Түркістан облысы Өндіріс ауылында құрылысына 619 миллион теңге жұмсалған жаңа мектептің қабырғалары жарылған. 250 орындық оқу орны былтыр желтоқсанда пайдалануға берілген, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, мектеп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауыл тұрғындарына сыйға тартылған. Ашылу салтанатында лентаны аудан әкімі кескен, бірақ содан бері ғимаратта бірде-бір сабақ өткізілмеген. Балалар ауылдан алты шақырым жердегі басқа мектепке баруға мәжбүр.
«Мектеп ғимараты бесінші немесе алтыншы рет жөнделіп жатыр. Асханадан бастадық. Барлығын қазып, топырақ құйдық, бірақ нәтиже жоқ. Қабырғалар мен төбелерді сылауға тырыстық, бірақ бұл да көмектеспеді. Қабырғалар бәрібір жарылып кетеді», – дейді Өндіріс ауылының тұрғыны Ғалымжан Жанғашев.
Нысанды облыстық Құрылыс басқармасы пайдалануға жарамдылық туралы сараптама қорытындысына сүйеніп қабылдаған. Енді шенеуніктер қайта сараптама тағайындауға уәде берген.
«Бізде ғимарат пайдалануға жарамды деген сараптама қорытындысы бар. Бірақ қабылдау кезінде мектеп апат жағдайында тұр деп танылды. Сондықтан қазір тиісті құжаттар реттеліп жатыр. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Кемшіліктер түзетіледі. Мектепті жөндейміз», – деді Қазығұрт ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Асан Үсіпбаев.