Тәуелсіз елдің ұландары

Бұғауда болған Отанымыздың бұлқынып, өз дербестігіне жеткеніне биыл 29 жыл. Сол тұста туған бала бүгін орда бұзар отыздың есігін қағып тұр. Бірі – өз ісінің шебері, бірі – ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген азамат. Енді бірі – бесік тербеткен аяулы ана.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тәуелсіздік – азаматтарымыздың еркін ойлы, өр мінезді, жасқанудан ада, жігерлі болып өсуіне мұрындық болған бағасыз құндылық. Сол себепті де бағалы. Сол себепті де соншалықты қымбат. Осы қастерлі ұғымның бар қасиетін бойларына сіңіріп өскен жастардың бүгінгі тынысы қандай? Әрқайсымен тілдесіп, жеткен жетістіктері мен ой-армандары туралы сөйлескен едік.

Ерқасым Ешенқұл,

аяқдоп шебері:

– Бала кезімнен спортқа құмар болдым. Аулада, мектеп стадионында аладоптың соңынан қалмайтынмын. Әлемге танымал спортшылардың жасыл алаңдағы шеберліктеріне тәнті болып, соларға еліктеп өстім. Футболға деген ерекше назарымды байқаған ұстаздарым талантымды ашуға көмектесіп, талабымды тоқтатпауға шақырды. Жетінші сыныптан бастап үйірмеге қатыстым. Ең алғашқы жаттықтырушым әрі тәлімгерім Жандос Баетов болатын. Сол кісінің қажырлы еңбегінің арқасында облыста чемпион атандық. Одан соң мені және менімен қатар төрт жас спортшыны Жуалы ауданынан Тараздағы облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жіберді. Аталмыш оқу мекемесінде білім алып жүріп, кәсіби деңгейімді шыңдадым. Қатарластарыммен спорттағы мансабым осылай басталды. Кейін «Тараз» футбол клубының қатарына, одан соң «Лашынға» келіп өнер көрсеттім. Жоғары лигаларда, ел чемпионаттарында, премьер-лигада топ жарып, үздіктер қатарынан көріндім. Талантымды таныған спорт мамандарының шақыртуымен Қостанайдың «Тобыл», Ақтаудың «Каспий», «Мақтарал», «Арыс» командаларында жартылай қорғаушы, шабуылшы болып ойын көрсеттім. Байқасам, Қазақстанның бірнеше командасындағы спорттық мансабыма он жылдай уақыт болыпты. Өзімнің деңгейіме, жетістіктеріме көңілім толғандықтан, ендігі меже шәкірт тәрбиелеу екенін түсіндім. 2019 жылдан бастап қаладағы №5 спорт мектебінің футбол бөлімінде жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Жасөспірімдермен өз білгеніммен бөлісіп, аладоптың қыр-сырына қанықтырып, жақсы, кәсіби футболшы болуларына өз үлесімді қосқым келеді. Қазіргі бар мақсатым – осы. Осындай жетістіктерге жеткізгені үшін де тәуелсіздік менің санамдағы қасиетті ұғымдардың көш басында тұр. Елмен бірге есею – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Расында, Желтоқсанның екпінімен келген тәуелсіздіктің біз үшін орны қашанда бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналарымыздың Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл – біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Бұл тұрғыда жастардың атқаратын рөлі орасан. Себебі жастар – қоғамның басты қозғаушы күші, еліміздің болашағы. Мен де жас азамат ретінде елімнің өркендеуіне үлес қосып, аянбай еңбек еткім келеді. Ол үшін біздің тәуелсіз елімізде бар жағдай жасалған. Бұл ретте мен барлық отандастарымды, жерлестерімді, спорттағы жастарды еліміз үшін қастерлі дата – Тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді. Осы елдің мүддесі жолындағы еңбегіміз әрдайым жемісті болсын. Елімізбен бірге өркендей берейік!

