Түркістан облысында мерзімі өткен өнімдердің кесірінен тұрғындар жаппай уланды. Олардың барлығы жергілікті дәмханадан тамақтанған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, дәмханада фастфуд пен ролл жеген үш адам уланған. Тағы бес тұрғын бұл дәмханадан тамақ тапсырыс бергені анықталды. Оларға «ішек инфекциясы» диагнозы қойылған.
«Нысанды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексерген кезде бірқатар кемшілік анықталған. Өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған, ірімшік пен шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Сонымен қатар қызметкерлер мерзімді және профилактикалық медициналық тексеруден өтпеген, жұмысқа рұқсат қағазы болмаған», – делінген хабарламада.
Дәмхана иесіне 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені үшін хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған.