Төріңізден құрақ кетпесін

«Айналайындар, сендерден өтінемін, «сіздің арқаңыз» деген сөзді қойыңыздаршы. Жаратушы осы міндетті маған жүктеген соң алып жүрген болармын. «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді. Осы сөзді естіген сайын зәре-құтым қалмай Құдайдан қорқамын. Сендердің істерің алға басып жатса, мен оған тек себепшімін», – деп ақтарылды Ырза апам.

Дариға ДӘУРЕН, Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Әулиеата топырағына табан тірегелі үшінші күн дегенде жамбылдық ісмер қыздармен бас қосқан Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада әңгімені осыдан бастады. Оның себебі де жоқ емес. Он шақты күннен бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған «Антикор» ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі ретінде ел ішін аралап, насихат айтып жүргенде алдынан шыққан киелі қазақ жерінің қыз-келіншектері алғыстарын жаудырып жатты. Кеңге тараған «Көрпефест» мегажобасы арқылы, 3 млн жазылушысы бар әлеуметтік желідегі шеберлік сағаттарымен көпбалалы аналарға, қолынан іс келетін әйелдерге, көк ине түртуге талпынған нәзікжандыларға өзінің білгенін тегін бөлісіп жүрген қазақтың қайсар қызын қай өңірде болмасын ыстық ықыласпен қарсы алады.

Тараздағы алғашқы күнінде «Бақытты отбасы» орталығында жылы кездесудің куәсі болдым. Көктемде өткен «Көрпефестте» Ырза Тұрсынзадақызының тәлімін алған келіншектер жан-жақтан қаумалап, жеткен жетістіктерімен бөлісіп, мәре-сәре болысты. 600-ден аса аналар тіркелген орталықта тігін ісі, маникюр шеберлері, лэшмейкер курстары, ал олардың балалары үшін ҰБТ-ға дайындық сабақтары тегін жүргізіледі екен. Қазақтың ырысын көбейткен көпбалалы аналарға психолог, заңгерлердің беретін ақыл-кеңесі де ақысыз. Орталық жұмысымен танысқан соң, белгілі этнодизайнер осында жиналған қыздармен әңгіме-дүкен құрып, шеберліктерін шыңдаудың құпияларымен бөлісті. Жүздесу соңында жанашыр жанға алдағы жоспарларын айтып, жетпей жатқан қу дүниенің шетін шығарғаны сол еді, Ырза апай банк картасынан 150 мың теңгені «жақсы тігін машинасын алыңдар» деп аударып беріп, аналар қауымын риза етті.

Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы Айнұр Дәрменбаеваның баяны тым бөлек. Осыдан екі жыл бұрын тағдыр тәлкегіне ұшыраған. Азаматы жол апатының зардабынан жарымжан болып, сол күнге дейін алған кредиттерін төлей алмай, баспанасынан айырылып қала жаздапты. Абырой болғанда ауыл әкімдігі бұларға болысып, банкке хат жазып, араша түскен екен. Бала күнінен қолөнерге жақын Айнұрға ел ағалары ауылдағы өнер мектебінен бір кабинет беріп, қазіргі таңда ол Бурылдағы жасөспірім қыздарды ою ойып, құрақ тігуге баулып жүр. Ұлттық өнерді қолға алуға сеп болған Ырза Тұрсынзадақызын Айнұр шәкірттерімен бірге тік тұрып, қошеметпен қарсы алды. Ағымдағы жылдың наурыз айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың пәрменімен ұйымдастырылған «Көрпефест» жобасына қатысып, үш күндік іс-шара қорытындысында Ырза апайдың 1000 доллар тұратын сертификатын ұтып алған Айнұр өзіне үміт сыйлаған жандарға шексіз алғысын білдірді. Бұл күнде тоғыз жастағы Іңкәр есімді қызы да қолғанат болып, құрақ құрасып, өзі тіккен көрпесін де сатып, отбасы қоржынына табыс әкеліп отырған жайы бар. Балауса қыздың ісмерлігіне тәнті болған Ырза ханым: «Ертең ұлттың өнерін ұлықтаған осындай қыздар барған жерінде бағалы болады, төрден түспейтін ана болады», – деп Іңкәрға ақ батасын берді. Өшкелі тұрған шырағы қайта маздап, тіршілігі жанданған Айнұрдың көзінен өмірге деген құштарлығын аңғарып, бастаған ісіне береке тіледік.

Алматының қақ төрінде туып-өскенімен, ұзақ жылдар бойы Мәскеуді мекен еткен Тұрсынзадақызына тұғырлы тұлға Мырзатай Жолдасбеков ағамыз кезінде: «Ырза, осы өнеріңді тоқпақтап жүріп өткіздің-ау», – деген екен. Расында да, көрпе-жастығын қолтықтап, ұлттық ою-өрнегімізді ұлықтап жүрген апамыз төл өнерді нарықтың төріне жарқыратып шығару үшін аз кедергі көрмепті. «Көне Тараз» этнотарихи кешеніндегі Қолөнершілер үйінде өңіріміздегі белгілі кәсіпкер Анар Бексұлтанованың мұрындық болуымен өткен кездесу барысында талай сырдың тиегі ағытылды.

Ең алдымен Тараз шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалаған Ырза апай жарқыраған қыз жасауларын көріп, біріне көңілі толып, енді біріне кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті.

Сән-салтанатымен үйлесім тапқан сан алуан бұйымдар көздің жауын алып жарқырап тұр. Заманауи әрі ерекше әдіптеліп, алуан моншақтың түсін үйлестіре көркемделген қыз бұйымдары кімнің болсын көңілін хош етері сөзсіз. Көне дәуірден бері әз әжелер мен аяулы аналардың алақанының жылуы таралып, табы қалған көне дүниенің көркін арттырып, көпшіліктің көзайымына айналдыра білген тараздық шеберлер бұл күні өз ісіне шебер, этнограф ханымның көзайым болғанына толқып тұрды. Өз қолынан шыққан қолөнерін табыс көзіне айналдырған тараздық қыздар ұстазын қаумалап, ашық-жарқын тілдесіп, шәкірттік ықыласын білдіріп, мәре-сәре күй кешті.

– 25 жылдың көлемінде тігін тігумен айналысып келемін. Бүгін жастық, көрпеше, сөмкені, түрлі әшекейлер мен естелік бұйымдарын, басқа да өзім жасаған заттарды осында алып келдім. Тігінді жазумен, суреттермен әдіптеп, тойбастардың сыйын да жасаймын. Кез келген той-томалақтың тартуын да әдіптеймін. Әсіресе, қыз жасауының сан алуан түрі бар, – деді тараздық шебер Шолпан Суранбаева өз бұйымдарын таныстырып.

Көз тоймас көрікті дүниенің арасынан өзіне ерекше назар аудартып тұрған балаларға арналған бұйымдар, әсіресе, әдемі. Ертегі көріністері, жануарлардың бейнесі, көз тартар әсем моншақтардың үйлесімі жалт-жұлт етіп, қызыл-жасыл дүниенің бар жауһарын бойына жинағандай жарқырайды-ақ. Күнұзақ инеге иіліп, жіп түйіндеп, оймақты ойнақшыта үйіріп, іс тігуді ғұмырына азық еткен шеберлер, иненің жасуындай тіршілікте ақ сезіміне айдың нұрын тамызғандай аруларға арналған жасауларды алға тартты.
Көкейдегі сұрақтарына жауап алып, сауал жолдау мақсатында әңгіме ауаны кездесу алаңына ауысты. Өз еңбек жолында қазақтың асқақ рухы мен намысынан күш алған әйгілі этнодизайнер кездесу барысында шәкірттерімен асқан сүйіспеншілікпен сұхбаттасты. Бұл отырыстың бір ерекшелігі – тәлімгерлерімен жүздесуге келгендер өз қолынан шыққан киім үлгісін киіпті. Әрқайсысына ерекше көңіл аударып, бешпенті мен кимешегіне, қамзолы мен көйлегіне тоқталып, назар аударған Ырза ханым тараздық шеберлердің де сән әлемінде өз орны бар, талғамына талас жоқ екенін жеткізді.

– Үнемі жүлделі орын алып жүрген соң, бір журналист «Сіздің жеңіске жетуіңіздің сыры неде?» деп тосыннан сұрақ қойды. «Бұл жерде ешқандай сыр жоқ. Бұл ұлтымның аманатын орындап, ізін басып жүргендігімнен деп білемін. Бұл менің анамның, әжемнің – барша қазақ әйелдерінің жолын жалғағандығымнан. Бұрынғы қазақ әйелдеріне ешкім жүлде берген жоқ. Бірақ олар қолынан ине-жібін тастамай, осы іспен шұғылданды. Сол ақ жаулықтылардың қасында жүріп үйренген дүнием – осы. Бұл – ұлттық өнердің құдіреті, киесі», – деп жауап бердім. Мысалы, мен қай жерде болсын тегін үйретемін. Себебі біз материалдық дүниенің емес, рухани дүниенің шырақшысымыз. Ендігі айтарым, ақысыз шеберлік сыныбы болды. Тігін машинасы таратылды. Сертификаттар берілді. Ақысыз алаң ашылды. Тәуба! Бірақ осымен қоя салмаймыз. Біз бұдан әрі жетістікке жету жолында дами түсу үшін әлеуметтік желіні билеуіміз керек. Алланың әр сынағының қайыры бар. Карантин кезінде де қолға тыныштық болған жоқ. Өз шаңырағымыздың басында отырып-ақ еңбек етіп, мал таптық. Тынымсыз тіршіліктің көзі иненің ұшында. «YouTube»-та арнайы канал аштым, сол жерде сабақтарымды қоямын. Әрбір қазақтың әйелі, қызы ұлттық қолөнерді шаңырағында бала-шағасының жанында істеп, нәпақасын тауып, осының қызығын көрсе екен деймін. Мен болашақ бәсекелестерімді тәрбиелеп жатырмын деп ойламаймын. Олар менің ізбасарларым, – деді.

Сондай-ақ әңгіме барысында Ырза апай шәкірттеріне тапсырыс көп түссе, бір-бірімен бөлісу керектігі жөнінде кеңес берді.

– Өз жөргегімізден жиіркенген халықпыз ғой, тілімізде сөйлегіміз келмейді, ұлттық киімді кигіміз келмейді, күмістің қуатын менсінбей, алтынға құмармыз. Ең алғаш 500 доллар төлеп, көрмеге қатыспақшы болдым. Сонда ұлттық өнерге ат үстінен қарайтындар «қасыма тұрмасын» деп әрқайсысы бір тепкілеп, ішім қанжылап қайтқан едім. Ал сіздерге қазір жергілікті атқамінерлер тегін алаң беріп, жағдайларыңызды қарастырып отыр. Тек күш біріктіріп жұмыс істеу керек. Қазақ әйелдері бір-біріне бақталас, бәсекелес болмай-ақ қойсын. Аналар бас құрап бір бағытта, бір мақсатпен жұмылатын болса, құлдырап бара жатқан ұлттық құндылықтарды құтқарып қалады, ұлттың санасын өзгерте алады, – деді Ырза Тұрсынзада.

Жиын соңында тараздық ісмерлер ұстаздарына сый-сияпат жасап, ризалықтарын білдірді.

– Ырза апайдың тараздық шәкірттеріне «бас-көз бол» деп маған айтуы және де осындағы барлық шәкірттерінің бірауыздан қолдауы – мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта құрақшылар қауымдастығын құру ойымызда бар. 2014 жылдан бері, алты жылдың көлемінде осы қолөнер жұмысымен айналысып келе жатырмын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінен де марапатқа ие болғанмын. Ал Ырза апайдың қазақтың рухын биіктетіп, өнерін елге танытып, мәртебесін көтеріп отырғаны бәрімізге аян. Онлайн сабақтарын тегін жүргізуі де Ырза апаның кеңдігін білдіреді. Мәселен, сол онлайн сабақты көріп отырып үйреніп, тігінмен айналысып жүрген қыз-келіншектер баршылық. Ырза апай кездесу барысында өз кеңесімен күш-қуат беріп, «түрлі байқауларға қатысыңдар» деп ақылын айтып отыр. Тараздық шеберлердің ісінің алға басуына бүгінгі кездесудің ықпалы зор болатынына сенім білдіремін, – деді тараздық құрақшы Анар Бексұлтанова.
Бойында қазақтың қуаты, жүрегінде күннің жалыны, көзінде қыранның оты бар Ырза Тұрсынзада бар болмысымен әр шаңырақтың шаттығы мен сырын нықтап, құрап отырғандай көрінді. Атам қазақ бала сүйе алмай жүрген әйелді, басын құрай алмай жүрген бейбақ пен жаңа ғана жанұя құрған жастарды жақсы ырымға балап, құрақ көрпешеде түйістірген. Осынау барлық ұлттық қағида мен салт-дәстүрді тұла бойына сіңіріп, қасқайып отырған қыран тектес әйелдің бармақтай бағы сиқырлы саусағында екенін ұғасың. Төріңізден құрақ кетпесін, қазақ!

Comments (0)
Add Comment