Түркістан облысындағы оқушылардың төбелесі: Қыздардың бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Түркістан облысында староста болуға таласқан оқушы қыздар төбелескен. Қыздардың бірі оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды ”Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Кентау қаласында болған. №1 мектеп гимназиясына бір ай бұрын ғана басқа мектептен ауысып келген оқушы сыныптың 8 жылдан бергі старостасымен топбасшы болуға таласып қалған.

Қыздар мәселені сөзбен емес, жұдырықпен шешуді жөн көріпті.

Тіпті  ерегеске құрбыларын ерте келген оқушы сынып старостасына жабылып, оны ауруханадан бір-ақ шығарған. Келеңсіз жәйт Кентаудағы №1 мектеп-гимназиясы оқушыларының арасында болған.  8-сыныпқа бір айдан астам уақыт бұрын өзге мектептен бір оқушы ауысып келген. Ол өзге қыздармен жандалдасып, енді «старосталарың мен болам» дегені 8 жылдан бері топбасшы болған Аринаға жақпай қалыпты.

Екеуінің арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Жалғыз құрбысын ертіп сөйлесуге барған Арина «төбелесеміз деп ойламадым» дейді. Оқуда үздік, баскетбол мен  волейболға қатар қатысатын қыз бәрінен де жабылып кеткені ашындырады деп отыр. Әбден таяқ жеген оқушы енді ол қызбен бір сыныпта оқығым келмейді дейді.

«Олар баста екі қыз боп тұрды, сосын сөйлесіп тұрдық. Кейін қыздары келгеннен кейін бастап төбелестік. Сонымен Аружан деген қызға түсті. Сосын келіп ол мені ұрды, Сосын Айнұр келіп жабылды,  Маржан да жабылды. Мен өзімді қорғадым. Мектебімді өйтіп артқа тартатын қыздардың болғанын қаламаймын және мен сияқты қыздардың жапа шеккенін қаламаймын», – дейді Арина.

Миы шайқалып, 4 күн ауруханада жатып  шыққан Аринаның сөзінше тентек сыныптасы өзге мектептен бұзақылығы  үшін кеткен екен. Яғни, өзге қыздарды пышақпен қорқытқаны үшін қуылған көрінеді. Қыздың тәртібі қиын екенін мектептегілер де растап отыр.

«Омар Айнұрға келетін болсақ, ол қыз бізге қазан айында келді, бірінші тоқсанды осы жерде қорытылды. Табельдердегі бағалары жақсы. Бірақ енді тәртібі қиындау деп естігенбіз. Біз ол оқушы қызды мектептен шығарып тастауға ешқандай құқымыз жоқ. Егер ата-анасы өзі әкетем десе, әрине, өзі біледі. Ал ол қыз мектепте оқи береді. Біз оны қатаң бақылауға алып, қосымша жұмыстар жүргіземіз», – дейді №1 мектеп-гимназияның директоры Қайрат Төлегенов.

Енді тәртібі қиын қыздардың өзімен де олардың ата-аналарымен де полиция айналысып жатыр.

«Медициналық құжаттар алынады. Және де сараптамаға жолданады. Сарапшылардың қортындысы бойынша нақты заң шеңберінде шешім қабылданады», – дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Жалпы төбелеске қатысқаны бар, қарап тұрғаны бар – жеті қыз болған екен. Енді жұдырықтасқан оқушылар тәртібі қиын жасөспірімдер ретінде тіркеуге алынатын болды.Оқушыларының тәртібін қадағалай алмаған мектеп директорының орынбасары жұмыстан босатылды. Енді 7 қыз оқитын үш мектептің директорлары тәртіптік жазаға тартылады.

Comments (0)
Add Comment