Тұрмыстық табысты арттырған тиімді жоба

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2022 жылғы 14 сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын бекітті. 2023 жылғы 28 наурызда бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Үкімет бағдарлама азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әл-ауқатыy арттыру, еңбек саласындағы қолданылып жүрген әдістерді жаңалау мақсатында жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Аты айтып тұрғандай, халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әл-ауқатын көтеру. Сонымен қатар тұрғындарды жұмыспен қамтып, еңбек саласындағы қолданылып жүрген әдістерді жаңғырту. Осы мақсатта жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ бағдарлама аясында жастар мен еңбекке жарамды халықтың кәсіби біліктілігін көтеріп, адами капиталды дамыту арқылы жұмыс өнімділігін арттыруға айрықша мән берілуде.
Атап өтерлігі, жаңартылған кешенді жоспар 5 бөліктен тұрады. Сол бойынша елімізде ауқымды жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған. Олардың біріншісі – өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру. Осы бағыттың шеңберінде 2029 жылға қарай жалпы 3,3 млн адамды, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ бос орындарға жұмысқа орналастыру есебінен, өңір әкімдері үшін10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны, субсидияланатын жұмыс орындары және кәсіпкерлік бастамалар есебінен жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Екіншісі – «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру. Жоба кооперациялық тізбекті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырудың табысты өңірлік кейстерін кеңейту жолымен іске асырылмақ.
Бұл мақсатта жеке қосалқы шаруашылықтарды микрокредиттеу, қажетті инфрақұрылымы бар жемшөп алқаптарын дайындау, сервистік-өткізу кооперативтерін ұйымдастыру, лизингтік техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету және өзге де шаралар іске асырылады. Нәтижесінде, республика бойынша жеке қосалқы шаруашылықтың 50 пайызына дейін кәсіпкерлікке тарту және 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерінің агро құзыреттерінің деңгейін арттыру мақсатында оларды оқыту көзделген. 2026 жылға дейін өңірлердің агроөнеркәсіп кешенінде шамамен 400-дей инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Үшіншісі – кірістер деңгейін арттыратын және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Кәсіпкерлікті қолдау шараларын алушылар үшін жұмыс орындарын құру немесе сақтау түріндегі қарсы міндеттемелер көзделген. Сонымен қатар мемлекеттің қолдауымен өңдеу өнеркәсібінде жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Мәселен, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қаржылық қолдау нәтижесінде 23 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұдан басқа жыл сайын өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кемінде 7 кәсіпорнының өндірістік қуатын жаңғыртуға жалпы сомасы 800 млрд теңге инвестиция тартылады.
Бұдан бөлек, елдің қолайлы инвестициялық ахуалын құру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілген еді. Оған сәйкес, 5 жылда Үкімет алдына барлығы 125 млрд АҚШ долларына жуық көлемде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Ал отын-энергетика кешенінде 2029 жылдың соңына дейін 36 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 120 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл мақсатпен «Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы» құрылған болатын.
Халықаралық тәжірибеде базалық мұнай-химия өнімдерін пайдалану негізінде мұнай-химия өндірістерінің жанында кең сұранысқа ие тауарларды, өнеркәсіптік және тұрмыстық мұнай-химия заттары мен құралдарын, буып-түю материалдарын шығару бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындары белсенді дамып келеді. Мұндай тәжірибе Қазақстанда да қолданылады. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы бірнеше кәсіпорын жұмыс істеуде.
Төртінші бағыт – бюджеттен жалақыны арттыру бойынша міндеттемелер. Бұл бөлім аясында азаматтық қызметшілердің және коммуналдық қызметтердің өндірістік персоналының жалақысын тікелей ұлғайту жоспарлануда.
Үкімет 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастап кеткен еді. Қазірдің өзінде бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға дейін, атап айтқанда, дәрігерлерге орта есеппен 30 пайызға, педагогтар мен мұғалімдерге – 25 пайызға, орта медициналық персоналға – 20 пайызға, басқа санаттардағы қызметкерлерге 20 пайызға ұлғайтылды.
Бесінші – халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау. Бұл бөлім халықты әлеуметтік қолдаудың тікелей шараларын қамтиды. Мысалы, интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін 500 мыңға жуық адамды әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, салық салу мәселелерімен, оның ішінде табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларды әлеуметтік қолдаудың проактивті форматымен қамтуға мүмкіндік беретін жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігін енгізу шаралары бар.
Міне, осы аталған 5 бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқару арқылы 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан астам адамды, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту, жалпы ішкі өнімдегі жалақы үлесін 41,1 пайызға дейін ұлғайту және кедейлік деңгейін 5 пайызға, жұмыссыздықты 4,6 пайызға дейін төмендету болжануда.
Жалпы, бағдарлама аясында тиімді жолға қойылған жобалардың бірі әрі бірегейі – «Ауыл аманаты». Оның шеңберінде әрбір жекелеген ауданда, елді мекенде, ауылда іріктелген ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, оларда құрылған кооперативтерді техникамен және жабдықпен қамту жүзеге асырылуда. Одан күтілетін нәтиже – өңірлердегі жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар санының азаюы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың табысы өсуде.
Мәселен, Қордай ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму қарқынын сақтап, өндіріс көлемін жыл сайын арттырып келеді. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 83,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,8 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ауданның агросекторы өсім көрсеткенін айғақтайды.
Бұл іске «Ауыл аманаты» жобасының табысты жүзеге асуы да өз септігін тигізіп отыр. Аталмыш жоба 2019 жылы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық режимде басталып, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Жоба аясында аудан шаруаларына 6 016 бас ірі қара, 10 879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар 4 өндірістік кооператив құрылып, 25 жаңа техника мен құрал-жабдық алынды. 690 тұрғын өз кәсібін ашып, ауыл шаруашылығы саласында тұрақты табысқа қол жеткізді.
2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 1,2 млрд теңгеге 171 жаңа жоба дайындалды. Бұл бастама 331 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Аудан шаруалары жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырып, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Өнім көлемінің артуы, техниканың жаңаруы, инвестиция тарту және «Ауыл аманаты» жобасының жетістіктері Қордай ауданында ауыл шаруашылығы саласының болашағының жарқын екенін көрсетеді. Осылайша Қордай шаруаларының қажырлы еңбегі мен мемлекеттік қолдау нәтижесінде, ауданның агросекторы тұрақты дамып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ете бермек.
Ал Шу ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағыты арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жайында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков бізге бірқатар мәлімет беріп отыр.
– Бүгінгі таңда аудан бойынша 436,1 млн теңгеге 58 жобаның құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Оның ішінде құны 312,7 млн теңге болатын 43 жоба несиелендіріліп, іске қосылған. Жерлестеріміз несиеге алған қаржыға негізінен жылыжай, құм блогы өндірісі, дәнекерлеу цехы, кондитерлік цех, көлік жуу орталығы, тігін цехы, шаштараз ашуға жұмсап отыр. Осылайша «Ауыл аманаты» өзінің ауыл азаматтарының жағдайын жақсартып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін жаңашыл жоба екенін нақты іспен дәлелдеп отыр, – дейді Қайсар Қоныспайұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, несие тек құрал-жабдықтар сатып алуға беріледі. Оған қол жеткізу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. 2 500 айлық есептік көрсеткіш немесе 9,8 миллион теңгеге жуық қаржы жеке кәсіпкерлерге қарастырылса, кооперативтерге 8 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат беріледі. Бұл – 31 млн теңгеден асатын ақша. 5 жылға дейін берілетін қаражаттың үстінен 2,5 пайыздық үстемесі қосылады. Қол жеткізген жанға бір жылдық жеңілдік берілетінін де атап өткен жөн.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келген тұрғын ауылдық жерде немесе шағын қалада кемі 12 ай тұрақты тіркелуі қажет. Сонымен қатар қарыз алушының басқа банктердегі мерзімі өтіп кеткен берешектері болмауы шарт. Кәмелетке толғаннан бастап зейнетке шыққанға дейін берілетін несиені алушы мүлікті кепілге қояды. Себебі, сома аз емес. Одан бөлек, сауда-саттық, мал шаруашылығына, құрылыс жұмыстарын жүргізуге несие берілмейді.
Жоба аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген шулық тұрғынның бірі – Жаманқұл Атаханұлы. Ел ағасы салауатты өмір салтын насихаттауды жөн санап, аталмыш бағдарлама бойынша дене шынықтыру мен қол күресі қызметін ұсынып отыр. Бүгінде баламасы жоқ бұл іске аудан жастары әбден қанық. Шу қаласының ыңғайлы жерінен ғимарат жалдап отырған кәсіпкер шаруасы енді ғана жүре бастағанын айтуда.
– Тиісті құжаттарды жинап, бағдарлама аясында несие алдым. Дене шынықтыруға қажетті жабдықтарды алдыртып, жарты жыл бұрын іске кірістік. Суық мезгілде жастар жиі келіп жаттығады. Бұл екі тарапқа да пайдалы жұмыс. Сондықтан осы мүмкіндікті ұсынған басшыларға өз алғысымды айтамын, – дейді жеке кәсіпкер.
Тиімді жобаның шарапатын сарысулықтар да көріп отыр. Жалпы, облыс орталығынан шалғай жатқан, жер көлемі бойынша екінші орын алатын Сарысудағы негізгі тіршілік ауыл шаруашылығы екені белгілі. Осы іске ден қойған аудан азаматтары агросаланың өркендеуіне жыл он екі ай үлес қосуда. Нәтижесінде ауданда тіркелген 1 586 шаруа қожалығының 1 459-і белсенді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарға 533 442 гектар жайылымдық, 34 230 гектар шабындық және 25 031 гектар егістік жерлер берілген. Шаруа қожалықтары биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 9 дана трактор және 18 дана қосалқы техникалар сатып алған. Жыл соңына дейін аудандағы техникалардың 6,5 пайызын жаңарту көзделіп отыр екен.
Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында биылғы 7 ай ішінде 220 млн теңгеге 28 жоба несиелендірілген. Алдағы уақытта 54 млн теңгеге қосымша 7 жобаны қаржыландыру күтіліп отыр екен.
Жоба аясында несие алып, жаңа техникаға қол жеткізгендердің бірі – Игілік ауылдық округіне қарасты «Әділжан» шаруа қожалығының төрағасы Дүйсенбек Ниетбеков. Ол жобаның ІV бағыты арқылы 2,5 пайыздық лизингке DongFengDF904 тракторын сатып алған.
– Тозған техника салдарынан шаруашылығымыз көктемгі және күзгі науқан кезінде қиындыққа тап болып жатады. Қиындықтарды болдырмау мақсатында жаңа техника алдым. Алдағы уақытта шаруашылықты дамыту мақсатында тағы да жаңа техника алу жоспарда бар, – дейді шаруа.
Сондай-ақ кәсіпкерлікті несиелендіру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 716 азаматқа 1 млрд 508 млн теңгеге несие беріліпті. Мемлекет тарапынан 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге ие болу мүмкіндігін Түркістан ауылдық округінің тұрғындары да тиімді пайдаланып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте түсуде. Жуырда Әшір Бүркітбаев ауылында нан өнімдерін шығаратын «Ел ырысы» наубайханасының ашылуы – осы сөзіміздің бір дәлелі.
Кәсіпкерлік нысан ашу бастамасын «Мейірлан» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамхан Дүтбаев ауылдасы Азат Бимбетовпен бірлесе қолға алған. Саралай келе «Азат Б» ауылшаруашылық кооперативін құрған олар мемлекеттен жеңілдікпен 29 миллион теңге несие алып, округ тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз ететін наубайхана цехын бірлесіп ашқан. Мұнда бөлке нан, күлше нан, тоқаш, шелпек, самса, торт, тағы да басқа түрлі нан өнімдері пісіріледі екен. Шағын цех толық жұмыс істей келе 5 адамды жұмыспен қамтымақ.
