Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай Түркістан облысы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты.
Түркістан облысы әкімінің лауазымына Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің кандидатурасы ұсынылды. Ашық дауыс беру нәтижесіне сәйкес Мемлекет басшысы басым дауысқа ие болған Нұралхан Көшеровті Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Нұралхан Көшеров 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік университеті, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Мәскеудегі Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы жоғары білім беретін мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесінде білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастады.
2009-2011 жылдары Қаржы министрлігінің Салық комитетінде талдаушы, Астана қаласы Салық департаментінің Алмалы ауданы бойынша салық басқармасының заңды тұлғалардың салық аудиті бөлімінің бас маманы болып еңбек етті.
2010-2014 жылдар аралығында Астана қаласының Салық департаменті Есіл ауданының салық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.
2014 жылдан 2015 жылға дейін Астана қаласы Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы, Қаржы министрлігі Салық комитетінің Астана қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болды.
2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, 2018-2021 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, ҚР Қаржы министрігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауызымдарын еңбек етті.
2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарып келді.