Түркістан облысында қаруланған туыс жігіттер жеке үйге шабуыл жасаған. Көп ұзамай күдіктілер анықталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шабуыл туралы Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарлаған. Анықталғандай, қарақшылар жәбірленушілерді қарумен қорқытып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Тексеру кезінде тұрғынның үйіне белгісіз екі ер адамның кіргені анықталды. Олар диванда ұйықтап жатқан үй иесі оянып кетіп, сезіктілерден кім екенін сұрай бастайды. Алайда күдіктінің бірі оның аузын жауып, дауысын шығармауға тырысқан.
Осы сәтте үй иесінің әйелі оянып, күдіктіге жармасады. Арпалыс кезінде күдіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді. Нәтижесінде үй иесі жарақат алды.
Күдіктілерді ұстау үшін арнайы топ құрылған. Жедел іздеу шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталған. Жиналған ақпарат негізінде тәртіп сақшылары күдіктілерді тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Олар полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде сезіктілерден айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленді және бір-біріне туыс екені белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған жайт Қылмыстық кодекстің 192-бабы, 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.