Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында ақпараттық түсіндіру бойынша құрылған бесінші топ мүшелері №5 қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Жиынды қалалық мәслихаттың депутаты, топ жетекшісі Батырбек Құлекеев жүргізді.
– Бекітілген кестеге сәйкес әлеуметтік және медициналық мекемелерде жыл басынан бері кездесу өткізу жоспарланған болатын. Барлығыңызға белгілі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылдың қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Елбасының осынау саяси құжаты елдің экономикалық дамуына және Қазақстан халқының тұрмысы мен әл-ауқатының артуына байланысты келелі мәселелерді қамтып отыр. Айтылған мәселелердің бәрі аса маңызды. Халық арасында кең қолдауға ие болған Жолдауда денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп отыр. Ендігі біздің міндетіміз – қысқа уақытта аталған тапсырмаларды жүзеге асыру, – дейді Батырбек Әбдірәсілұлы.
Жуырда ғана елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өткен болатын. Саяси науқанда халықтың басым дауысымен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты Нұр-Сұлтан қаласында ұлықтау рәсімі өтіп, салтанатты шараға «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов қатысып қайтқан еді. Кездесуде бірлестік басшысы Абдурахман Зайнутдинов салтанатты жиындағы алған әсерін көпшілікпен бөлісті. Сонымен қатар Жолдау жүктеген міндеттер туралы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Ләззат Қызылқұлова мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бас маманы Асылбек Ошанов кеңінен тоқталып өтті.

Comments (0)
Add Comment