Төрт баласын бір өзі тәрбиелеп отырған ана арманындағы баспанасына қалай қол жеткізгенін айтты

Бірнеше жылдан бері жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған Шымкент қаласының 400 тұрғыны қоныс тойын тойлады. Шырайлы “Тұран-2” шағынауданында пәтерлі болғандардың бірі – Гаухар Есболаева. Төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп, жетілдірген қайсар ана Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында армандаған үйіне қалай қол жеткізгені жайлы айтып берді.

25 жылдан бері есепші қызметінде жұмыс істеп жүрген Гаухар Есболаева осы уақытқа дейін  жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Төрт баласымен бірге әркімнің босағасын бір сағалаудан шаршаған ана 2014 жылы аз қамтылған отбасы ретінде баспана кезегіне тіркеліп, тізімнің жылжуын мүлт жібермей қадағалап жүргенін айтады.

“Бір күні Instagram әлеуметтік желісінен “Шаңырақ” бағдарламасы жайлы жаңалықты көзім шалып қалды. Дәл осы кезде әкімдікте бағдарламаға өтініш қабылдау басталған екен. Көп ойланбастан бірден өтінішімді өткіздім. Алғашында бұлай тез үй алуға болатынына мүлдем сенбейтінмін. Сөйтіп жүргенімде байқаудан өткенімді естідім. Қазір сол кезді есіме алсам, әлі де көзіме жас келеді. Егер әлеуметтік желіден үйлі болу жөніндегі ақпаратқа кезігіп қалмағанымда, арманым орындалмай қалар ма еді, кім білсін? Осы кезекте барша халыққа қазіргі уақытта барлығы қолжетімді екенін айта кеткім келеді. Пайдалы мәліметтер ғаламтор беттерінде толып тұр. Тек соны оқып, өз пайдамызға жаратуымыз қажет”, – дейді Гаухар.

Гаухардың айтуынша, оның банк шотында жиналған қаражаты болмаған. Себебі жалдамалы пәтер ақысы мен ішіп-жемімізден қаржы артылмайтын – дейді ол. Соған қарамастан тәуекел етіп, әкімдік кезегіне тұрып, көпбалалы ана “Шаңырақ” бағдарламасына өтініш берген. Қуанышты жаңалық өзін көп күттірмепті.

«Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Үйлі болғанымды естігенде, шыны керек, не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Алғашында барлығы алынбас қамалдай болып көрінген еді, ал енді өз шаңырағымның астында өз ошағымның отын жағып, түтінін түтетуді Құдай нәсіп етіп отыр. Қызым екеуіміз банкке алғаш барған кезім есімде. “Бағдарламаның шарттарына сай болмай қаламыз ба?” деген көңілімізде күдік, бойымызда үрей бар еді. Алайда банк қызметкері “Сіз барлық кезеңдерден мүдірмей өттіңіз, үйлі болдыңыздар” деп құттықтап тұр. Ұзақ уақыт бойы табанымыз тозып жүрген кездеріміздің барлығын бір қағаз бір сәтте жуып кетті. Жақсылықты тез қабылдайтын халықпыз ғой, көзді ашып-жұмғанша, міне баспанамызға ие болдық», – дейді Есболаева.

“Адал еңбек етіп тапқан табыс әрқашан берекелі болады” деген қайсар ана бүгінде екі үлкен қызын қияға қондырыпты. Айтуынша, олардың екеуі де анасының жолын қуып, есепші мамандығын тәмамдаған. Ал кіші қыздары медицина бағытында жоғары оқу орындарында білім алуда. Кенжесі тіпті биыл Түркияда білім грантын жеңіп алған. “Төрт қызымды жалғыз өзім жетілдіріп, барлығына лайықты тәрбие беріп, білім алуларына барынша жағдай жасадым” – дейді келіншек.

Айта кетейік, “Шаңырақ” пилоттық жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып отыр. Тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мақсатында бюджеттен 210 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде республика бойынша 10 мыңнан астам қазақстандықтың өтініші қабылданып, ипотекалық заем берілген.

“Шаңырақ” бағдарламасы аясында 1986 жылдан бастап әкімдік кезегінде тұрған азаматтар «Отбасы банкінен» ипотека рәсімдей алады. Ол үшін баспанаға мұқтаж жанұяның әр мүшесіне шаққандағы бір айдағы табысы 3,7 күнкөріс минимумынан (2021 жыл бұл көрсеткіш 34 302 теңгені құрайды), яғни 126 917 теңгеден аспауы тиіс. Жылдық 5%-бен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар (әкімдікте кезекте тұрған) “Отбасы банкіндегі” жинақ шотында үй сомасының 10%-ын бастапқы жарна ретінде жинауы керек. Несие 20 жылға дейін уақытқа рәсімделеді.

“Төрт қыздың анасы ретінде “Шаңырақ” бағдарламасының шарттары өзіме өте ыңғайлы болды. Әсіресе, мемлекет тарапынан әр жылдың соңында берілетін сыйлықақының көп көмегі тиді. Ипотеканы 15 жылға рәсімдеп, айына 118 мың теңге төлеймін. Бұрын біреудің үйі үшін ақша төлеп келсем, енді өз баспанама инвестиция құйып жатырмын, осының өзі мені қатты қанаттандырады”, –деп Гаухар сөзін аяқтады.

Қайсар ана мұнымен шектелмейтінін, ендігі кезекте Алматыдан баспана алуды мақсат еткенін алға тартты.

“Менің енді болашаққа артқан бір арманым бар. Ол Алматы қаласынан пәтер алу. Осы мақсатта студент қызым Отбасы банкінен шот ашып, ақшасын ақырындап жинап жатыр. Енді бұйыртса, Алатаудың бөктерінен үй алып, тағы бір қоныс тойын тойлауды нәсіп етсін”, – деді  Есболаева.

Жыл соңына дейін “Тұран-2” шағынауданында тағы 1128 адамға тұрғын үй кілті табысталмақ. Ал келесі жылдың көктеміне дейін 1088 пәтер шымкенттіктердің пайдалануына беріледі.

Comments (0)
Add Comment