«Тәуелсіз елдің ұландары»

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев талапты жастарды марапаттады

Кеше Тұңғыш Президент күніне орай Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев сан салада жемісті еңбек етіп жүрген үздік жастарды марапаттады. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіз елдің ұландары» атты шараның негізгі мақсаты талапты жастарды қолдау болды. Бұл – Тараз қаласында жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында жанданған ілкімді жобаның бірі.

Салтанатты шарада Ержан Жұматұлы қаланы көркейтуге, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, ақпараттандыруға үлес қосып жүрген жастарға табыс тіледі.
– Еліміз өткен отыз жылдық белес- те әлеуметтік-экономикалық жағынан қуатты мемлекетке айналып, сан салада үздіксіз дамыды. Тәуелсіздік жылдарында көпұлтты мемлекетіміздің көрші елдермен терезесі теңесіп, саяси аренада өзінің орнын айқындап үлгерді. Бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан.
Биыл Тараз қаласында қыруар жұмыстар атқарылды. Мысалы, қалада 37 көппәтерлі үй соғылып, 34 көшеге жол салынды, 35 көше жарықтандырылып, спорт алаңшалары пайдалануға беріліп, бес мектеп бой көтерді. Осының барлығы Мемлекет басшыларының арқасы деп білемін.
Жуырда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын таныстырды. Сонда Тұңғыш Президент еліміздің одан әрі дамуы жастардың қолында екенін айтты. Осы орайда мереке қарсаңында құрметке бөленіп отырған қаламыздың талапты жастарына тек табыс тілеймін, – деді Ержан Жұматұлы.
Бұдан соң шаһар басшысы «Жас журналист» номинациясы бойынша үздік деп танылған «JAMBYL-TARAZ» газетінің тілшісі, әріптесіміз Сәндібек Піреновті, «Жас құқық қорғау органы қызметкері» номинациясында Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қынат Несіпбекті, «Үздік жастар ұйымы» номинациясымен «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігін және «Қоғамдық қызметкер» номинациясымен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің қызметкері Нұрсұлтан Бизатханов пен Мақпал Бибітованы марапаттады.
Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласып, жиылған көпшілік өңір өнерпаздарының шашуына сусындады.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment