Түркі халықтарына ортақ мұралардағы шешендік сөздердің көрінісі

Ежелгі түрік елінің шешендігі жайлы сөз қозғау, соншалықты қажеттілігіне қарамастан, қиынның қиыны. Олай болатын себебі: біріншіден, шешендікті тарихи кезендерге бөліп қарастырудың болмағандығы. Саналы ғұмырын шешендікті зерттеуге арнаған ғалым Б.Адамбаев казақтың шешендік өнерінің тарихын орта ғасырдағы билерден бастап қарастырды. Екіншіден, халықтың ақыл-ойы, сана-сезімі, тіршілігінің айнасы болған өнердің ежелгі түрі – фольклорлық туындылар әдеби және тілдік тұрғыдан зерттелсе де, шешендік тұрғыдан зерттелмеді, орта ғасырлардан бері қарай белгілі болған билер сөзінің ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде қаралғаны белгілі. Үшіншіден, ежелгі түркі еліндегі бізге белгілі болған материалдардан байқалған шешендіктің қызметінен өзгешеленетіндігі.

Афины, Рим елдерінде шешендік пен саясаттың бірлігі, шешендердің саяси қызметкерлер болып келуі құлдық империяның өмір сүргендігінен еді.

Ежелгі түркілер шешендігін алдымен аңызға айналған әңгімелерден іздеуіміз керек. Аңыз дегеннің өзі бір кездегі ақиқат, араға бірнеше мыңдаған жылдар түскенде, оқиға иесін көзімен көріп, сөзін өз құлағымен естімегендіктен де естіген әңгімесін халық аңыз сияқты қабылдаған. Өмірде болып, кейін аңызға айналып кеткен тарихи тұлғалар скифтерде көп. Афрасиабты М. Қашқари сөздігінде Тоңа алып ер деп атаған. «Тоңа»-жолбарыс тектес аң. Ол пілден күшті деген түсінік берілген. Фирдоусидің «Шахнамасы» бойынша скифтердің әулет басы-Тур, оның немересі Пашанг, оның ұлы Афрасиаб патша, яғни Афрасиаб-төртінші ұрпақ. Осы дерекке жүгініп, Т.Жұртбаев: «Тұрдың, оның немересі Афрасиабтың өмір сүрген заманы, шамамен скифтердің Ишпақай бастатқан көсемінің қоныс аударуымен орайлас келеді,-деп тұжырым жасайды. Ал, скиф-сақ әскерлері Ескендірмен соғысқанға дейінгі уақыттағы Афрасиаб сол Тұран елінің патшаларының ортақ аты. Ендеше, Афрасиаб-Алып Ер Тұңға-жалпы түркі жұртының хандарының жиынтық тұлғасы». Ежелгі түркі шешендерінің қатарына б.д. дейінгі 620-555 жылдары өмір сүрген Анақарысты, б.д. дейінгі 570-570 ж.өмір сүрген Томирис (Тұмар) патшаны, сақ аруы Заринаны айта аламыз.

«Алып ер Тұңға» дастаны – б.з.д. VІІ ғасыр мұрасы. Алып ер Тұңға – өте көне заманда өмір сүрген түркілердің көсемі. Алып ер Тұңға қайтыс болғанда, артында қалған елі жоқтау шығарған. Жоқтауда опасыз дүниенің Алып ер Тұңғаны да аямағанын, түркілердің оның қазасына қайғырып, бөрідей ұлып, жағасын жыртып жылағаны жырда:

Бөрідей жұрт ұлысып,

Айқаймен жаға жыртысып,

Өкірген үнін өшіртіп,

Жылаған көзден жас өрер, –

деген жолдармен берілген.

Алып ер Тұңға ХІ ғасырда Иранның ұлы ақыны Фирдоусидің «Шахнама» кітабында Тұранның патшасы Афрасияп болып суреттелген.

Қазақ халқың б.д. дейінгі бірнеше жылдар бұрын өмір сүрген сақтар мен ғұндардың ұрпақ жалғасы десек, қазақ жері ең алғашқы адамдардың пайда болған мекені десек, көне түркі шешендігі, әдебиет пен мәдениет қазақ халқына да тиесілі.

Көрші отырған туыстас ұйғыр, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, түрікмен, әзірбайжан және түрік халықтары өз әдебиеті мен мәдениетінің тарихын ұлт болып қалыптасқан шақтан емес, ертедегі бәрімізге ортақ дәуірден бастайды.Халық тарихы, тіл тарихы, әдебиет тарихы 5-6 ғасырдың аясына сыймайды. Ешбір халық, ешбір ұлт тілі белгілі бір кезеңдерде ғана жасалып қоймайды, құрып та кетпейді, үнемі жаңару толығу үстінде болады. Түркі халықтарына ортақ көне түркі әдебиеті мен мәдениетіне, сөз өнеріне Орхон ескерткіштері ( VII ғ.), « Қорқыт» ( VIII ғ.), «Оғыз-нама» (IX ғ.) сияқты жәдігерлер жатады. Орхон ескерткіштері Селенга, Орхон өзендерінің бойынан табылған. Орхон өзені, Өтүкен тауы, Алтай мен Жоңғар – ертедегі Түркілердің орда көтерген мекені. Ол Алатау сілемдері, Іле бойы. «Көздің жасымен, жүректің қанымен құлпытастарға қашалып тұрып жазылып, қаймағы бұзылмай бізге жеткен осы бір ғажайып руналық жазулардан кейде жоқтау, кейде мадақтау ыңғайында айтылған шешендік сөздердің, өлеңдік ұйқастардың, мақалды тіркестердің небір көне үлгілерін көреміз».

Орхон ескерткіштерінің шешендікке қатысын сөз еткенімізде, біз осы пікірге табан тіреуді жөн көрдік. Ғалымдар Орхон ескерткішін түркі руларын басқарған Күлтегін, Білге, Тоныкөк тәрізді беделді бек-батырлардың басына қойылған құлпытастарға қашалып жазылған ерлік жыры деп таныды. Авторларын М. Жолдасбеков сол дәуірде өмір сүрген екі жырау-ақын – Иоллығ-тегін мен Тоныкөк деп қарайды. Халқымыздың ежелгі дәуірден дамыған жыраулық дәстүрін, шешендік тілін қалыптастыруда бұлар тәріздес көне ойшылдардың, ақын-жыраулардың үлкен роль атқарғандығы даусыз. «Күлтегін»  жырының авторы Йоллығ тегін болса, «Тоныкөк» жырының авторы – Тоныкөктің өзі.

Орхон ескерткіштері – Түркі қағанатының тәуелсіздігі, елге қорған болған батырлар мен көсемдерді дәріптеу негізінде туған. Олар: Түркі қағанатының негізін құраған Бұмын қаған, Елтеріс қаған, Елтерістің ақылшы, кеңесшісі Тонұқұқ жырау, әкесі Елтеріс өлгеннен соң жиырма төрт жылдан кейін таққа отырған Білге қаған, әскербасы Күлтегін. Орхон ескерткіштері – осы тарихи тұлғаларға арнап тасқа қашалып жазылған әдеби мұралар. Жырда түркі халқының тауғаштарға – қытайға қараған түркі тайпаларына – тәуелді болу себебі ел ішінде береке-бірліктің болмауынан екені баса айтылған. Елге тәуелсіздік әперу үшін бел шешпей күрескен Білге қағанның ерлігі жырда:

Түркі халқы үшін

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Төрт бұрыштағы халықты

Бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым, –

деген жыр жолдарымен берілген. Жырда әскербасы болған Күлтегін тұлғасы да ерекше жырланған. Күлтегін 47 жаста қайтыс болғанда, оның қазасына халықтың қайғыруы да барынша нанымды берілген.

Тамам жарлы жиылып,

Қонған жері  кең болмас,

Тамам сұлтан жиылып,

Сөйлеген сөзі жөн болмас.

Ұры-қары жиылып,

 Ұйытқылы ел болмас,

Жаманды қанша мақтасаң,

Жайды білер ер болмас…

 Жаңбыр жаумаса жер жетім,

 Басшы болмаса ел жетім,

Ұқпаса айтқан сөз жетім…

 Көре алмаған көз жетім.

 Кедейге де бақ қонатын күн болады,

Батырдан бақ қайтатаны күн келсе,

Қанша тауып айтса да мін болады.

Қаңғыртса ханның қызы- ханшаны,

Бақытсыз бір лайық күн болады.

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы,

Қызың жақсы болса,

Жайқалып өскен пырағы.

Әйелің жақсы болса,

Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

Үшінші- ырысыңның тұрағы, –

деген ғибратқа толы сөздердің түпкі негізі осы көне мұраларда жатқандығы анық.

М.Қашқари ХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен ұлы филолог, ауыз әдебиет үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым, белгілі саяхатшы. Ол «Диуани Луғат ат-түрк» атты еңбек жазып, өз заманындағы түркі тілдерінің тұңғыш ғылыми грамматикасын жасады.

Әйтсе де, «Диуани луғат ат-түрк» тек түркіше-арабша  түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге ол түркі тілдерін зерттеуде теңдесі жоқ ғылыми еңбек. Біз үшін ең маңыздысы – автор түсіндірме сөздікке ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерінен, өзі өмір сүрген орта ғасырдағы поэзиялық шығармалардан аса құнды материалдар – түрлі тақырыптағы өлң-жырлар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер т.б. көркем сөз үлгілерін енгізген. Әдеби шығармалар мен халықтық фольклордан алынған үзінділерді М.Қашқари осы сөздіктегі әрбір сөздің мән-мағынасын оқушысына тереңірек түсіндіру үшін мысал ретінде алып отырған, сөйтіп, алғашқы қауым адамдарының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, еңбегін, сана-сезімін бейнелейтін ауыз әдебиетінің үлгілері бізге М.Қашқаридың еңбегі арқылы жетті. Сондай-ақ орта ғасырдағы көбіне дидактикалық сарында болып келетін жазба әдебиет үлгілерін де біз ұлы ғалымның осы еңбегінен табамыз.

«Диуани луғат ат-түрк» – қазіргі түркі халықтарының  бәріне ортақ мұра . Бұл сөздікте орта ғасырдағы  түркі ру тайпаларының бәріне бірдей ортақ 6000-нан астам төл сөз бен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Бұл лексикалық жинаққа енген сөздер, мақалдар, өлең жолдар, т.б. түркі тілдерінің сол кездегі, сөйлем құру жүйелерін, әдеби тілмен көріктеу құралдарының өмірге келу жолдарын анықтай түсуге мүмкіндік береді. «Диуани луғат ат-түрк» –  тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасаған ғылыми еңбек.

Сыр бойы әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Жүсіп Баласағұни – Талас-Шу бойындағы Баласағұн қаласында туып-өскен ақын, ойшыл, данышпан ақын, білікті қоғам қайраткері. Жүсіп Баласағұни 85 тараудан тұратын «Құтадғу біліг» дастанын 54 жасында 18 айда жазып бітіріп, Қарахан мемлекетінің билеушісі Табғаш Арслан хан Боғратегіне тарту еткен. Осы кітабы үшін ханнан «Хас Хажиб» – «сарай министрі» деген атақ алған. «Хас Хажиб» – араб сөзі, ханның ең сенімді кеңесшісі деген мағына береді. Кітапта төрт кейіпкер бар: 1) Күнтуды бек; 2) Айтолды уәзір; 3) Өгдүлміш – уәзірдің баласы; 4) Одғұрмыш – уәзірдің бауыры. Аталмыш кейіпкерлер Әділет, Бақыт, Ақыл, Қанағат бейнесінде алынған. Күнтуды бек – Әділет бейнесі, Айтолды уәзір – Бақыт бейнесі, Өгдүлміш – Ақыл-сана бейнесі, Одғұрмыш – Қанағат бейнесі. Кітаптағы әңгіме желісі осы төрт кейіпкердің сұрақ-жауабы арқылы дамиды. «Құтадғу біліг» түркі тілінен аударғанда «Құт әкелетін білім» деген мағынаны білдіреді.

Жүсіптің есімін әлемдік әдебиет тарихында мәңгілікке өшпестей етіп жазып қалдырған бірден-бір әдеби мұрасы – «Құдатғу біліг» дастаны болып табылады. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихы, қоғамдық саяи-өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі т.б. жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды.

Қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551 ж) «Тарихи-Рашиди» (Рашидтің тарихы) атты еңбегі де өзінің көркемдік ерекшеліктері, көріктеу құралдары, тұрақты сөз тіркестерін шебер қолдана білуі жағынан көркем туындыға жақын тұр.

М.Х.Дулати өз өмірінде әлемнің көп жерлерін аралаған, талай оқиғаларға куә болған. Тағдыр тауқыметін көп көрген ақын кезінде ел аралаған кезбе-саяхатшы да, Кашмир тағында отырған хан да болған. Сондықтан ол мына жалған дүниенің өткінші екенін, адам өмірінің құбылмалы болатындығын, қашанда жақсылық пен жамандық өзара күресіп жататынын өзгелерден гөрі тереңірек пайымдаған.

Оның ақындық-философиялық ой-толғамдарын мына жыр жолдарынан аңғару қиын емес:

Бүкіл әлем бірден ғайып болады,

Бар тіршілік күзгі гүлдей солады.

Мәңгі ғұмыр тек Аллаға жарасқан,

Пенделері топырақ болып қалады…

немесе:

Бізден бұрын ғайып болып кеткендер.

О дүниеге бізден бұрын жеткендер.

Бір сәт қана бізден бұрын мас еді,

Шарап болып қайта оралды, төкпеңдер!..  [6, 248]

М.Х.Дулатидің нағыз шебер суреткер екендігі кітапты жазу барысында жай ғана қарапайым сөздермен баяндамай, оны егжей-тегжейлі нақты деректер арқылы жазуынан аңғарылып тұрады.

Осы тұстағы ең бір назар аударарлық жайт – автор шығармасының басталуы өзінен бұрын ғұмыр кешкен Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының кіріспесімен үндес болып келетіндігі:

Бастаулардың басы еді, оңдысы,

Болды кейін пайғамбардың соңғысы.

Пейіл бүрдым енді оның жолына,

Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына.

Илләһә! Менің көңілімді күзеткін,

Қияметте Пайғамбармен бір еткін!

Қияметте көрсет толық жүзінді,

Қолымнан демеп, раббым, өткіз өзімді! –

дейді Ж.Баласағұн.

Қажеті не көп сөйлеп, уақыт алып бекерге!?

Хайдар канша айтса да, ол өзіңе жетер ме?

Әбдірашид шаһыңның өніп-өскен ортасы,

Қап тауынан биік-ті, секілді ойдың ордасы.

Биік сенің, ей, патшам, абыройың, мәртебең,

Жеткізе алмай мен соны күйіп-пісем, өртенем, –

деп Х.Дулати еңбегін моғол ханы Әбдірашид ханға арнап, оның құрметіне туындыны «Тарихи-Рашиди» деп атағандығын сөз етсе, Ж.Баласағұн:

Заман саған берді дәулет, берді бақ,

Берсін тәңір тақпен бірге енді бақ.

Мың-мың қолдар сыйын беріп, табынды,

Менің сыйым «Құтадғу біліг», қабыл ал!

Олардың сыйы келіп, кете барады,

Менің сыйым сенде мәңгі қалады, –

деп кітабын арнап отырған аса қадірлі Бураханға еңбегін ұсынып, оны мадақтайды.

Қаламгер қазақтың салт-дәстүрін бейнелеген жерлерінде адамдардың қуанышты көңіл-күйлері мен табиғат құбылыстарының үндескен, тоғысқан сипатын сыршылдығы анық суреттеулермен бейнелейді. Бұл – қазақ әдебиетінің М.Х.Дулати заманындағы көркемдік дамуындағы қаламгер суреткерлігін танытатын белгілердің бірі. Мысалы, «Имин Қожа Сұлтан және шаһ Мұхаммед Сұлтанның үйлену тойы жайында әңгіме» атты 63-тарауда Хадиша сұлтан ханымның Шаһ Мұхаммед сұлтанға ұзатылу тойы үстіндегі адамдардың көңіл-күйі проза мен поэзияны тұтастырған лирикалық-романтикалық сипатпен берілген:

«Дөңгелеген күмбездей көгілдір сол көк аспан,

Ай менен Күн һәм Шолпан сұлулыққа таласқан.

Жақұт һәм дүр, һәм гауһар, қымбат асыл тастары,

Безендірген олармен мөлдір көктің астарын [6, 394].

Түнде бектер мен ақсүйектердің ерекше тойды қыздырғаны сонша, аспандағы Шолпан жұлдызы сол тойдың шабытына бөленіп, билей жөнелгендей еді. Ай да аспаннан сол тойға айрықша қарап тұрды. Назды сақидың қолынан ащы шарап, тәтті шәрбет ішіп, Фархад пен Шырындай бір-біріне ғашық болған еді. Өлең:

Тас қараңғы дүние, тербетеді күй түнді,

Жер ерніндей арудың ыстық және сүйкімді.

Жеңімпаз да бақытты – иесі үлкен сыйлықтың,

Жігерімен жастықтың, буыменен биліктің.

Әсте, тарту-таралғы жетпей жатыр демес ек,

Алтын, күміс, асыл тас – қымбат затта жоқ есеп.

Қызығына өмірдің уақыты да көп кетіп,

Әрбір күні осылай дүрілдеумен жатты өтіп…»

Қаламгердің  табиғат құбылыстарын, тәуліктегі уақыт алмасу сәттерін бейнелеудегі кейіптеулері аса әсерлі көркем бояулармен суреттеледі.

Жалпы, ежелгі әдеби мұраларымыздың қайсысын алып қарасақ та, онда өткен дәуір шындығымен қоса, шығарма авторларының көркем тіл кестесі, айшықты сөз өрнектері, философиялық толғамдары, шешендік ойлары биік дүниетанымдық көзқараспен  беріліп отырады. Сондықтан асыл мұраларымыз әдебиетіміздің, мәдениетіміздің қайнар бастаулары ретінде ешқашан өз құндылығын жоймақ емес. Мәңгілік ел мұрасы ретінде халқымыздың игілігіне айнала беретіні сөзсіз.

Абдыханова Ғ.Т.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы 

 

Comments (0)
Add Comment