы» стендтері көрнекті жерлерге қойылды. Бұл жомарт жүректі мақтаныштарымыздың алтын ұяларына көрсеткен қамқорлықтарының бір сыпырасы ғана.
30 жылға жуық уақыттан бері жүйелі жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстардың нәтижесінде жуырда өткен облыстық Тамыз кеңесінде гимназиямыз облыс бойынша «Ең үздік орта білім беру ұйымы» атанып, 34 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Аталған қаржы алдағы уақытта гимназияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ.
Жаңа оқу жылында балғындарымыз дәстүрлі білім беру форматына қайта оралып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер әліппемен қауышты. Сондықтан да осы оқу жылынан да күтеріміз мол. Білімді қару, тәрбиені қалқан еткен ұлағатты ұстаздарымыз бен озық ойлы шәкірттеріміз барда гимназияның жұлдызы одан әрі жарқырай түсеріне сенім мол.