Олжас Райымқұлов,
IELTS тренері, «BrightFox» ағылшын тілі мектебінің негізін қалаушы:

– Мен мемлекет берген мүмкіндіктерді сәтті пайдаланған, тәуелсіздікпен бірге ержеткен азаматпын. Мектеп бітірген жылы «Екі шет тілі» мамандығы бойынша Сүлеймен Демирел университетінің грант иегері атандым. Орталық Азиядағы көшбасшы ЖОО-ға түсу арқылы ағылшын тілін тереңінен үйреніп, көкжиегімді молынан кеңейттім. Білімге құштарлығымның арқасында оқуды тәмамдап, қолыма дипломымды алған соң, жаңа бағытта білім беретін Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Заманауи үлгіде, өзгеше бағытта білім беретін мектепте ұстаз бола жүріп, нағыз педагогқа тән көптеген қасиеттерді бойыма сіңіре алдым. Әріптестеріммен тәжірибе алмас-тым. Осы ұжымда жүріп келешекте өзімді тек білім беру саласынан ғана көретінімді түсініп, мемлекет ұсынған тағы бір мүмкіндікті мүлт жібермеу керегін ұқтым. Оның үстіне ұстаздық ардақты мамандық екенін, шәкірт тәрбиелеп, ел ертеңіне елеулі үлес қоса алатынымды сезініп, бойымда ерекше қуат пайда болды. Нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Манчестер университетіне оқуға түстім. Бір жыл білім алып, диссертациямды жаздым. Диссертацияның зерттеу жұмыстарын өз елімде жүргіздім. Диссертацияны сәтті қорғап, елге оралдым. Алған білімімді Отанымның гүлденуіне жұмсау үшін балаларға білім беру кезінде болатын мәселелерге өзімнің шетелден жинап келген тәжірибелерімді қолдандым. Педагог пен бала арасындағы қарым-қатынас, жаңа деректерді бала санасына сіңдіру үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер менің зерттеуімнің өзегі болатын. Осы сала бойынша түрлі ұсыныстар әзірлеп, әріптестеріммен бөлістім. Бұл ұсыныстар келешекте тек ұстаздарға өзара тиімді жұмыс жасау үшін ғана емес, шәкірттермен тығыз байланыста болу, білім беру процесін нәтижелі ету үшін де өз септігін тигізетініне сенімді едім. Жүргізген зерттеуімнің мақсаты жаңа дүниені үйрену ғана емес, осыған дейін болған мәселелерді дәл тауып, түзетуді де көздейді.

Елге оралған соң, бірнеше мекемеде қызмет еттім. Кейінірек қанатымды кеңге салып, жеке шығуды көздедім. Англияда алған білімім мен Назарбаев Зияткерлік мектебінен жиған тәжірибем бұл тұрғыда маңызды рөл атқарды. Осылайша, Таразда өзімнің «BrightFox Education» ағылшын тілі мектебімді аштым. 2019 жылдан бастап жемісті жұмыс істеп келемін. Оқушыларға шет тілінен сабақ беріп, IELTS емтиханына дайындаймын. Ағылшын тілінің түрлі деңгейлерін меңгеріп, IELTS сертификатына қол жеткізген шәкірттерім аз емес. Олардың осы деңгейге жету жолында үміттерін ақтай білгеніме өте қуаныштымын. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жұмыс – менің хоббиым. Мен білім беру арқылы өзімді толыққанды сезінемін. Тек бизнес қана емес, қоғам үшін пайдалы дүние жасап жатқаным мені қанаттандырады. Мен оқытқан балалар болашақта жарқын белестерді бағындыруы әбден мүмкін. Тұлға болады, елдің іргесін нығайтады. Қазір тіл білу – сән. Ал ағылшын тілін білу арқылы көптеген дереккөздерге қол жеткізуге, әлемнің жабық қақпаларын ашуға болады. Әлемдегі 80-90 пайыз әдебиет ағылшын тілінде. Бұл ретте мен дұрыс бағытта келе жатқанымды жақсы түсінемін. Келешекте осы шағын мектебімді кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды жоспарлап отырмын. Білім сапасын күн сайын арттыру да – негізгі бағытым. Балаларға позитивті тұрғыда білгенімді үйретіп, алдағы жылдары докторантураға түсуді ойға алып жүрмін. Сайып келгенде, кәсіби тұрғыда сүйікті ісім бойынша жасап жатқан тіршілігімнің барлығы елімнің дербестігінің жемісі деп білемін.

Өз шекарамызды, жеке аумағымызды, Әнұранымыз бен Елтаңбамыз, Туымызды бекітіп, әлем алдында қасқайып тұруымызға мүмкіндік берген тәуелсіздікті бағалау, азат еліміз ұсынған мүмкіндіктерді осы елдің жарқын ертеңі үшін пайдалану әр жастың биік мақсаты болуы тиіс. Осындай армандарымыздың ақиқатқа айналуына себепкер болған қастерлі мереке Тәуелсіздік күнімен барша жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын. Аяғымызды алшаң бастырған азаттығымыздың қадір-қасиетін түсіне, ұғына, сезіне білейік.

Айткүл Бубеева,
жеті баланың анасы:

– 17 жасымда тұрмыс құрдым. Бүгінде жолдасыммен төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Ерте тұрмысқа шығып, келіндік қызметімді жасап, сәби сүйгеніме ешқашан өкінген емеспін. Адам ұрпағымен мың жасайды. Оның үстіне балаларымның мектепте білім алуына, балабақшаға баруына елде барлық жағдай жасалған. Бала тәрбиесімен белсенді айналысып отырғанымның арқасында елдің болашағы үшін перзенттеріме дұрыс тәрбие беруім керегін жақсы түсінемін. Ұлы көшті жалғайтын ұрпағын ұлттың келешегі деп ұғынатындар байлық жинап емес, бала санымен жарысады. Алла Тағала бергеннен кейін оларды жетілдіруге өзі көмектеседі. Үлкендер бізге үнемі көбейіңдер деп айтып отырады. «Мынаның осынша баласы, немересі бар» дегеннің өзі – біз үшін үлкен мақтаныш. Ұл-қызымен көрікті, немере-шөбересімен ажарлы отбасының шаңырағы қашанда базарлы. Тәрбиені талбесіктен беріп, ерте жастан еңбекке баулыған біздің әулет бүтін елге жарқын үлгі болса екен деймін.

Жас отбасыларға «өмірге ұрпақ әкелсеңдерші» десем, баспананың жоқтығын айтады. Олардың екі-үш баламен шектелуі «асырай алмаймыз» деген қорқыныштан деп ойлаймын. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ, әр баланың өз несібесі бар. Көп бала болса, бірін-бірі жетелеп, қарайласып, тез өседі. Бір төсекте құшақтасып өскен бала мейірімді болады. Рухани қажеттіліктер жас сәбиге ата-ана мен отбасындағы жылылық шуағы арқылы таралады. Сәбидің тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуында отбасының, дәлірек айтсақ, ата-ананың, ата-әженің және бауырларының орны ерекше. Қазақ «Баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын. Мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысамыз. Менің балаларым да өзім секілді тәуелсіз елдің өрендері. Еліміздің азаттығы, еркіндігі барда кішкентайларымның келешегі үшін қатты алаңдамаймын. Оқимын десе мектеп пен университет, шетел асамын десе түрлі бағдарламалар бар. Жиып, теремін десе үй алуға мүмкіндік беретін түрлі тәсілдер бар. Барлығы ниетімізге байланысты.
Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде осы жаймашуақ қалпымыздың мәңгіге жалғасуын тілеймін. Індеттен аман болып, іргеміз тыныш, бірлігіміз бекем болсын. Балаларымыз пен қарттарымыздың жүзінен күлкі кетпесін!

Comments (0)
Add Comment