Бұл туралы жексенбіде үкіметтің «Нейтральный Туркменистан» орыс тілді газеті мәлімдеді,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы кітабы туралы өзі басқарып отырған түрікмен Парламентінің жоғарғы палатасы – Халк Маслахат (Халық кеңесі) отырысында айтты. Түрікменстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған отырысқа депутаттардан басқа елдің барлық басшылығы қатысты.
«Түрікменстан басшысы жиналғандарға «Garaşsyzlyk – bagtymyz» («Тәуелсіздік – бақытымыз» деп аталатын тағы бір кітабын аяқтағанын айтып, қорытынды сөз сөйледі» делінген газетте. Президент тәуелсіздік – өлшенбейтін ұлы ұғым екенін атап өтті.
«Бұл сөзде ержүрек ата-бабаларымыздың еркін және бақытты өмірі туралы армандары мен ұмтылыстары, даңқты өткеніміз, сүйікті Отанымыздың бүгіні мен болашағы жатыр», – деді президент.
Бердімұхамедов жаңа кітабында ел тәуелсіздігінің ұлттық тамыры мен тарихын ашуға, сондай-ақ қазіргі заманның негізгі міндеттерін шешуде бейтарап мемлекеттің халықаралық-құқықтық мәртебесінің ролін баяндауға тырысқанын атап өтті.
«Кітапта әлемдік қоғамдастықтың барлық мүшесін біріктіруге бағытталған жоғары мақсаттарды одан әрі іске асыру мүмкіндіктері жан-жақты талданған. Ол оқырмандарға халықтарды бейбітшілік, прогресс және бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін біріктіретін идеялардың тұрақты мәнін ашады», – деді Бердімұхамедов.
Ол жаңа туынды қызықты әрі пайдалы болатынына, сондай-ақ, Түрікменстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сыйлық болатынына сенім білдірді.
Түрікменстан президенті түрікмен тарихына, ахалтеке жылқыларына, түрікмен кілемдеріне, музыкаға, тамақ дайындауға, шайға, мақал-мәтелдерге, түрікмен алабайларына және басқа да тақырыптарға арналған бірқатар жұмыстың авторы. Гурбангулы Бердімұхамедовтің шығармаларының электрон кітапханасында 60-тан аса кітап бар, олардың көбі шет тілдеріне аударылған.