Қараша айының 20 күні Катар мемлекетінде футболдан әлем чемпионатының түндігі түрілді. Мұсылман елдерінің арасында алғаш өтіп отырған доп додасы 18 желтоқсанға дейін жалғаспақ.
Араға 20 жыл салып Азия құрлығына қайта оралған бұл дода өз ерекшелігімен есте қалмақ. Айталық, бұрындары байрақты бәсеке жадыраған жаз айында жалауын желбіретсе, Катардағы чемпионат қыс мезгіліне таяу басталды. Мұның себебі Катарда жаз мезгіліндегі ауа температурасының жоғары болуымен байланысты. Тіпті Арабия түбегінің шығысында орналасқан елде ауа температурасы жаз мезгілінде +50 градусқа дейін жететін көрінеді. Мұндай аптап ыстық әлем чемпионаты барысында футболшылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да ФИФА осындай шешім шығарған болатын. Тағы бір ерекшелігі, бұл 32 құрама бақ сынайтын соңғы әлем чемпионаты болмақ. Себебі 2026 жылғы мундиальда командалар саны 48-ге дейін артпақ. Әрі бұл әлем тарихында алғаш рет әйел төрешілер қызмет атқаратын алғашқы дода ретінде де тарихқа енбек.
Төрткүл дүние көз тіккен аладоп аламанының алғашқы ойын Доһадағы 60 мың жанкүйер сыятын «Эль-Байт» стадионында алаң иелері Катар мен Эквадор арасында өтті. Жарыс нәтижесінде Катар эквадорлықтарға 2:0 есебімен есе жіберді.
Жарыстың екінші күні «А» тобында Нидерланды құрамасы Сенегалды 2:0 есебімен тізе бүктірді. Нидерланды 2018 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмаған еді. Ал Сенегал Катардағы жарысқа Африка чемпионы ретінде келді. Бұл елдің құрамасы былтыр өткен Африка кубогында жеңіске жеткен болатын.
Сондай-ақ осы күні «В» тобында АҚШ пен Уэльс құрамалары кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасты. Матчта алдымен АҚШ есеп ашса, кейін ойын соңына таман уэльстік Гарет Бэйл пенальтиден есепті теңестірді. Осы топтағы Иран құрамасымен тартысқа түскен ағылшындар аянып қалмады. Англия құрамасы бірінші таймның өзінде Иран қақпасына жауапсыз 3 гол соғып үлгерді. Оны Джуд Беллингем 35-інші, Букайо Сака 43-інші, Рахим Стерлинг 45-інші минуттарда өздерінің еншісіне жазды. Екінші кезеңде Иран 2 гол салса, ағылшындар қарқынын үдетіп тағы 3 допты қарсылас қақпасында тулатты. Нәтижесінде ойын 6:2 есебімен Англияның пайдасына аяқталды.
Айта кетейік, 18 желтоқсанға дейін жалғасатын жарыстың жеңімпазы 42 миллион долларға қол жеткізсе, күміс жүлдегер 30 миллион, қола жүлдегер 27 миллион долларға ие болады. Төртінші орын алған командаға 25 миллион доллар бұйырмақ.