Тәрбие әлсіреген жерде тәртіпсіздік өршиді

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында педагогтардың жыл сайынғы Тамыз кеңесі өтті.

Басқосуға облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова және мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.
Әуелі жұртшылық назарына жаңа оқу жылына дайындық барысы, «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбына сәйкес, білім беру үрдісінде келешекте кең қолданысқа енуі мүмкін бағдарламалар мен қосымшалардың және робототехника бағытында жасақталып жатқан құрылғылар мен білім беру жүйесін автоматтандыруға негізделген өнімдерді таныстырған «ROBO WORK» және 6 панельдік секциядан құралған көрме ұсынылып, шаһардың білім беру жүйесінің дамуы мен өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы бейнебаян көрсетілді.
Бұдан кейін сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру жұмыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, өткен оқу жылында «100 кіші бағдарлама» аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты, Қазақстан халқы Ассамблеясы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен 2026 жылға дейін іске асырылатын жобалар айқындалып, қазіргі таңда 58 мекемеде балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу бағытында ілкімді істер қолға алынған. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігіне де баса мән берілуде екен.
– Ағымдағы жылы балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында 7 мектептің екінші ғимараттарына жаңа турникеттер орнатылып, тозығы жеткендері жаңартылды. Сонымен бірге аналогтық 437 дана бейнебақылау камерасы цифрлық камераға ауыстырылды. Мектептер 28 модификациялы кабинеттермен, 60 дана интерактивті тақта, 177 жиынтық жиһазбен жабдықталды. Соңғы 3 жылда 59 кабинет сатып алынып, нәтижесінде, заманауи кабинеттері бар мектептердің үлесі 79 пайызға артты. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бала қауіпсіздігі мектепте жасалған жағдаймен ғана шектелмейді. Сондықтан барлық білім мекемесінде төтенше жағдай, полиция қызметкерлері және педагогтардың бірлескен іс-шаралары мен оқу-жаттығулары өткізілді. Қауіпті жағдайда оқушылардың өзін-өзі ұстауы, балғындардың жол бойындағы және үйдегі қауіпсіздігі, оған ата-ананың жауапкершілігі бағытындағы шараларды күшейту маңызды. Осыған сәйкес, жаңа оқу жылында «Қауіпсіздік академиясы» жобасы, қауіпсіздік сағаттары, «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі бойынша жұмыстар өз жалғасын табады, – деді Раушан Пернешқызы.

Бүгінгі күні шаһарда 3 437 балаға 3 психологиялық-педагогикалық түзету, 3 инклюзияны қолдау және 1 ресурстық кабинет қызмет көрсетеді екен. Ерекше балалар санының жылдан-жылға өсуіне байланысты №14 орта мектеп жанынан түзету кабинеті ашылған. Бірінші қыркүйектен бастап Оқу-ағарту министрлігі мен Арнайы және инклюзивті білім берудің ғылыми-практикалық орталығы тарапынан ұсынылған «Мүмкіндіктер уақыты» жобасын іске асыру мақсатында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде ерте қолдау қызметі де көрсетіледі. Аталған қызмет көрсету кабинеттері «Дара» қайырымдылық қоры мен «Шеврон» компаниясының демеушілігімен жабдықталуда.
Сонымен қатар бөлім басшысы бүгінгі күні ерекше балаларды оқытумен айналысатын педагогтардың біліктілігін арттыру негізгі мәселенің бірі болып отырғанын алға тартты. Себебі арнайы курстар жеткіліксіз екен. Соған байланысты аталған санаттағы балалармен жұмыс істейтін педагогтардың 28 пайызын курстан өткізу жаңа оқу жылындағы міндеттердің бірі болмақ. Мәселенің шешімі «Өрлеу» кәсіби даму институтымен бірлесе отырып қаралуда екен. Сондай-ақ шаһарда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 423 кәмелетке толмаған бала бар. «Мейірім» жобасы аясында «Отбасы банкінде» есепшоттары ашылған 423 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 120 демеушімен жұмыстар жүргізіліп, жомарт жандардың арқасында 12 миллион 200 мың теңге қаражат аударылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «сапалы ортада білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы» екенін атап өткен болатын. Соған орай, қазіргі таңда мемлекет тарапынан интернет жылдамдығы күшейтіліп, білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болып отыр. Осының нәтижесінде, педагогтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану үшін «Curipod», «Decktopus», «Canva», «MagicSchool.АІ» және тағы сол сияқты 10-нан аса платформа мен қолданбаларды пайдаланса, №45,41,40,8 гимназияның педагогтары «ChatGPT» платформасын кеңінен қолдануда. Ал 8 білім ошағында «Цифрлы мектеп» жобасы іске асырылуда екен.
Сала басшысының баяндамасынан мектептердегі тәрбие жұмысының да ақсап тұрғанын аңғардық. Олай дейтініміз, мектептердегі тәрбие жұмысы мен психологиялық қызметтің деңгейі жеткіліксіз болғандықтан, ағымдағы жылдың 7 айының өзінде кәмелетке толмағандармен 7, ал кәмелетке толмағандарға қатысты 31 қылмыс тіркелген.
– Есепті мерзімде, полиция бөлімдерінің профилактикалық есебіне 74, мектепішілік есепке 218 бала алынса, 1 ерте жүктілік оқиғасы тіркелді. Өткен оқу жылында жетістіктермен қатар, басқару мен бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі салдарына бірқатар кемшіліктер мен сыни пікірлерге жол берілді. Олардың басым бөлігі мемлекеттік көрсетілетін қызмет, тәрбие, қылмыс, жазғы демалыс, педагогтардың әдеп нормалары төңірегінде өрбіді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желінің әлеуеті артқаны баршаға белгілі. Тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстары қай кезде де маңызды. Осы орайда, әлеуметтік желілерде және «Jambyl 109» диспетчерлік қызметіне білім саласына қатысты 141 сыни жазба жарияланды. Сондықтан алдағы оқу жылында жете ақпараттандыру мен уақытылы түсіндіру жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеміз. Қазіргі қоғамда ашықтық пен қолжетімділікті, конструктивті байланысты орнатуымыз керек, – деді Р.Қожамжарова өз сөзінде.
Дегенмен қала мектептерінде дарынды балалармен жүргізілген жұмыс өз жемісін беруде екен. Айталық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба мен пән олимпиадаларында 51 оқушы жүлделі орын алып, соңғы екі жылда жүлдегерлер саны 15 адамға артқан. Оның ішінде жаратылыстану ғылымдары, инженерия мен технологиялар саласы және цифрлық дағдылар бағытындағы жарыстарда 15 өрен жүлдеге қол жеткізген. Ал ағымдағы жылы 2 823 мектеп бітірушінің 57-сі «Алтын белгіге», 131-і «Үздік аттестатқа» аяқтап, 2 270-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде, 5 мектептің орташа балы 100-ден жоғары болып, аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 44 пайызға артқан.
Білікті ұстаздардың қол жеткізген толағай табыстары да баршылық. Мәселен, шаһар мұғалімдері өткен оқу жылында облыстық, республикалық және халықаралық білім бәйгелерінде оза шауып, тұғыр биігінен көрінді.
Басқосу барысында бірқатар сала қызметкері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» Құрмет дипломымен, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Алина АДИЛОВА

Comments (0)
Add Comment