Тұтастай өзгеріс сананы жаңғыртудан басталады

Талғат Ешенқұлов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

Қазіргі сәт – еліміз үшін елеулі кезең. Саяси реформалар – мемлекеттік жүйедегі өзгерістердің бастауына айналды. Ал референдум осы өзгерістен басталған өркендеудің құқықтық негізі болып отыр.

Тарихи баға берсек, бұл қоғамдық құрылымдық өзгерістің өзі.Елде жүргізіліп жатқан саяси реформаның қарапайым формуласы мынадай: «Күшті Президент, ықпалды Парламент, еститін Үкімет». Осы жүйенің жұмысын жүйелі жүргізу үшін алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап, алға стратегиялық жоспарымызды белгілеп алу керек болғаны айқын. Ұлттық құрылтай құрып, оның алғашқы басқосуын Ұлытауда өткізудің мән-маңызы осында жатыр.
Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар өткен. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңдерде болған. Мысалы, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болғаны белгілі. Ал Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырғаны мәлім.
Жалпы Ұлттық құрылтайлар ел өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауына айналып отырған. Тарихтан белгілі, Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші басқосуда Алаш автономиясы жарияланды. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілгені мәлім. Бұл құрылтай кезінде тағдырдың теперішін көріп, ел асқан қандастарымыз атамекенге қайта оралуына жол ашты. Міне, енді сол өзгерістердің бастауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртып отыр.
Жоғарыда айтқанымдай, Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өтуінің өзіндік мәні бар. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» дегенді бекер айтпаған. Ұлытау –талай тарихи оқиғаның куәсі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», – деген сөзі – нағыз тарихи баға. Сондықтан, Президент атап айтқандай, мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысанның бой көтергені, өте орынды. Әулиетаудың етегінде ашылатын Мемлекеттік рәміздер алаңы, онда көк байрағымыз асқақтап тұрғаны рухымызды көтерері сөзсіз. Сонда бұл тарихтың жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетер игі іске айналады.
Ұлттық құрылтайдың құрамына 117 адам енген. Барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтыған құрамға негізінен ұлттың, елдің мәселесін қозғай білетін, зерделі, келелі сөз айта алатын азаматтар таңдалғанына сенім мол. Мұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады. Мемлекет басшысы атап айтқандай, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек.
«Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылы қбілдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстауы қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Расында бүгінде қоғамда бір кері тенденция пайда болғанын мойындауға тиіспіз. Ортақ құндылықтар, ел мен жердің жайына қатысты, әлеуметтік мәселелерден бұрын әлеуметтік желілерде теріс пікір айтып, жұртты адастыратын, әсіре айқайшыл топтар бар екені жасырын емес. Бір өкініштісі, бірқатар басшылар солардың «аттанының» ықпалында кетіп, шынайы назар аударуды қажет ететін түйткілдер назардан тыс қалып жатады. Міне, осыған байланысты Президент жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беру қажеттігін ескертті. Дәл қазір қоғамды алға жетелейтін құндылықтардың керектігі ақиқат нәрсе.
Түгел айтқан сөздің түйіні бір. Біз саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін қоғамдық құндылықтарды жаңғыртуға тиіспіз. Ол үшін атаққұмарларды емес, еңбекқорларды дәріптеп, ұраншылдарды емес, ұлтжанды азаматтарды бағалауды, құрметтеуді үйренуіміз қажет. Тұтастықты сақтау үшін тұтастай өзгеріс сананы жаңғыртудан, көзқарасты түзеуден басталғаны жөн.

Comments (0)
Add Comment