Тұрғындарды не толғандырады?

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №2 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Басқосуда алқаптағы жол жөндеу, жол белгілерін орнату, жарық жүргізу, қоғамдық көліктің қатынауына қатысты мәселелер көтерілді.

Бүгінде алқаптағы жолдарды жөндеу бойынша жобалық құжаттама дайын. Жобаға сәйкес, алқаптағы 70-ке жуық көшені жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын орнату жұмыстары жоспарлануда. Бюджеттік өтінім ақпан айында республикалық комиссия отырысында қаралады. Нәтижесінде жұмыстарды сапа мәселесіне байланысты 2 жылда іске асыру көзделуде. Ал негізгі жұмыстар келер жылдың көктемінде басталмақ.
Жиында тұрғындар «Түйте» каналының тазалығын да сынға алды. Айтуларынша, бүгінде каналдың жағдайы нашар, тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Аталған канал жекеменшік нысан болып табылады. Канал иесіне тиісті тапсырма берілді.
Ақкөл көшесінде орналасқан иесіз құрылыс нысанына да тұрғындар наразы. Нысан иесіне 2 апта уақыт ішінде құрылымды алу туралы нұсқау берілді. Орындалмаған жағдайда әкімдік тарапынан нақты шаралар қолданылмақ.
Спорттық нысандардың мәселесі де өзекті. Алқап тұрғындары балалар ойын алаңшасын салуды сұрады. Бүгінде алқапта ойын алаңшасын орнату бойынша эскиздік жоба дайындалуда екен. Алдағы уақытта аумақты бекіту және құжаттамалық жұмыстар іске асырылады.
Шаһар басшысы аталған нысанды күтіп ұстау жергілікті тұрғындардың жауапкершілігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан Асқаров пен Қасымбеков көшелерінің қиылысына бағдаршам, мектеп маңына жол белгісін орнату, ішкі жүйелердің мәселесі көтерілді. Барлық мәселе бойынша жиынға қатысқан салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма жүктеліп, хаттамаға енгізілді. Енді барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment