Тәуелсіздік тірегі – білімді жастар

Президенттің қыркүйектегі Жолдауы халықтың ерекше ықыласын тудырды. Сан саланы қамтыған құжат көпшіліктің көңілінен шықты. Экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту, білімге, ғылым және бизнес салаларына ерекше екпін түсірілді. Әрине, бұлардың барлығы ел тағдыры үшін аса маңызды. Өзім ұстаз болғандықтан, әуелі білім саласына тоқтала кетпекпін.

Мемлекет басшысы жетекші саланың дамуына қатысты біраз тапсырмалар жүктеді. Расында, дәстүрлі жүйе негізінде білім алуға барынша жағдай жасалуы керек. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытқан аса маңызды. Сол арқылы жасөспірімдер бірнеше тілді меңгерген, озық ойлы азаматтарға айналады. Еліміздің күші – жастардың білімінде. Сол үшін спортқа, шығармашылыққа айрықша көңіл бөлінген жөн.
Тағы бір мәселе, отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сол себепті мемлекет ҰБТ нәтижесіне және де басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлауда. Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Осы түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік- жекеменшік серіктестік орнату тәсілі енгізілмек.
Ең қуанышты хабар – ұстаздар еңбекақысының артуы. Мемлекет тарапынан ұстаздарға аз қолдау жасалған жоқ. Бұл жаңалық та педагогтар қауымын жігерлендірді. Сол үшін еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеу – біздің бұлтармас борышымыз. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Мен де өз әріптестерімді Президенттің Жолдауын қолдап қана қоймай, оның іске асуына атсалысуға шақырамын.

Гүлшат ЖАПАРҚҰЛОВА, Дулати университеті «Қолданбалы биология» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment