Тұрғындар тыныштығын күзеткен Мәулен

Еңбек адамы – қоғамның игілігі үшін маңдай терін төгіп, адал қызмет атқаратын жан. Қай салада болса да өзінің еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосатын азаматтар қашанда құрметке лайық. Әсіресе, қауіп-қатерге қарамай, адам өмірі үшін бастарын тәуекелге тігетін жандардың орны бөлек. Солардың қатарында өрт сөндірушілер де бар. Олар тек еңбек адамы ғана емес, сонымен бірге ерлік пен батылдықтың символы.

Өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі қауіпті жағдайда өтеді. Олар жалынға оранған ғимаратқа кіріп, адам өмірін құтқарады, тілсіз жаумен арпалысып, елдің мал-мүлкі мен табиғат байлығын сақтап қалады. Бұл – бір қарағанда мамандық болып көрінгенімен, іс жүзінде үлкен қажыр-қайрат пен төзімділікті талап ететін ауыр еңбек. Қауіптің алдында тайсалмай, халықтың амандығын басты мақсат еткен осындай жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

Сонымен бірге өрт сөндірушілер тек апат кезінде ғана емес, алдын алу шараларында да аянбай еңбек етеді. Олар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, алдын алу жұмыстары мен рейдтік тексерістер жүргізеді. Бұл олардың кәсіби біліктілігінің ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігінің де белгісі.

Осындай қажырлы еңбектің иесі – Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №4 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып жүрген өрт сөндіруші-құтқарушы Мәулен Шілдебай.

Мәулен Серкеғалиұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы дүниеге келген. Сол себепті ол өзінің кәсіби жолын ведомствоның құрдасы ретінде символдық мәнге ие деп санайды. Азаматтық қорғау қызметкері атағын мақтанышпен алып жүрген ол бүгінгі таңда абыройлы еңбегімен ел тыныштығына үлес қосып келеді.

– Өрт сөндіруші – тек мамандық ғана емес, үлкен жауапкершілік пен ерлікті талап ететін өмірлік жол. Мен үшін бұл қызмет халықтың тыныштығын қорғау, адамдардың өмірін құтқару деген сөз. Жалынға қарсы тұрып, тілсіз жауды ауыздықтау оңай емес, бірақ осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Өрт сөндіруші болғанымды мақтаныш санаймын. Себебі менің еңбегім – бір отбасының амандығына, бір баланың болашағына, бір әкенің, бір ананың өміріне араша түсу. Бұл – кез келген марапаттан биік, кез келген құрметтен қымбат сезім, – дейді ол.

Кейіпкеріміз «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ол өзінің еңбек жолын өрт қауіпсіздігі саласында бастап, стратегиялық нысандарда штаттан тыс жағдайларға ден қоюдың маңызды дағдыларын меңгерді. Бұл тәжірибе оның кәсіби шеберлігін шыңдап, кез келген төтенше жағдайға дайын болуына ықпал етті.

2021 жылдан бері Мәулен Тараз қаласы ТЖБ №4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымында қызмет етіп келеді. Ол өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін физикалық төзімділікпен ұштастыра отырып, әрдайым кез келген жағдайда әрекет етуге әзір. Өрт сөндірушілер үшін ең басты қағида – уақытты үнемдеу. Себебі әрбір секунд адам өмірін құтқаруға сеп болады. Мәулен осы қағиданы әрқашан ұстанып, қызметін жоғары деңгейде атқарып жүр.

Бүгінде қоғамымыздың тыныштығы үшін тәулік бойы қызмет атқарып жүрген өрт сөндірушілердің еңбегін дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Мәулен сияқты қайсар азаматтардың арқасында талай отбасы аман, талай бала ата-анасының қасында отыр.

Сондықтан біз де өрт сөндірушілердің адал еңбегін бағалап, олардың қызметіне толағай табыс тілейміз. Қауіптің ортасында жүріп, елдің амандығы үшін жанын шүберекке түйген әрбір өрт сөндірушінің жолы ашық, мәртебесі биік болғай!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment