Қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Құмшағал» алқабының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
Алқап тұрғындарын көптен бері жол мен ауыз су мәселесі толғандырып келеді.
– Неше уақыттан бері ауыз суға жарымай келеміз. Су сағат 00:00-06:00 аралығында толық өшіріледі. Судың қысымы өте төмен, қарқыны бәсең. Мұндағы құбырлардың да тозығы әбден жеткен. Алқапта жол мәселесі де өте өзекті болып тұр. Алқапқа жаңа үйлер салынып, аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Алайда жол құрылысы әлі жүргізілмеуде, – дейді тұрғындар.
Шаһар басшысы өз кезегінде аталған мәселелер тікелей өзінің назарында екенін баса айтты.
– Қазір елімізде өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға баса мән берілуде. Осы бағытта ілкімді істер қолға алынуда. Сіздер көтерген мәселелер маған жақсы таныс. Айталық, тұрғындардың ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілуі үшін мұнараны жөндеуден өткізіп, су сорғылары мен сымдарын жаңарту қажет. Алдағы уақытта зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселені жедел түрде шешуге тырысамыз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Басқосу барысында көшелерді жарықтандыру, балалар алаңын орнату, Оқушылар сарайы мен сквер салу сынды өзекті мәселелер де көтерілді.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған қала әкімі барлық мәселелер кезең-кезеңімен, жоспарға сай шешілетінін жеткізді.
Бұдан кейін шаһар басшысы «Құмшағал» және «Көлтоған» алқабындағы тұрғындарды сумен қамтудағы өзекті мәселелерді арнайы барып зерделеді. Жоғарыда айтылғандай, аумақтағы екі су мұнарасы толыққанды жұмыс істемейді. Су сорғылары бар болғанымен, қысым жетпейді. Сол себептен тұрғындарға су мектеп маңындағы скважинадан тартылуда. Осы орайда шаһар басшысы жауаптыларға нақты тапсырма берді. Яғни резервуарлар, сорғылар және жалпы мұнаралардағы ақауларды анықтау жұмыстарын жүргізіп, екі су мұнарасын реконструкциялауға жоба дайындауды тапсырды.
Келесі кезекте қала әкімі «Жиделі» алқабының жағдайымен танысты. Аумақта медициналық орталықтың жоқтығы тұрғындарды әбігерге салуда. Науқастар дәрігерге қаралу үшін көрші аумақтағы медициналық орталыққа баруда. Сонымен қатар аумақтағы бас көшедегі жол жабындысының жағдайы, жасанды жол кедергісі болмауының нәтижесінде балалардың қауіпсіздігі дұрыс деңгейде емес және қоғамдық көліктің жоқтығы да өзекті болып тұр. Су құбырларын салған мердігер жолды қазып тастаған және қайта қалпына келтірмеген.
Шаһар басшысы жауаптыларға медициналық орталық салу, су құбырларын жүргізген мердігерге жол жабындысын қалпына келтіруге міндеттеу, асфальт жабындысын төсеп, қоғамдық көлік жүргізу мәселелерін биыл шешуді тапсырды. Барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар шаһар басшысы қала аумағындағы орташа жол жөндеу жұмыстарымен де танысты. Айталық, биыл қала аумағында 42 жоба орташа жөндеуден өткізілетін болады. Бақытжан Әмірбекұлы жауапты бөлім басшыларына жұмыс сапасын қатаң қадағалауды және жол жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Қала аумағында жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар шаһар басшысының жеке бақылауында болады.
Құрбанәлі Шахабай