Отандық дизайнер Құндыз Қалитханқызы төрт баласымен ескі дүкеннің ғимаратында тұрады. Онда тіршілік үшін ешқандай жағдай жасалмаған, дәретхана, асханасы атымен жоқ. Көп балалы ана төртінші сәбиін дүниеге әкелген соң зағип болып қалған. Қайырымды жандардың көмегімен ота жасап, жасанды көз салдырады. Осыдан кейін ісі де жүрмей, пәтер таба алмай балаларымен кішкентай дүкенді паналайды. Басына іс түссе де мойымаған көп балалы ана балаларымен жылы баспанаға зар болып отырғанын айтып, халықтан көмек сұрайды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
34 жастағы Құндыз Қалитханқызының кішігірім сән үйі баспанасына айналған. Мұнда дизайнер тапсырыс алып, шаруасын істейді, балаларын қарайды. Бір үстел бірнеше рөл атқарады: дастархан да болады, қажет кезде тігін үстеліне де айналады. Сәнгердің айтуынша, қиындықтардың барлығы төртінші баласын босанған соң жанарының көру мүмкіндігінен айырылған кезде басталған.
Менің өткен өміріме қарамаңыздар
“Кішкентай ғана сән үйімді ашып, осы жерде тапсырыстар жасап жүрмін. Қазіргі таңда біздің мұқтаждық тікелей баспанаға байланысты болып отыр. Менің төрт балам бар. Былтыр төртінші баламды көтерген кезде көз жанарым көрмей қалды. Өкінішке қарай, біздің қайырымдылық қорларынан еш хабар жоқ. Тек үмітпен отырмыз. Әрине, бір Алладан үміттіміз. Мына үйдің суықтығында балалармен тұру өте қиын. Шамамен 30 минутқа пешті қосып, содан соң өшіріп күн көріп жатқан жағдайымыз бар”, – дейді дизайнер.
Көп балалы ананың сөзінше, “үйдің” иесінен темір төсектер алдырып, балаларымен сонда ұйықтайды. Ол қиналған тұста қол ұшын созбаған қайырымдылық қорларына ренішін білдірді.
“Дүкен осы ауданда тұратын дәрігер кісінікі, оған 30 мың теңге төлеймін. Осындай жерде тұрып жатқанымды келіп көріп кетпеген қайырымдылық қорларына айтарға сөзім жоқ. Менің өткен өміріме қарамаңыздар, қазіргі жағдайыма қараңыздар”, – дейді Құндыз Қалитханқызы.
Бірінші күйеуім үйге басқа әйел алып келді
Дизайнер Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Сәби кезінде әке-шешесі тастап әжесінің қолында өскен.
“Ананың құрсағынан бастап сыналып, әлі де сынақтан өтіп келе жатырмын. Алланың сүйген құлымын деп ойлаймын. Бірақ менің кішкентай балапандарымның ешқандай кінәсі жоқ. Маңдайға жазған тағдыр шығар деймін.
Көз жанарымның көрмей қалған себебіне келсем. Мен бірінші жолдасымнан үш баламен ажырасқан болатынмын. Ол кісі бір әйелді қатты сүйіп жүкті етіп шаңырағымызға алып келді. Екі жарым айдай бір шаңырақта тұрдық. Содан арада он жыл өткен соң омырауымнан ісік табылды”, – дейді ол.
Айтуынша, аты жаман ауруға шалдығуы себепті құрсақ көтеруі қажет болған. Осы кезде екінші жолдасын жолықтырған.
Алладан перзент беріп, он екі мүшемнің бірін алуын тіледім
Дизайнер екінші жолдасын жолықтырып, біраз уақытқа дейін сәби сүйе алмай жүреді. Осы кезде Құдайдан сәбилі болуды сұрап, дұға жасайды. Ол дұғасы қабыл болады.
“Алладан перзенті жоқ адам тіледім. Ол кісіні Құдай кездестірді. Одан бес рет құрсақ көтердім, бірақ бойыма бітпеді, денсаулығына байланысты ол кісіні де емдеттік. Содан соң алтыншы баланы көтеретін кезде Аллаға сыйынып, дұға жасадым. Ешқашан бұл дұғаны сіздер жасамыңыздар. Алладан “менің қандай күнәм бар?”, “осы перзентті беріп, неге қайта алып қоя бересің?” деп сұрадым. “Осы күнәм үшін менің он екі мүшемнің бірін ал да, орнына дені сау перзент сыйлашы” дедім.
Күндердің күні жүкті екенімді білгеніме бір апта болған кезде екі көзім көрмей қалады. Жарық дүниені көрмеу деген ұйқыдан тұрып көзің бұлдырап тұрғандай сезім. Он бір ай бойы мен бұл жарық дүниемен сыр бөлістім. Құдаймен кеңестім, сырластым. Құдайдан соншалықты алыстап кеткенімді түсіндім, кешірім сұрадым”, – деп есіне алды көп балалы ана.
Баспанаға жету үшін басқа бауырлар сияқты өртеніп кетуіміз керек пе?
Айтуынша, көзі көрмей қалған соң қайырымды жандардың көмегімен ота жасатқан, қазір көзі көреді, бірақ оған тыңғылықты күтім керек. Әр апта сайын дәріге 35 мың теңгесі кетеді екен. Өзі көмек сұрап барған жерлерде бетін қайтарып тастайтынын айтады.
“Ресейден келген дәрігер ашқан емханасына бардым. Сонда емдеттім. Әрине, өзімнің көзім емес, жасанды көз болғандықтан басқан ізіңді аңдап, істеген ісіңді дұрыстап жасауға тырысасың. Ешкім мұндай болады деп ойламайды” – дейді ол.
Өзінің басынан өтпеген соң көбі түсіне бермейді, дейді жалғызбасты ана.
“Сіз дизайнерсіз, күйеуіңіз тірі дейді. Өзіңіз аман-саусыз дейді. Сонда біз баспанаға жету үшін басқа бауырлар сияқты өртеніп кетуіміз керек пе? Әлде менің төрт балам жылы баспанаға кіру үшін мен өртенім кетуім керек пе? Халқымның, қазағымның алдында өтініп сұрайтыным осы баспана.
Мұқтаж жандар азайса, біз де мұқтаждықтан шығып, қазақ еліне үлесімізді қосар едік. Жолдасым кетті, оған мен налымаймын. Алла санасына берсін, түбінде келеді деген ниетім бар. Себебі перзенті бар. Халықтан, үлкен басшылықтардан жылы баспана сұраймын. Екі бөлмелі болса да, жылы баспанаға өте мұқтажбыз”, – дейді Құндыз Қалитханқызы.
4 баламен тастап кеткен жолдасымды кешіремін
Оның сөзінше, бұрынғы жағдайы әлдеқайда жақсы болған. Бірақ қазіргі таңда жолдасына өкпесі жоқ екенін айтады.
“Кішкентай қызым туған соң мені бір айдан кейін тастап кетті. Себебін сұрадым. “Баланы сақта да Ақтауға кетші” деді. Ол жақта анам тұрады. Қандай сынақтар болса да бәрін көтеремін. Күйеуім кеткен соң қиналғандықтан жеті ательені жауып, жалға алған орындарды төлей алмаған жерлерге машинкаларды беріп, тамақ үшін заттарды, дүниелерді сатып, бір ғана цех қалдырдым.
Көз жанарым көрмесе де, үйде қарап отырмадым. Тігінші жалдап тапсырысқа жұмыс істедім. Мен үшін матаны таңдау, тігістерді көре алмау ауыр болды. Құдайға кеудемдегі жүрегімді соқыр қылмағанына алғыс айтамын. Қаншама жандар жүрегі соқыр болып жүр.
Әрине, бұрынғы жағдайым жақсы болды, халыққа танылдым. Жолдасымды да түсінемін. Мұндай ауыртпалықты көтере алмады. Алла тағала біз сияқты пенделерді кешіргенде біз оның жанында ешкім емеспіз. Мен де оны кешіремін. Тек қана арманым, әке мен қызымды табыстыру. Себебі қызым ол кісінің осы өмірдегі жалғыз перзенті”, – дейді дизайнер.
Берік Исмаилов 35 шәкіртінің ішінде жалғыз мені қазақша оқытты
“Алматы қаласына 2015 жылы келгенде марқұм ұстазым Берік Исмаиловтың қолында оқыдым. 35 шәкіртінің ішінде жалғыз маған қазақша үйретті. Білімімді бағалап, “осы қыз сендерден бұрын ателье ашады, жетістікке жетеді” деп, өмірден өткен күнге дейін қолдау көрсетіп жүрді.
Шынында да 35 шәкіртінің ішінде мен алғашқы болып цех аштым, грантқа қатысып инновациялық жоба бойынша 500 мың теңге ұттым. “Жадо” да жұмыс істедім, журналист Гүлмира Дайрабаева “Таңшолпанға” шығарып танытты. Менің қолымнан шыққан дүниелерді киіп талай халықаралық концертті жүргізді. Құралай Нұрқадилованың сән-үйіне шақырылып, 80 мың теңгеге жұмыс істедім. Ол уақытта өзімнің кішігірім цехім бар еді. Түркия, Қытайға тапрысқа тігін тіктім. Алланың он саусағыма бал тамдырғанына шүкір етемін. Танымал әншілеріміздің, журналистердің киімдерін тігіп, жергілікті тұрғындарға да киім тіктім. Бір клиент келсе, ойындағысын айтса, мен білмеймін деп жауап бермейтінмін. Түні бойы әлгі заттың қалай жасалатынын, зерттеп, қарап шығатынмын”, – дейді Құндыз Қалитханқызы.
Пәтерге “Семейный, без детей” алады
Сәнгер төрт баламен баспана табу күрделі мәселе екенін айтады.
“Осы үйде тұрып қатты ауырып, үш күн жұмысқа бара алмадым. “Бақытты отбасы” орталығынан жұмыстан шығып кеттім. Бір де бір пәтер алмайды. Үстіне 100-200 мың теңге қосып берейін дегеннің өзінде алғысы келмейді. Кейде “мен қандай әлемге келдім?” деп өзіме-өзім сұрақ қоямын. Бұл жерде жағдай жоқ, суды бөтелкемен тасимыз. Био әжетхана балалар үшін алынған. Бір үстелдің үстінде тамақтанамыз, клиенттерім келген кезде тігінмен айналысып, тапсырыс жасаймын. Мұндайды ешкімнің басына салмасын дегім келеді.
Төсектен тұра алмай қалатын жағдай болса, төрт баламды тапсыратын ешкім жоқ. Екі бөлмелі үйді 50 мың теңгеге жалдап тұрдық. Оның алдында да пәтер жалдап тұратынбыз. Бала десе, бәрі тұра қашады. Осы жерде пәтер иелеріне мынаны айтқым келеді: Бала деген сіздердің Жәннаттарыңыздың есігі, қаншама сауапқа қаласыздар. Пәтер іздегенде барлығы “Семейный, без детей” дейді. Қалай отбасылы адамда бала болмау керек?”, – дейді ол.
Менде баспана ешқашан болмаған
“Қаншалықты дизайнер болсам да, жеті ательем, астымда көлігім болса да, менде баспана болған жоқ. Мен үшін дүние өткінші сияқты сезім болатын. Егер мен дүниеге қызығатын болсам, барлығын сол кезде жасар едім. Қол астымда 20 мұқтаж кісі болды. Уақытымды осы кісілерге, жұмысыма арнайтынмын.
Ал күйеуіммен тұрған уақытта пәтерді 25 мыңнан бөліп төлейтінбіз, үйге қажетті дүниелерді алып келетінмін. Ел қатарлы пәтерде тұрдым. Маған ол уақытта көп мұқтаж адам хабарласып, көмек сұрайтын. Ал қазір өзім мұқтаж болып отырмын. Меніңше, адамдар теледидардан көрген адамды биліктің қасында жүрген адамдармен теңестіреді”, – дейді көп балалы ана.
Балаларым “бізді соқыр кезіңізде де көкіректен итермедіңіз” дейді
Менің арманым жылы баспанаға жету, дейді ана. Ал перзенттері болса, баспана болса, басқа да мұқтаж жандарды бауырымызға басамыз деп арманын айтып отырады екен.
“Бұл өмірде ол кісі перзентке зар адам. Алла оған сана берсін дегім келеді. Перзентім құшағына алса деймін. 11 ай соқыр болған кезде басқалар сияқты перзенттерімді тастап кетпедім. Балаларым мені құшақтап жылады: “Дені сау аналар дені сау балаларын тастап кетіп жатыр екен, сіз бізді соқыр кезіңізде де көкіректен итермедіңіз” деді. Балаларымның арманы үй алып, үй жанына мұқтаж жандарды жаныма аламын дейді. Перзентханадаға барлық балаларды жанымызға жинап аламыз деп айтты”, – дейді жалғызбасты ана көзіне жас алып.
Құндыз Қалитханқызына көмек берем деушілер үшін
Реквизиттер: KZ89722C000034340629
Сарбасова Гульшат Куракбаевна, анасы
87753473167
ЖСН: 670502400509