Бүгінде дала гүлденіп, бұтаққа жаңа бүр шықты. Бірақ мұзға жаққан алаудай, 1986 жылдың желтоқсанында қара нардай қасқайып, қара қылды қақ жарып тұрып, қара жерді құшып қалған қаракөздер ешқашан ұмытылмайды. Азаттық жолында құрбан болғандарды еске алған қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы дәстүрлі жетінші рет «Тәуелсіздік дастарқанын» жайды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Арайлап атқан таңмен туып, алаулап батқан күнмен бірге сөнген, отауына от ала кіріп, оттығына от жонып үлгерместен, жауқазын гүлдің өскініндей жайқала жүріп, азаттыққа жетер жолда аза бойды қаза етіп кеткен азаматтарымыз қаншама! Сол асылдарымыздың есімі ел есінде жатталып қалды. Бүгінгі азаттыққа жасаған қадамымыз сол аяулы жандардың арқасы екені анық.
Тәжтажалдың ауыздығымен алысып жүріп, карантин кезінде келіп жеткен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күніне орай газет редакциясында әдеттегідей құрбандарға құран бағышталды. Ақ дастарқан төріне «Тәуелсіздік құрбандарына тие берсін» деген ниетпен ақ жаулықтылар жеті шелпек пісірді. Бұрымдылар шетсіз, шексіз әлемді сүйген жүрекпен осы күнге орай кешегі ызғарда құрбандардың ақ қарға жаңа тамған алқызыл қан тамшысындай, бүгінгі алқызыл гүлдің өскініндей алқызыл жаулық тағып келді. Бұл Желтоқсан құрбандарына деген құрметтен туындаған тілек еді.
Шара «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде тікелей эфир арқылы көрсетілді. Ең алдымен, «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали сөз алып, «Тәуелсіздік дастарқанының» жайылу себебіне тоқталды.
– Пандемия кезіне орай бұл салтанатты кешті редакция ішінде, сақтық талаптарына сай өткізуді жөн көрдік. Мынау аты жаман індет болмағанда, жылдағы дәстүрлі әдет бойынша мейрамханада, аста-төк көңілмен, осынау Желтоқсан оқиғасына қатысқан бүгінгі күннің батырларын төрге оздырып, сый-сияпат даярлап, мәре-сәре болып жүрер едік. Дегенмен де үрдісімізді үзіп алмай, ұжымымыздың ынтымағын жарастырып, бұл отырыс та өз жалғасын тапты. Мәселен, біз жаңа жылдық дастарқанға барымызды салып дайындаламыз. Бірақ «Тәуелсіздік дастарқанын» ескере бермейміз. Енді міне, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның жайған «Тәуелсіздік дастарқанын» басқа да қандастарымыз іліп алып кетіп, челлендж ретінде жалғастырса құба-құп, – деді өз сөзінде.
Одан кейін патриоттық ән-жырға кезек беріліп, 7 жасар Насифа Бекнұрқызы Мұқағали Мақатаевтың «Отан туралы» өлеңін мәнерлеп оқыды. Ал ұжымның қос ақыны Сәндібек Піренов пен Арайлы Жақсылық тәуелсіздіктің құрметіне арнаған жүрекжарды жырларын жолдады. Осынау жүректі қарып түсер ызғарлы Желтоқсанның гимніне айналған Әбиірбек Тінәлиевтің әніне жазылған «Желтоқсан желі» әні ұжымның орындауында шарықтай жөнелді.