«Түрленген Тараз» – әріптестер объективінде

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түрленген Тараз» тақырыбындағы республикалық фото-видео, мобилография шеберлері байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты жиын төрінде көне шаһардың көркін арттырған фотолар көрмесі көздің жауын алып, менмұндалап тұрды. Тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараз туралы ән шырқалып, жыр оқылды. Киелі қаланың кешегісі мен бүгінін қамтып, сәт сайын жаңарып, жасарып, жарқыраған әсем көшелерінің сән-салтанатын дөп басып, тұрғындарын әдемі әсерге бөлеген бейнебаяндар қаламыздың қанатын көкке самғатты. Әр туындыға ерекше ықыласпен көңіл аударған шаһар басшысы өз кезегінде жеңімпаздарды марапаттады.
«Үздік мобилографтар» аталымында оқ бойы озық көрінгендер «Шұғыла» номинациясы Серік Елнұрға, «Ұшпалы сурет» номинациясы Алтынбай Эльбруске, «Үздік силуэт» номинациясы Ысқақ Нарұлға, «Үздік бейнемонтаж» номинациясы Әмірбек Тоқтарға және «Үздік түсірілім» номинациясы Нурлыбек Кудияровқа бұйырды.
«Үздік дрон түсірушілер» арасында «Самұрық» номинациясы Бауржон Самаликов, «Қырағы көз» номинациясын Жолшыбек Асылбек, «Үздік түсірілім» номинациясын Бескемпір Салауат, «Мөлдір табиғат» номинациясын Мейіржан Ерболатов және «Үздік бейнеролик» номинациясын Руслан Сандыбаев иеленді.
«Үздік фотограф» аталымы бойынша «Үздік репортаж» Жеңіс Ысқабай, «Үздік қала пейзажы» – Төлеубай Ардақ, «Ең әдемі көрініс» – Шағырбай Мақсат, «Қас қағым сәт» – Ернұр Манапқанұлы және «Мөлдір табиғат» номинациясында Юрий Кимнің туындылары топ жарды.
Сонымен қатар қала әкімінің Алғыс хатымен «Түрленген Тараз» атты республикалық фото-видео, мобилография шеберлері байқауын ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін Алтынбек Қартабай, «Үздік дрон түсірушілер» бағыты бойынша Дулат Шиқпанбетов пен Азат Байтемиров, «Үздік фотограф» бағыты бойынша Бақытбек Суанбеков марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment