Бала тәрбиесі қашанда маңызды мәселе болатыны анық. Елдің ертеңгі жағдайы жастардың алған білімі мен тәлім-тәрбиесі, рухани байлығымен, патриоттық сезімімен байланысты.
Мәңгілік ел болып, тарихымызды тереңдеткіміз келсе, әрбір азамат оның жауапкершілігін өзінен іздегені абзал. «Отан отбасынан басталады» деген мақал бекер айтылмаса керек. Үйдегі ата-ана әдебі – баланың санасын дұрыс жетілдіретін құрал. Бала ата-ананың бір-біріне деген мәдениетін көру арқылы мейірімділікті үйренеді, әкенің қабылдаған парасатты шешімін көрген бала әділдікті үйренеді. Ата-ананың қоғам туралы айтатын пікірін, ойын тыңдау арқылы елді, жерді қорғауды, елге қызмет жасауды, достықты, өзінің айналасындағыларға көмегінің тиетінін біледі. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейханов.
Балаға ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы тарихи білім беруге болады. Тарихты білу арқылы тәуелсіздіктің жеңіл жолмен келмегендігін біледі. Осы орайда Тараз қаласы №56 орта мектебінің ішкі қабырғасына ілінген ұлттық қолөнер бұйымдары мен жәдігерлері тарихпен тікелей байланыстырылған. Күлтегін жазбалары, қазақтың ұлттық оюлары, бесік тербеткен ана бейнесі мен батырдың бес қаруы терең тәрбиелік талғаммен жасалған. Үшінші тоқсанды бастау қарсаңында ілінген бұл қолөнер мектепті сағынған білім алушыларды қуантпай қоймады. Сондай-ақ адалдық, ашықтық мақсатында мектебіміздің қабылдау бөлмесі мен мектеп директоры кабинетінің есіктері «Open space» форматында жұмыс жүргізуде.
Нұрбол ӘБДІҚАЛЫҚ,
Тараз қаласы №56 орта мектебінің директоры