Тәуелсіздікке тарту

Абай атындағы орталық кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің діңгегі» атты мерекелік кеш өтті.

Зере Қуаныш

Тәуелсіздік күнін лайықты деңгейде атап өту, егемен еліміздің даму тарихын жалпақ жұртқа жария ете отырып, азаматтардың көкейінде патриоттық сезімді арттыру, еліне адал қызмет етуге шақыруды мақсат тұтқан шара ұйымдастырушылары кешті бірнеше бөлімге бөлген. Кештің шымылдығы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Бозторғай» домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Адай» күйімен түрілді.

Одан кейін кеш қонақтары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры Сәмен Құлбарақ өз ойларын ортаға салды.

– Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тәуелсіздіктің қадірін жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік– әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды. Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам бастық. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең.

Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Біз ұлттық құндылығымызды дәріптеп, егемендігімізді мәңгілік ететін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек,– деді филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ.

Сондай-ақ жиында Қайырбек Асанов та тәуелсіздік туралы ойын ортаға салып, кеш көрермендеріне тақырыпқа сай жырларын оқып, көпшілікті қуантты. Ал кітапхана ұжымы «Тәуелсіздікке тарту» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, кітапхана қызметкерлері Г.Нүрпейісова мен Г.Қонысбаева кітаптарға библиографиялық шолу жасады. Сонымен қатар кеш барысында кітапхананың тұрақты оқырмандары мен қызметкерлері тәуелсіздік туралы өлеңдері мен арнауларын көпшілікке паш етті. Кеш барысында қалалық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, кештің сәнін кіргізді.

Comments (0)
Add Comment