ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құтқарушылардың жалақысы алдағы уақытта көтерілетінін, сондай-ақ өз жалақысының мөлшерін айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Баспасөз конференция барысында журналистердің бірі Ильиннің жалақысының мөлшері туралы сұрады.
«Менің жалақым бір миллион теңге шамасында. Жалақымды кез-келген министр секілді үкімет тағайындайды», – деп жауап берді ТЖМ басшысы.
Министр өз қызметкерлері мен қол астындағылардың жалақы мөлшері «төмен» екенін мойындады.
«Бірақ 2023 жылы барлық қызметкеріміз, төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің мамандары да ҰҚК қызметкерлеріне төленетін жалақының 80 процентін алады. Бұл дегеніміз, күш құрылымдарында жұмыс істейтін қызметкерлер лауазымына қарай шамамен бірдей жалақы алады», – деп атап өтті Ильин.
Осы орайда журналистер министр мен қатардағы өрт сөндірушінің жалақысы арасындағы айырмашылық тым үлкен екенін айтып, Ильиннің жеке ойын сұрады.
«Нақты қарайтын болсақ, өрт сөндірушілер бір тәулік, кей кезде араға бір күн салып, жұмыс істейді. Ал министр тәулік бойы, күніне 24 сағат жұмыс істейді. Сосын министрдің жауапкершілігі қатардағы өрт сөндірушіден кем емес», – деп жауап берді Ильин.
Ресми мәліметке сәйкес, азаматтық қорғаныс органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланып отыр. Биыл өрт сөндірушілердің жалақысы 20-50 процентке өссе, келесі жылы тағы 29 процентке артады.