«ТҮРКСОЙ» оркестрі – Таразда

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «ТҮРКСОЙ» жастар камералық оркестрінің концерті өтті.

Арайлы Жақсылық

Орталық Азияға жасалған турне аясында киелі шаһарға арнайы тоқтаған «ТҮРКСОЙ» ұйымының музыкалық тартуын ТарМУ оқытушылар құрамы, студенттер мен тараздық өнерсүйер көрермендер тамашалады. Құрамында бүгінгі күнге дейін Орта Азияның 10 елінен жүздеген талантты жас өнер көрсеткен оркестрдің негізін ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қалаған.
– Бұл оркестр құрылған күннен бері әлемнің түкпір-түкпірінде концерттер беріп келе жатыр. Алайда өз аймағымызда мұндай деңгейде турне ұйымдастырылған жоқ. Бұл турне біз үшін туған өлкемізде алғаш рет өтіп отырған турымыз болды. Шара ТҮРКСОЙ тарапынан 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» етіп жарияланған Түркістан қаласынан басталып, 29-31 тамызда Шымкент қаласында жалғастырдық. Енді міне, қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі Тараз шаһарында өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің ойымызша, Тараз – Қазақстаннан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атануға лайық бірден-бір қала. Бізге осы қалада концерт беруге мүмкіндік жасаған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Нұрғалиұлына алғысымыз шексіз. Келешекте бұл өңірде өтетін шараларымыздың, бірлескен жобаларымыздың саны әлдеқайда көп болады деген үміттемін, – деді Дүйсен Қасейінов.
Жастар камералық оркестрінің концерттік бағдарламасы классикалық жанрға жататын композициялар мен түркі тілдес елдер композиторларының шығармаларын қамтиды. Атап айтқанда, Петр Чайковскийдің «Ішекті оркестрге арналған Серенада», Сейдалы Медетовтің «Мақташы қыздың әні», Торғай Эрденэрдің «Симфониетта», Нури Халмамедовтің «Фантазия», Фикрет Әміровтің «Симфонии Низами» финалы, Дәулеткерейдің «Көроғлы», Антонио Вивальдидің «Оркестрмен төрт скрипкаға арналған концерті», Альфред Шнитке «Фуга» (ескі стильдегі сюитадан) және Иоганнес Брамстың «Венгр биі». Көрермендер оркестрдің орындауындағы «Илигай» вариациясына зор қошемет білдірді. Оны оркестр үшін арнайы қазақстандық музыкант Біржан Мыңбаев жазған.
– Мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын контрабас сыныбы бойынша бітіріп, қазіргі таңда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істеймін. «ТҮРКСОЙ» оркестрінде 2010 жылы құрылған сәттен бастап ойнаймын. «Илигайдың» 10 минуттық нұсқасынан басқа оркестрге Дәулеткерейдің «Көроғлы», Құрманғазының «Балбырауын», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйлерінің аранжировкаларын жасадым. Әсіресе, еуропалық елдерде көрермендерге фольклорлық музыка ұнайды. Мысалы, өткен жылы Балканда оркестр менің өңдеуімдегі «Көроғлы» шығармасын бірнеше рет ойнаған, – деді Б.Мыңбаев.
Камералық оркестр әртістері Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған челленджге қолдау көрсетіп, «Айттым сәлем, Қаламқас» шығармасын орындады. Камералық оркестрге концерт барысында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Анвар Акбаров, Әзірбайжанның дирижері, халықаралық конкурстардың лауреаты Мұстафа Мехмандаров жетекшілік етті.
Айта кету керек, оркестр ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 27-ші тұрақты кеңесінің шешімімен 2010 жылы құрылған. Оған тек түркі тілдес елдердің жетекші консерваторияларынан талантты студенттер мен түлектер ғана таңдап алынады. Оркестр бүгінге дейін Еуропа, Америка және Азия елдерінде 60-тан астам концерт ұйымдастырып, халықаралық аренада танымал ұжымдардың біріне айналды. Оркестр түркі тілдес елдердің музыкалық мұрасын репертуарларының негізгі бөлігі ретінде таңдап алғандығымен ерекшеленеді.
Бұл концерт М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтің қолдауымен өткенін атаған жөн.
– Әрине, бұл концертті ауқымды түрде өткізуге болады, бірақ біз студенттеріміздің өзге елдердегі өнерпаз достарымен жақынырақ танысуын қаладық. Бізде дарынды жастар өте көп, бірақ өкінішке орай, үлкен әлемдік ареналарда өнер көрсетуге мүмкіндіктері бола бермейді. Бүгінгі концерт көпшілік үшін мотивацияға айналатынына және үлкен сахнаға жол ашатынына сенімдімін, – деп атап өтті Махметғали Нұрғалиұлы.
Концерт соңында ректор меймандарға ТарМУ-дың арнайы төсбелгілерін, сондай-ақ «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымының мүшелеріне өңірдің көрікті жерлері туралы кітаптарды табыс етті. Дүйсен Қасейінов Махметғали Сарыбековке қонақ кәде ретінде естелік сыйын ұсынып, жылы лебізін білдірді. Шараны ұйымдастырушылар Тараздың таяу арада түркі әлемінің мәдени астанасы эстафетасын қабылдауға мүмкіндігі мол екенін атап өтті.

Comments (0)
Add Comment