Жарқын жоба Жуалы ауданында да өз жемсісін беруде. Осылайша бүгінде ауданға қарасты 14 ауылдық округ қатысып, барлық ауылдық округте 14 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 13 кооператив ауыл шаруашылығы бағытында қызмет етсе, 1 кооператив кәсіпкерлік мақсатта жұмыс істеуді көздеп отыр екен. Аатап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы кооперативтердің 2-еуі – мал азығын дайындау, 6-ауы – сүт өнімдерін өндіру, 3-еуі – мал бордақылау алаңы мен мал сою пунктін ашу және 1 кооператив жылыжай салуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал кәсіпкерлік мақсаттағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ағаш өңдеу кәсіпорнын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатта 51 жобаны іске қосу жоспарланған.
Аталған кооперативтер мен жеке кәсіпкерлердің жобасын іске асыру үшін ауданға 8,018 миллиард теңге қаражат қажет екен. Осылайша биыл Б.Момышұлы ауылы, Қошқарата, Нұрлыкент, Билікөл және Күреңбел ауылдық округтері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылмақ.
Жалпы тоқталар болсақ, Жуалы ауданы бойынша 2019-2024 жылдар аралығында жобаға барлығы 6 ауылдық округ қатысқан. Нәтижесінде бағдарламаның 1-ші бағыты арқылы 3 263 аулаға 319 гектар жер игеруге 14,7 млн теңге, 2-ші бағыт бойынша 805 тұрғынға 16 140 бас мал басын сатып алуға 4,5 млрд теңге, 3-ші бағыт бойынша 4 394 гектар егістік алқапты игеруге 155,5 млн теңге, 4-ші бағыт бойынша 61 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 448,9 млн теңге, ал 5-ші бағыт бойынша 8 кәсіпкерге кәсібін дамытуға 102,1 млн теңге несие берілген.
Осылайша жобаға қатысушы округтерде мал басы айтарлық өсіп, мүйізді ірі қара 25 907 басқа, жылқы 9 679 басқа, уақ мал 96 369 басқа жеткен. Сонымен қатар 813 жеке кәсіпкер және 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 102-ден 53-ке қысқарған.
Талас ауданында да «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан округтер қатары артып келеді. Осы жылдың алғашқы жартысындағы деректер бойынша, жобаның 5-ші бағыты бойынша Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден 341,6 миллион теңгені құрайтын 48 жоба жинақталып, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылған. Алты айдың мәліметіне сүйенсек, 197,4 миллион теңгені құрайтын 29 жоба қолдау тауып, қаражаты берілген. Қаржыландырылған жобалардың бесеуі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Оның төртеуі – жылыжай, біреуі – балық шаруашылығы.
Тамақ өнеркәсібі бойынша қаржыландырылған жобаның саны – 13. Бұл жоба аясында бес наубайхана, төрт кафе ашылса, бір-бірден кондитерлік өнімдер, кофехана, ұлттық сусын, жайма өндірісі ашылған.
Құрылысқа қажетті өнімдер шығару саласында 7 жоба шешімін тауып, нәтижесінде екі кірпіш шығару, бір темір өңдеу мен дәнекерлеу цехы, үш жиһаз цехы жұмысын бастаған.
Ал қызмет көрсету саласында қаржыландырылған жоба саны – 23. Оның ішінде техникалық қызмет көрсету орталығы, тігін цехы, медициналық орталық, тренажер, компьютерлік қызметтер, полиграфия, садақ ату, мультимедиялық орталық, жабдықтар жалға беру, жөндеу орталығы, күзет агенттігі, балабақша мен дауыс жазу орталығы бар.
Осылайша, Президент тапсырмасымен бекітілген «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша республикада да, өңірімізде де игі істер үздіксіз жалғасын тауып келеді. Әсіресе, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, әр саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілмек. Ал бұдан қандай нәтижеге қол жететіні алдағы күннің еншісінде.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment