Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағын аралау барысында Сүлейменов көшесінің соңындағы, №15 ықшамаудандағы және Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жүздесті.
Сүлейменов көшесінің соңындағы жеке сектор тұрғындарын электр энергиясының, асфальттың болмауы, сондай-ақ №28, 55 автобустардың сирек қатынауы толғандырады. Мәселенің мәнісіне үңілсек, электр энергиясын өткізуге қатысты қаражат мердігер мекемеге бөлінген, бірақ тиісті жұмыстар әлі күнге дейін жүргізілмеген. Кездесуге жауапты мердігер ұйымның өкілі де қатысты. Тұрғындар мердігер туралы өз пікірлерін бірауыздан білдіріп, жұмысын жалғастыруына қарсылықтарын білдірді. Өз кезегінде шаһар басшысы сот процесі аяқталғанға дейін басқа мердігерді тағайындауға мүмкіндік жоқ екенін атап өтті. Жол төсемдеріне қатысты бұл аумақта алдағы уақытта жолға асфальт төсеу және кеңейту жоспарлануда. Алдағы 10 күн ішінде №28, 55 маршруттық желілерге қосымша 5 автобус қосылады, нәтижесінде қатынау аралығын азайтпақ.
№15 ықшамаудандағы №25, 29 көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерлер мен кіреберістердегі түрлі ақауларға шағымданады. Осыған байланысты Бақытжан Әмірбекұлы бөлімдердің жауапты басшыларына келесі аптада мердігердің кепілдік жұмыстарының негізінде барлық пәтерлер бойынша жеке ақау актісін жасап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Барлық жұмыстар бақылауда болады.
Бұдан кейін қала әкімі Сәтбаев көшесінің тұрғындарымен кездесті. Үйлердің жанында монша салынуда. Қала тұрғындары нысанның иесі тротуарды жауып тастады деп шағымдануда. Сонымен қатар мұндағы қауіпсіздік мәселесі өте өзекті, өйткені қоршау жарамсыз күйде, яғни балалар үшін қауіп төндіруде екен. Осыған байланысты Бақытжан Әмірбекұлы қала тұрғындарын келесі аптада нысан иесіне қоршауды қайта құру және жүргіншілер жолын босату туралы нұсқама берілетінін ескертті.