Тұрақты дамудың кепілі

Мемлекет басшысының қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы халыққа бүгінгі билікке деген зор сенімін қалыптастырды.

Құнды құжатта мемлекетіміздің біртұтастығына, әл-ауқатының жақсаруына, экономикалық дамуына жол ашатын маңызды тапсырмалар берілді. Қоғамдық ой-сана мен жұртшылықтың көптен көкейінде жүрген мәселелерінің басы ашылып, айқындалды.
Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған оң бастамалары сөз күйінде қалмас үшін өз алдында маңызды міндеттер тұрғандығын әр қазақстандық ұғынуы тиіс деген пікірдемін. Мәселен, басты құжатта мені қуанта отырып, үлкен жауапкершіліктің дәмін сезіндірген басты жаңалық – білім саласындағы ахуалдың тұрақтылығы мен сапасына аса мән беруі. Президент Жолдауда: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деп атап өтті. Расында, қазіргі дәуірде қай салада болмасын жайлылық бірінші орында. Әсіресе білім беру саласында әр оқушының жағдайын жасау олардың білім алуға деген ынтасын еселеп, қанаттандыра түседі. Жасыратыны жоқ, ауылды жерде үш ауысыммен оқып, қолайсыз жағдайда білім алып жатқан балалар да жоқ емес. Мемлекет басшысы айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жоба – осы олқылықтардың орнын толтырып, тек оқушылардың ғана емес, қолайсыз жағдайда білім беріп жүрген ұстаздардың, бала қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналардың уайымын сейілтудің үлкен қадамы. Жолдауда осы туралы: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп айрықша айтылды. Тағы бір қуанышты жаңалық – әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жаспен шектелетіндігі, аналарға баласы 1,5 жасқа дейін ақылы демалыс беру, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру, 100 мыңдай жасты жұмыспен қамту, отандық шикізатты өндіру, еңбек табысын көбейту. Сонымен қатар Ұлттық қор есебінен бала болашағына қаржы құю да жұртшылық ойынан шықты.
Осы тұста Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, тың бастамалар әрқайсысымызға зор жауапкершілік жүктейтіндігін тағы да атап өткім келеді. Жолдаудың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталуының өзі ендігі халық пен биліктің бірігіп, ортақ мақсатқа көз тігуіне үндеп тұрғандай әсер береді. Әділетті мемлекет құру – бір ғана адамның немесе кішігірім топтың ғана қолынан келмейтін іс. Ол үшін ұлттың біртұтастығы маңызды. Сонда ғана қоғамда береке орнап, бүтін елдің іргесі сөгілмей, болашағы жарқын болмақ.

Әдина Исатай, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз хатшысы

Comments (0)
Add Comment