Қайырымдылық ісіңнен көрінеді. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, мұқтаж жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу — әрбір адамның азаматтық парызы. Себебі, ағайынның тірлігі асармен бітеді. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Құлан ауылында асарлатып салынған үйдің кілті салтанатты түрде табысталды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов «Асарлатып үй салу» жобасы осыдан біршама уақыт бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынғанын, жоба аясында аудан бойынша өткен жылы 16 үйдің 14-і салынып, 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға беріліп, қоныс тойы тойланғанын, биыл тағы да 14 үй тапсыру жоспарланып, биыл жыл басынан бері асарлатып салынған үйдің кілттері рет-ретімен осылай табысталып келе жатқанын айтып, әрбір үйде мереке бола беруін тіледі. Баспанаға ие болған үй иесінің қуанышына ортақтасып, қос қуанышпен, қос мерекемен құттықтады.
Аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің қызметкерлерінің бастамасымен қолға алынған бұл жобаға біреулер қаржылай, енді бірі заттай, ал келесісі қол күшімен жәрдем берді. Қажетті құрылыс материалдары ауылдық округтің әкімшілігі, округтегі жеке кәсіпкерлер, жастардың демеушілігімен алынған. Осылайша, ауылдастар өздерінің ынтымақ-бірлігін көрсетуде. Ата дәстүрімізді жаңғыртып, бірігіп, көмек қолын созған азаматтарға аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы алғысын білдірді.
Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, ауыл жастары мен ауданның жанашыр азаматтары демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқталмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы