Түркі халқының ортақ қазынасы

Бүкіл халық болып тойланатын, ерекше әрі рухани құндылықтары қатар жүретін Наурыз мерекесі жайлы айтылар жырлар, әндер мен әңгімелер жетерлік. Наурыз әр халықта әр түрлі жоралғылармен тойланып, ерекше дәстүрлерімен көзге түседі. Оны халық рухани тазару, жыл бастауы деп біледі. Тіпті кей халықтар ескі дүниелерін тастап, барлығын жаңартып, жаңа жылға жаңа қадам басады. Ал кейбіреулер әр жерге от жағып, үй айналасына гүлдер егіп, ерекше жөн- жоралғылар жасап, атап өтеді.

Ал қазақ халқында ежелден бері Наурыз мерекесі айрықша аталып өтеді. Бұл күні араздасқандар татуласып, төс қағыстырып, үлкен той етіп өткізетін болған. Ат шаптырып, ұлттық ойындар ұйымдастырып, ақты мол әзірлеген. Бір-біріне арнап дастархан жайып, үйлеріне қонақ еткен. Жетім-жесірлерге де қол ұшын созып, жоғын бар еткен. Мерекені ысыраппен емес, берекелі етіп, пайдасы мен руханиятқа берер жақсылығы мол мейрам етіп өткізген.

Өкінішке орай 1926 жылы Наурызды«діни мереке» деген желеумен тоқтатып тастады. Бірақ, көп аймақтарда жасырын түрде тойланып жатты. Ал, 1988 жылдан бастап Ұлыстың ұлы күні ашық түрде қайта орнына келіп, тойлана бастады.

Міне, содан беріқалада, аудандар мен ауыл аймақтарда киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, жан-жақты дәріптеледі.

Бір сөзбен айтқанда әз Наурыз – түркі халқының ортақ қазынасы, бай мұрасы.

Арайлым Ершеева 

Comments (0)
Add Comment