Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №11 аумақтық округті аралап, тұрғындарымен кездесті.
Алдымен шаһар басшысы аумақтағы Байзақ батыр-Солтүстік көшелерінің киылысында орналасқан әлеуметтік дүкеннің тауарларын көрді. Азық-түлік тауарларының түрлері мен бағасы тұрғындарға тиімді болғанымен, сөрелерде жарамдылық мерзімі өткен 10-нан астам тауардың сатылымда екендігі анықталды. Бұл тұрғыда қала әкімі жауапты сала басшысына аталған фактілердің алдағы уақытта орын алмауы туралы тапсырма берді.
Сонымен қатар шаһар басшысы алқаптарда ауыз су жүргізу және электр қуатымен жабдықтау жұмыстарының деңгейін де саралады
Мектеп қабырғасында өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан жерді заңдастыру, ұялы байланыстың нашар ұстауы, аумаққа аялдама, жаяу жүргіншілер өткелін, жол белгілерін орнату сынды мәселелер көтерілді. Тұрғындар жерді заңдастыру кезінде мемлекеттік органдар тарапынан құжаттарды заңдастыруда мерзімді кешіктіру, аумаққа жауапты мамандардың аз болуы секілді мәселелердің туындайтынын жасырмады. Бүгінде 120 арыздың 100-і қаралған. Сол себепті шаһар басшысы дүйсенбіге дейін арыз мәселесін аяқтап, жерді заңдастыру бойынша аумаққа мемлекеттік мекемелер қатарынан көшпелі комиссия ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ тұрғындар мектеп жанына жаяу жүргіншілер өткелін, жасанды кедергілер орнатуды өтінді. Аумақта банкомат орнату мәселесі аса өзекті. Бұл бағытта банкке хат жолданды. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын ескере отырып, тиісті дүкен аумағы анықталды.Алдағы уақытта аумаққа банкомат орнатылады.
Кездесуде көтерілген әр мәселе хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы