«Түрменің аурасы өте ауыр»: Қызылордадағы абақтыда жұмыс жасайтын нәзік жандылар қызметтерінің қыр-сырын айтты

Қызылорда облысында үш түзеу мекемесі орналасқан. Абақты ішінде тәртіптің сақталуын қадағалап, сотталғандармен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ер азаматтармен иық тіресе еңбек ететін нәзік жандылар да өз міндеттеріне адал.  Stan.kz тілшісі шен таққан арулардың бірнешеуімен сұхбаттасып, түрмеде жұмыс жасаудың ерекшеліктері туралы сұраған еді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Соңғы жылдары елімізде сотталған азаматтарды еңбекпен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Яғни абақтыда жазасын өтеушілердің жұмыс жасап, қаражат табуына жағдай жасалынуда. Ол үшін түзеу мекемесінің әкімшілігі жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, түрме ауласында өндіріс орнының ашылуына мұрындық болады. Ал осы жұмыстарды реттеу қатардағы мамандарға жүктеледі.

Қызылордалық Толқынай Тлеубекова Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің инспекторы болып жұмыс жасайды. Нәзік жанды қызметкер – Әділет аға лейтенанты. Ол сотталғандарды күнделікті таңертең жұмысқа шығарып, техникалық қауіпсіздік ережесі нұсқауымен таныстырады. Тиісті құжаттарға қол қойдырып, жазасын өтеушілердің өндіріс аумағына баруын қамтамасыз етеді. Маман өзінің жұмысы оңай емес екенін айтады. Алайда мамандығына адалдығы қиындықтарды жеңуге көмектеседі екен.

«Біздің түрмеде ауыр қылмыс жасаған азаматтар да жазасын өтеп жатыр. Сол себепті сақтық шараларын басты назарға аламыз. Бүгінде түзеу мекемесінде жұмыстан бөлек дәнекерлеу, ағаш ұстасы, техник-механик мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуға жағдай жасалған. Кәсіптік колледжде 10 ай оқып, мамандықтары бойынша дипломдары табысталады. Мен осы шараларды үйлестіріп отыруға міндеттімін», – дейді инспектор.

Толқынай нәзік жандылар үшін түрмеде жұмыс жасау үшін ерік-жігер керек екенін айтады. Өйткені мұнда тәртіп қатаң, ережеге бағыну керек. Айналандағы адамдардан да қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті мұнда ер кісілерге тән мінезі бар арулар ғана еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жете алады.

«Жасыратыны жоқ, түрменің аурасы өте ауыр. Бірақ біз оған үйреніп кеттік. Сан қилы тағдыры бар сотталушыларды білеміз. Балаларына кездесуге келген аналарды, күйеулерін сағынған әйелдерді, әкелік мейірімді іздеп келген балаларды көргенде жүрегін ауырады. Талай адамның өкініштен көз жасы төгілген жердің ауасы да бөлек», – дейді Толқынай Батырханқызы.

Темір тордың арғы жағында отырған азаматтардың мінез-құлқында үлкен өзгеріс болатыны рас. Бұл ретте сотталушыларға психологиялық көмек беретін мамандар жұмысқа тартылған. Психологтар жазасын өтеушіге күйзеліске түсіп кетпей, депрессиядан шығуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, сотталғандар арасында суицидтің алдын-алуға тырысады. Солардың бірі –  ЗК 169/1 мекемесінде еңбек ететін Айзат Мырзалы. Жас қызметкер алдына келген қылмыскерлердің ішкі толқынысын ұғып, сырын ашуға тырысады. Ортақ тіл тауып, жазасын өтеушінің сеніміне ие болуды мақсат етеді.

«Сотталған адамның миында сан түрлі ойлар болады. Жанын қинаған сұрақтар маза бермейді. Осындай кезде біз көмекке келеміз. Қолымыздан келгенше моральдық тұрғыда қолдау білдіреміз. Оларды алаңдатқан мәселелерді тыңдаймыз, уайым-қайғыларымен бөлісуіне жағдай жасаймыз», – дейді психолог маман.

Айзат Мырзалының түрмеде жұмыс жасап жатқанына 14 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде абақтының ішкі атмосферасына біраз үйренген. Дегенмен тарсылдаған темір есіктер кез келген адамның еңсесін түсіріп, бойына қорқыныш ұялататынын жасырмайды. Әсіресе, жақынына жүздесуге келгендер жылап шығып, тағдырларына налып жататынын айтады.

«Біз табиғатымыздан нәзікпіз. Ер кісілерге қарағанда күшіміз аз, әлсізбіз. Сол себепті жұмыс кезінде ең бірінші кезекте қауіпсіздік шараларына мән береміз. Психологиялық тренингтер барысында  жанымызда күзетшілер болады. Релакциялық кабинеттерде де бақылаушылар отырады. Төтенше жағдай немесе сотталған адамның тарапынан шабуыл жасалса, бізді қорғайды», – дейді Айзат.

Қылмыстың өтеуі – жаза. Азаматтарды қылмыскер деп танитын – сот. Бұл ЗК 169/5 мекемесінің бөлім бастығы Назерке Молдағалиқызының өмірлік ұстанымы. Әділет майоры он жылдан астам уақыт түзеу орнында жұмыс жасап келеді. Сотталғандардың сандық есебін жүргізіп,  олардың түрлі мақсаттағы талап-өтініштерін заң аясында сотқа жолдап отырады. Күнделікті жазасын өтеушілерді қабылдап, арыз-шағымдарын назарға алады.

«Бізге сезімге берілуге болмайды. Сотталушының жеке басындағы жағдайды жүрегіме жақын алмауға тырысамын. Бұл оның өз таңдауы. Әрине, аяғын шалыс басушыларға жанымыз ашиды, бірақ біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Біз олардың түрмеде түзеліп, іштей рухтары сынып кетпеуіне көмектесеміз. Түзеу мекемесіндегі тәртіпті басты назарға қоямыз. Кез-келген жағдайда біз өзімізді қорғау алуға міндеттіміз. Абақтыдағы міндет жынысқа бөлінбейді деп ойлаймын» , – дейді Әділет майоры.

 

Comments (0)
Add Comment